20 шілдеден бастап кешенді тестілеуді 20 мыңға жуық талапкер тапсырды. Бір апта ішінде ережелерді бұзған 153 адамның тест нәтижесі жойылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кешенді тестілеу - ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, бір мезгілде бірнеше оқу пәндері бойынша өткізілетін емтихан нысаны. КТ жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген тұлғалар үшін өткізіледі.
153 үміткердің ішінде тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқан 89 адамның тест нәтижесі жойылды. Сондай-ақ емтихан кезінде ережелерді бұзған 61 адам емтиханнан шығарылды, ал бейнежазбаларды қайта тексеру нәтижелері бойынша тағы 3 адамның сынақ нәтижесі жойылды.
«КТ кезінде осы 3 тестіленуші смартфондарды пайдаланған, оған қоса емтихан материалдарын аудиториядан тыс жерлерге алып шыққан. Тестіленушілердің сертификаттары жойылды, ал тест сұрақтары базадан алынды. Барлық бейнежазбалар қайта қаралады», деді Р. Емелбаев.
FACE-ID жүйесінің арқасында тестілеуге кірген кезде басқа адамдар үшін КТ тапсыруға тырысқан 4 жалған тұлға анықталды.
«КТ-ға тіркелу кезінде тест тапсырушылардан ережелерді толық оқып, келісімді белгілеу сұралады. Осыған қарамастан, олардың кейбіреулері әртүрлі айла-амалдарды қолдануға тырысады. Сондықтан болашақ магистранттарды академиялық адалдық қағидаларын бұзбауға және сақтауға шақырамын», деп қосты Ұлттық тестілеу орталығының директоры.