Кәсібің – нәсібің. Бір кәсіпті игеру үшін, әлбетте, оқу орнында оқып, диплом алу керек. Бұл ретте мемлекет жас қазақстандықтарға тегін білім алуына жағдай жасап отыр. Сөзімізге дәлел болсын, биыл жоғары білім алуға бөлінген мемлекеттік грант саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда шамамен 17 мыңға көп.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан технологиясы қуатты елге айналу керек екенін, бұл үшін елдің болашағына техникалық саланың мамандары көптеп қажет болатынын айтқан-ды. Осыған орай 2022-2023 оқу жылына жоғары білім алуға берілген мемлекеттік білім беру грантының көп бөлігі техникалық мамандар даярлауға қарастырылған. Жалпы, алдағы оқу жылына бакалавриатқа 73 мыңға жуық грант бөлінді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, осыншама гранттың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, оның саны 17 794 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 10 810 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 9 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 6 288 грант тиесілі. Сондай-ақ техникалық бағыттарға ерекше назар аударылып, мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60%-ға дейін ұлғайды.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында білім беру грантының жаңа түрі анықталды. Бұл «Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты» деп аталады. Жаңа грант Атырау және Маңғыстау облыстарының 10 мың талапкеріне жоғары оқу орындарында білім алу үшін мақсатты грант алуға мүмкіндік береді. Мақсатты «Атырау-Маңғыстау» грантына конкурсқа биылғы мектеп түлектері қатыса алады. Бірақ олар бір уақытта жалпы конкурсқа, оның ішінде «Серпін» байқауына қатыса алмайды.