Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлер қорында самаурынның сан алуан түрі бар. Қазір мұнда осы бұйымның 30-дан астамы сақтаулы тұр. Оның бірнешеуі музейдің «Этнография» экспозициялық залына қойылған.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, самаурындар бір-біріне ұқсамайды. Өйткені бұл бұйымның көлемі де әртүрлі, жасалуы да өзгеше. Соның ішінде ою-өрнегімен ерекшеленетін самаурынның бір ғасырға жуық тарихы бар. Оны XIX ғасырдың үздік туындысы деуге болады.
Бір қарағанда, кәдімгі самаурындар секілді болғанмен, тұрбасының өзі әсем өрнекпен безендірілген. Су құятын резервуарына металл түтік орнатылған. Сары жезден жасалған бұйымның биіктігі – 28 см, тұрбасының өлшемі – 23х8,5 см.
Бұл – көнеден жеткен жәдігер. Оны Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер одағының мүшесі, зергер, ұста Берік Әлібай тапсырыпты. Ол самаурынды астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Ауғанстан халықтарының антикварлық заттары павильонынан сатып алған.
Өнер иесінің айтуынша, самаурынды 1930-жылдары тағдырдың тәлкегімен Орталық Азиядан көшіп барғандар тұтынған. Соған қарағанда, бұл самаурыннан мыңғырған малы бар бір бай жантайып жатып шай ішті ме екен?
Атырау облысы