• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Шілде, 2022

Борхес пікірі

260 рет
көрсетілді

XX ғасырдың екінші жартысында Латын Америка әдебиетінде үлкен дүмпу орнады. Рубен Дарио мен Хосе Марти бастаған модерн бағыты өзінен кейінгі қаламгерлерге едәуір әсер етті. Әлем әдебиетін Габриэль Гарсиа Маркес, Хулио Кортасар, Октавио Пас, Хорхе Луис Борхес сары-жасыл елестерімен сырқаттап үлгерді. Жұмбақ лабиринттері мен құпия түстері арқылы баураған испантілді жазушылар магиялық реализм бағытында өнімді еңбектерді дүниеге әкелді.

Әңгімеміз латын америка жазу­шы­ларының ішіндегі дара саңлағы, данышпан, ыстығы ерінді күйдіріп, суықтығы кірпікті қаритын сом ең­бек­тердің авторы Борхестің пікірі жай­лы болмақ.

«Өлмес кітап қалдыру үшін адамда екі жол бар. Біріншісі – Құдай жолына, Киелі Рухтың жолына ша­қы­рудан бастау, бірден үлкен мақ­сатқа көшу. Гомер мен рапсодтар, бақ­сақ, осылай жасады. Сонымен бірге Улисстың саяхаттары, болашақ ұрпақ санасынан сызылмайтын том жазатынына сенген Мильтон; Тассо мен Камоэнс те осы жолдың бойында. Бұл жол ұлылықпен, паңдықпен, сөзуарлықпен, кейде іш пыстырарлық насихатпен шектеседі. Екінші жол – кейінгі дәрежелі мақсатқа көшу әрі күлкі шақырарлық жол. Мәселен, рыцарлық романға пародия жасау, әлдебір америкалық өзеннің шексіз кеңістігіндегі қайықта жүзіп жүрген қара нәсілді құл жайлы қызықты әрі мұңлы әңгіме ойлап табу немесе бүгінгі театр топтарының қажеттілігі үшін Плутарх пен Холиншед томдарында жазылған қанды сахнадағы пьесалардың өңін айналдырып беру».

Қысқаша алғанда, Борхес пікірі­нің негізгі ұстыны осы. Ендеше, өлмес кітап тудырудың бірінші тар­­ма­ғына назар салалық. Дабылы мың­жыл­дықтарға жеткен алпауыт шы­ғармалардың түпкі қазығы кие­лі кітап­тармен шектесіп жатады. Дан­тенің «Құдіретті комедиясы», Миль­тонның «Жоғалған жұмағы», Петрар­каның нұрлы сонеттері, Байронның «Қабылы», Гюго, Гете мен Толстой жарығы пікірімізге дәлел. Ал Хафиз, Руми, Фирдоуси, Рудаки, Аттар сынды Шығыс ақындарының соңын­да мәң­гілік маздақ оттай жарқырап Құран сөзі тұр.

Данте поэмасының түбірінде хрис­тиандық тәлімнің ізі жатыр. Жұмақ пен тозақты жырлау арқылы ақын зұлымдық жасағандарды тамұқта қандай жазаның күтетінін, ал керісінше әділ һәм тура жол ұстанушыларға Құдайдың мейірімі төгілетінін баян­дайды. Ал Мильтонның «Жоғал­ған жұмағында» Інжілде жазылған Эдем бағындағы Адам ата мен Хауа ананың оқиғасы жырланады. Мильтон адамзаттың жұмақтан қуылуының негізгі себепкері ретінде Адам ата мен Хауа ананы жылан кейпінде келіп азғырған ібілісті кінәлайды. Поэма сюжетінде жер жаралғанға дейін Құдайдың қарамағында жо­ғары лауазымға ие болған ібіліс Жаратушыға қарсы шығып бүлік тудырып, қараңғылықтың түкпіріне құлайды. Жеңілген, майрылған, қате­лігін мойындаудан алыстап, өкініп жалбарынбайды. Ібіліс аспанның қыз­меткері болғаннан, тамұқтың әміршісі болғанды құп көреді. Жақтастарын жинап, Жаратушыға қарсы күресін жалғастырып, Құдайдың кеңістігінде зұлым әрекетін жүзеге асырады. Ібіліс ерушілеріне Жаратушы жақында жаңа әлем құрып, оған періштелерімен тең дәрежеде жақсы көретін адамдарын жайғастыратынын айтады. Егер айла-әрекетке көшсек, жаңа әлемді жаулап алуға болатынын айтып Пандемониумда әскерлерінің мәжілісін өткізеді. Поэмада сәуле мен түнектің, ақ пен қараның тартысы мен талқысы бейнеленеді. Ібілістің адамзатты тәлкекке салған азғындық әрекеттері әшкереленеді.

Борхес пікіріндегі өлмес кітап қал­дырудың бірінші жолына Хафиз жырларын атауға болады. Хафиз сөзі Құран кітабын жатқа білушілерге берілер атақ. Шайыр діни біліммен ерте кезден сусындап, 18 жасында-ақ хафиз атанады. Қарапайым ғана өмір сүріп, қоршаған қоғамынан Чацкий секілді соққы көреді. Алайда ол Жаратқанның шексіз жолын тек өзінше ұғынып, шарап ішіп махаббатпен масайрады. Қуаныш пен нұрға толы жырларында Құран сөздері кездесіп жатады.

Борхес пікірінде көрсеткен екін­ші жолда Шекспирді мысалға кел­тіреді. Шекспир – өткен мен бола­шақты біріктіріп, туған тілінің сар­қылмас мүмкіндіктерін пайдалана отырып адамзат тағдырының әртүрлі нұсқаларын жасаушы. Сол арқылы адам жайлы мәңгілік аңыз, мәңгілік дастан қалдырған алып. Бір ғана «Гамлетті» мысалға алып көрелік. Жалпы Гамлет жұмбағы уақыт озған сайын басқа қырынан ашылып келеді. Трагедияның әр тар­мағынан драматургтың жоғарғы шеберлігі көрінеді. Пьесада Гамлеттің бір сәтте трагедиялық және батырлық қыры байқалады. Трагедияның бас­ты идеясы қоғамдағы жауыздық пен бейбастыққа қатаң күрес жүргізу, ешқашан немқұрайды қалмауға үн­дейді. Шекспир Гамлет арқылы адамды ұлылығы мен бағасынан айыратын барлық жөнсіздік пен жобасыздыққа қарсылық көрсетеді. Алғашында ыза отына жанған Гамлет алдаспан мінезін алға салып, әкесінің қазасы үшін кек алуды ұйғарады. Пьесаның ортаңғы тұсында кек оттығы кеңейіп, кейіп­кер өзіне ғана жасалған зұлымдық­тың бүкіл қоғам ішін жаулап алға­нын аңғарады. Одан соң әділет салтанат құруы үшін бүкіл қоғамды өзгертуге жолға аттанады. Ар мен ақиқат жолын талмай күзету арқылы ортасынан биікке самғайды.

Кегі қайда әкемнің?

Қорқақпын ба?

Қорлаушыға құлмын ба?

Таяқ жеу ме сыбағам?

Сақалымды жұлып алып,

Қайта шашса бетіме,

Меңіреумін бе мелшиер?

Біреу мені суайт деп

жазықсыз-ақ,

Суық сөзін көкірегіме сұқса ше?

Бар ма сондай? Қол қояйын.

Кептер сынды, бауырым бар да,

өтім жоқ.

(Хамит Ерғалиевтің аудармасы)

Ізгіліктің шамшырағын алып, ғапыл түнегіне қарсы аттанған Гамлет бейнесі ылғи да мазасыз, тымырсық, ширық атқан шерменде күйде. Бұл жалғыз Гамлеттің ғана емес, адамзат пайда болғалы туған саналы, зерделі перзенттердің жиынтық образы деуге болады.

Ғұмырын кітап «кеміруге» арнап, соңында өзі де энциклопедиялық кітапқа айналған Борхестің пікірінен туған бір уыс ойшоғыр, міне, осы, қадірлі оқырман.