• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Шілде, 2022

Еуропа Ресей газынан бас тартады

456 рет
көрсетілді

Ресей Nord Stream 1 (Солтүстік ағын – 1) газ құбырындағы турбинаға тосқауыл қойып, сол арқылы Еуропаға жіберілетін табиғи газ көлемін азайтуды көздеп отыр. Бұл қазірдің өзінде әлемдік газ бағасының шарықтауына себеп болды. Алда-жалда құбыр жабылатын болса, әлем әсіресе Еуропа елдері жылусыз, көгілдір отынсыз қалуы мүмкін. Бұған қарт құрлық әзір ме?

«Солтүстік ағын – 1» құбыры Санкт-Петербург маңындағы Ресей жағалауынан Германияның солтүстік-шығысына дейін 1200 шақырымға созылып жатыр. Балтық теңізінің түбі арқылы Еуропаға газ тасымалдайтын құбыр 10 жыл бұрын салынған. Сол уақыттан бері Ресейден Германияға тәулігіне 170 миллион текше метр газ жөнелтіледі. Құбыр Nord Stream AG мажоритарлық компаниясы басқаратын, Ресейдің мемлекеттік «Газпром» мекемесіне тиесілі. 

Жалпы, Германия газдың 55 пайы­зын Ресейден импорттайды және оның басым бөлігі Nord Stream 1 құбыры арқылы келеді. Қалған «көгілдір отын­ды» құрлық арқылы өтетін құбырлармен тасымалдайды. ВВС мәліметі бойынша шикізат көлемін одан әрі арттыру үшін Германия мен Ресей «Nord Stream 2» газ құбырын салуға келіскен еді. Бірақ Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін «Солтүстік ағын – 2» жобасынан Германия үкіметі бас тартты.

Бұған қоса мамыр айында «Газ­пром» Беларусь пен Польша арқылы өтетін және Германия мен Еуропаның басқа елдеріне газ жеткізетін «Ямал» газ құбырын жауып тастаған-ды. Соны­мен қатар маусым айының орта­сында «Газпром» Nord Stream 1 құ­быры арқылы жеткізілетін газ көлемін едәуір қысқартты. Қазіргі таңда тәулігіне шамамен 40 миллион текше метр газ ғана тасымалданып жатыр. Шілде айының басында Ресей жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екенін алға тартып, «Солтүстік ағын – 1» құбыр желісін 10 күнге жауып тастады. Еуропадағы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, құбыр ашылған соң «Газпром» шикізат жеткізу қуатын 20 пайызға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Осылайша, тасымал көлемі бұрынғы деңгейден екі есе азаймақ.

Бұл жаңалықтан соң еуропалық газдың көтерме бағасы бір күн ішінде 10 пайызға бірден секірді. «Көгілдір отын» құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 450 пайызға қымбаттаған. «Дәл қазір нарық тұрақ­сыз болып тұр. Тасымалдағы кез келген үзіліс газ бағасының бірден бір­неше есеге шарықтатады. Бұл Еуропа экономикасының құлдырауына әкелуі әбден мүмкін», дейді Crystol Energy аналитикалық компаниясының бас директоры Кэрол Нахле ВВС-ге берген сұхбатында.

«Газпром» мұның себебін техни­калық ақауларға байланысты деп түсіндіреді. Бірақ Еуропадағы шенеу­ніктер бұл «сылтауға» сенбейді. Гер­мания үкіметі «газ көлемін шектеуге техникалық себептер жоқ» деп мәлім­деді. Еуропалық одақ Ресей үкіметін газды саяси қару ретінде пайдаланып отыр деп айыптады.

«Мұның астында саяси жоспар жатыр», деді Еуроодақтың энерге­ти­калық саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кадри Симсон. Украина президенті Володимир Зеленский мұны «Ресейдің біртұтас Еуропаға қарсы жүргізген ашық газ соғысы» деп атады. «Ресей газды қару ретінде көбірек пайда­ланады. Ол әлі де энергетикалық дер­жава екенін және Еуропаның өзіне қарсы салған санкцияларына жауап қайтара алатынын көрсетуге тырысып жатыр», дейді ВВС арнасына берген сұхбатында Energy Institute (Лондон) сараптама орталығының зерттеушісі Кит Дориан.

Қалай дегенмен, Ресей Еуропаға газ экспорттауды кез келген сәтте тоқ­­татуы ғажап емес. Көгілдір отын көлемін бірден азайтып жібергені осы­­ның бір дәлелі. Қазір Еуропа Ре­сейге тәуелді болмай, халықты газ­бен қамту жолдарын іздестіруге кірісті. Мәселен, Украинада қақтығыс баста­лы­сымен Германия Норвегия мен Ни­дер­ландтан газ жеткізуге талпынып жатыр. Energy Institute сараптама орта­лығының зерттеушісі Кит Дориан­ның айтуынша, Германия сондай-ақ Қатар мен АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ­ды импорттау үшін бес қалқымалы тер­минал сатып алған. Мұндай құрыл­ғыларды портты қалаларға орнатпақ.

Дегенмен бұл – ұзақ уақытқа созы­латын процесс. Ресей газ жеткізуді аяқ астынан азайтып тастады. Демек мәселе де тез әрі дәл қазір тиімді болатын шешім қабылдауды талап етіп отыр. «Қалқымалы терминал сатып алғанымен түйткілдің түйіні тарқамайды. Жағалаудан Германияның қалған бөлігіне жаңа құбырлар салу қажет. Бұл бірнеше айға тіпті жылға созылуы мүмкін. Сондай-ақ Германия секілді ресейлік газға тәуелді болып келіп, енді оны жеткізу көздерін күрт өзгерте алу мүмкін емес», дейді Crystol Energy аналитикалық компаниясының бас директоры Кэрол Нахле.

Еуропаның басқа елдері де энер­гетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің баламалы жолдарын іздей бас­тады. Италия мен Испания Алжирден көбірек газ импорттауға талпынып жатыр. Сондай-ақ Германия бір кез­дері пайдаланудан бас тартқан көмір өндірісін ұлғайтуды қолға алған. Қор­шаған ортаға тигізетін әсеріне қара­мас­тан, жауып тастамақ болған электр стансаларының қызметін жандан­дырмақ. Олардың жұмыс істеу мерзімін ұзартып, қайта іске қосуды жоспарлап отыр.

«Әр ел шама-шарқынша қолынан келетін іске кірісті. Өйткені халықтың сұранысын орындау керек, елді тығы­рықтан шығару қажет. Энергетика тапшылығын шешу үшін де қолда бар­дың бәрін пайдалану керек», дейді Кит Дориан.

Бүгінде Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер газ пайдалануды 15 пайызға қысқарту туралы келісім әзірлеген. Energy Institute сараптама орта­лығының зерттеушісі Кит Дориан­ның сөзіне сүйенсек, көптеген еуропа­лық қазірдің өзінде үйді жылумен қам­тамасыз етудің балама әдістерін іздестіріп жатқан көрінеді. Мәселен, Германия тұрғындары ағаш жағатын пештер­ді сатып алып, аулаларына күн бата­реяларын орнатуға кіріскен. Сарап­шылардың пайымдауынша, тұрғындар бұл мәселенің мәнісін түсініп, газ тұтынуды азайту үшін қолдан келер іс-шаралар атқарып жатыр.

The Guardian газетінің келтірген мәліметтеріне сай, Берлинге импорт­талатын газ көлемінің үштен бір бөлігі, Францияға шамамен бестен бір бөлігі Сібірден келеді. Қазіргі кездегі мәлімет бойынша неміс қоймасындағы газдың қоры 65 пайызды құрайды. Үкімет елді биылғы қыстан шығару үшін алдағы қараша айының басына дейін қойманы 90 пайызға толтыруды мақсат еткен болатын. Көгілдір отынның жеткізілу көлемі азайғанда бұл жоспарды орындау екіталай.