Аурудың қай-қайсысы болса да жақсы емес. Оның ішінде коронавирус деп жүргенімізге де екі жылдан асты. Сала мамандары сақтық шараларын сақтауға шақырады. Көпшілік жиналатын жерлерге бармауға үндейді. Бірақ қауіпті індетті қайтару үшін қатаң тәртіпке бағыну керек екенін түсініп жүргендер аз.
Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі мәліметіне сүйенсек, 19 571 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 1 472 пациент стационарда, 18 099 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 33 адамның жағдайы ауыр, 12 пациенттің жағдайы өте ауыр, 6 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Еліміз бойынша екпе алушылардың да қатары күн сайын артуда. Нақтырақ айтсақ, бірінші компонент 10 777 692 адам вакцина салдырды, екінші компонент – 10 506 711 адам алған. Ревакциналанғандар саны – 4 977 049 адам. Ал Pfizer вакцинасының бірінші дозасын 1 231 796 адам салдырса, екінші дозасын 1 179 694 адам салдырды. Оның ішінде бірінші компонент вакцина салдырған жасөспірімдер – 869 781, жүкті әйелдер – 41 334, бала емізетін әйелдер – 145 108. Ал екінші компонент салдырған жасөспірімдер – 850 809, жүкті әйелдер – 39 024, бала емізетін әйелдер – 140 438 адам.
Денсаулық сақтау министрлігі Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы Айдана Ергасен коронавирусқа қарсы вакцина алу аурудан қорғанудың бірден-бір жолы екенін алға тартты.
«Адам ең алдымен екі дозамен толық вакциналаудан өтуі керек. Содан кейін 6 айдан кейін иммунитет төмендей бастайды. Оны зерттеулер көрсетіп отыр. Сондықтан 6 айдан соң 3-дозаны, тағы 6 айдан соң 4-дозаны алуды ұсынамыз. Оның адам ағзасына кері әсері жоқ. Қайта коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитетті сақтап тұрады. Жаңа штамдардың шығуына тосқауыл болады», деді маман.
Елордада «Омикрон» және «Стелс-Омикрон» коронавирус штамдарына байланысты эпидемиялық жағдай нашарлап, қаланың «сары аймаққа» өткенін жазған едік. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері бірқатар шектеу шарасын қабылдады. Дәлірек айтсақ, науқаспен жақын байланыста болған адамдарды қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру, COVID-19-ға қарсы вакциналауға абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді және жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру, адам көп жиналатын орындарға (сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар, концерт залдары, театрлар, кинотеатрлар, стадиондар және басқа да спорт ғимараттары және т.б.) барған кезде, сондай-ақ 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда және тамақтану кезінде, қалалық қоғамдық көлікте жол жүрген кезде маска тағу, 10-нан аса адамның қатысуымен өтетін жиындарды онлайн форматқа көшіру ұсынылды.
Сонымен қатар елордалық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті барлық адамды еш себепсіз көп жиналатын орындарға бармауға, шектеу шараларын сақтауға шақырады.