Іргедегі елге салынған санкциялардың салдары Қостанайдағы көлік компанияларына да тиіп жатыр. Бұл кәсіпорындардың алысқа тауар тасымалдайтын ауыр көліктері біраздан бері жүк таппай, жұмыссыз қаңтарылып тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, өз компанияларын Қазақстанда уақытша тіркеуге қойып алған Ресей мен Беларусьтегі бәсекелестері санкцияларды айналып өту үшін көк туды жамылып алып, Еуроодақ мемлекеттеріне емін-еркін жүк тасып жүр.
Жоғарыда аталған еншілес екі ел Батыс Еуропаға жүк тасу құқынан айырылғанда, отандық жүк тасымалдаушылар енді олардың орнын біз басатын шығармыз деп үміттенген. Беларусь пен Ресейде тіркелген жүк көліктеріне кіруге тыйым салған бесінші санкция пакетінен кейін қазақстандық компаниялар үшін әуелде Еуропаның есігі айқара ашылатындай болып көрінгені рас. Осылайша, жүк жеткізу қызметінің бағасы күрт өсіп, көптеген компания экспортқа шығуға қамдана бастаған. Бірақ күтпеген жерден көлденең кедергілер кес-кестеп шыға келді. Ең алдымен өзге мемлекеттерге кіруге мүмкіндік беретін шетелдік рұқсат бланкілері жетпей қалды. Ақыры Батыстағы бәсекелестеріне есе жіберген қазақстандық жүк тасымалдаушылардың көбі нарықтан шет қалды.
– Ресей мен Беларусьтің ауыр жүк көліктеріне Еуропаға кіруге тыйым салынған кезде, олар Ресейден Қазақстанға жүк тасымалдай бастады. Бұрын бұл бағыттағы жүктерді біз таситынбыз. Бірақ Ресей көлік комитетінің өз кәсіпкерлерін қолдау үшін тауарды ең бірінші кезекте тек ресейлік көліктерге жүктеу туралы жариясыз нұсқауы бар. Тиісінше, біз олардың орнына Еуропаға жүк тасымалдауды жоспарлап едік, өкінішке қарай, рұқсат бланкілерінің тапшылығына тап болдық. Еуропаға өтуге рұқсат беретін бланкілер Қазақстанда уақытша тіркелген Ресей мен Беларусьтің көлік компанияларына тиесілі сары нөмірлі жүк көліктерінен артылмай қалды. Құзырлы органдар мұның бәрі заңды, олар бізге салық төлейді деп отыр. Бірақ бұл көліктердің бәрі – шетелдікі, ол жүргізушілердің барлығы тапқан ақшасын біздің елге емес, шетелге жұмсайды ғой. Рейс жоқ болған соң, жүргізушілерімнің 70%-ы жұмыстан шығып кетті, – дейді Asia Trans Plus компаниясының басшысы Алдан Менкенов.
Ол осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша көлік саласы мен логистиканы дамытуға бағытталған 6 пайыздық жеңілдетілген несие алыпты. Мұндай несие жай беріле салмайды, бүкіл дүние-мүлкін кепілдікке қойған. Ал қазіргі жағдайда несиені төлеудің өзі қиындап бара жатса керек. Сондықтан кепілдікте тұрған дүниемнен де айырылып қаламын ба деп те қауіптенеді екен.
Қостанайға іргелес жатқан Тобыл қаласының шетіндегі ауыр жүк көліктеріне арналған автотұрақта біздің елде уақытша тіркелген сары нөмірлі белорус рефрижераторларын жиі көруге болады. Санкцияға байланысты Қазақстанға уақытша тіркеуге тұрғаннан кейін олардың алдынан табысы жоғары батысқа апарар жол қайта ашылды. Беларусьтер кәрі құрлыққа бұрыннан жүк тасып үйренген. Олармен батыс жолына талас-бәсекеде біздің көлік компанияларының есе жіберіп алуы заңды да. Өйткені Еуроодақ елдерінде өтуге рұқсат бланктер тәжірибесі бар, сенімді жүк тасымалдаушыға бірінші беріледі. Мысалы, былтыр 20 рұқсат бланкін алған жүк тасымалдаушы жұмысын тиянақты атқарып, міндетін өз мерзімінде өткізіп берсе, келесі жылы оған тағы осыншама бланк беріледі. Яғни Беларусь жүргізушілері қазіргі бланктерін былтыр алып алған десе болады. Ал батыс жолына шығуға биыл ғана талпыныс жасап жатқан қазақстандық компаниялар тек беларусьтерден артылған бланктерге ғана үміт арта алады.
– Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында біздің облысқа 6 500 бланк бөлінген. Биыл дәл осы кезеңде 9 500 бланк бөлініп отыр, яғни 40% өсім бар. Бірақ тасымалдаушы компаниялар да күрт көбейді. Мысалы, өткен жылы Қостанай облысында 54 тасымалдаушы тіркелген болса, қазір олардың саны 132-ге жетті. Өсім тек Беларусь және Ресей компанияларының есебінен болып жатқан жоқ. Сары нөмірмен шетелдік көліктер ғана жүрмейді. Лизингте тұрған өзіміздің автомобильдер де бар. Сондықтан қостанайлық көлік компаниялары негізсіз бекер дүрлігіп жатыр деп ойлаймын. Біздің компаниялар Беларусь пен Ресейдегі геосаяси жағдайды пайдаланып табысын еселегісі келген сияқты. Бірақ Еуроодақ елдеріне жүк тасымалдау белгілі бір тәжірибені қажет ететінін ескермеді. Мысалы, біздің кейбір жүргізушілер Литваға рұқсат бланк алған. Бірақ визасы жоқ. Ал 50 күннен кейін рұқсат бланкісін тапсыруға тиіс. Виза әлі ресімделмегендіктен, оған үлгеру мүмкін емес. Нәтижесінде, жүргізуші рұқсат бланкісін не өзі қолданбайды, не басқаға бермейді. Осындай ойланбай жасалған әрекеттердің салдары келесі жылы оның өзге әріптестеріне тиеді. Мысалы, егер биыл Литваға берілген 500 бланктің 50-не айыппұл салынса, келесі жылы облысқа бөлінетін бланк те азаяды, – дейді облыстағы көліктік бақылау испекциясының маманы Тимур Азан.
Жүк тасымалдау саласында көптен бері жұмыс істеп келе жатқан Sv Trans Logistics компаниясының басшысы Валерий Сусаренконың айтуынша, рұқсат бланкіні пайдалануға берілген 50 күн өте аз. Бұл мерзім ішінде жүкті апаратын жеріне апарып тапсыру тәжірибелі жүргізушілер үшін де өте қиын. Шекарада ұзақ кезек күтіп тұрып қалған немесе көлігі бұзылып, жолда бөгеліп қалған жүргізушілер келесі жылы бланкіні биылғысынан кем алады. Сондықтан кәсіпкерлер 2 жылдан бері бланк мерзімін 70-90 күнге дейін созуды талап етіп келеді. Мұның сыртында, рұқсат бланктері қат болып кеткен соң, оны алыпсатарлар да көбейген.
– Біз бұл мәселені барлық деңгейде бірнеше мәрте көтердік. Шетелге жүк тасуға рұқсат беретін бланкінің ресми құны шамамен 3 мың теңге тұрады. Ал алыпсатарлар оны жүк баратын мемлекетке байланысты 200 доллардан 1 000 долларға дейін саудалайды. Біз пайдаланатын чаттарда мұндай ұсыныс толып жүр. Мұндай рұқсат бланкілерге қол жеткізу үшін алыпсатарлар бірден бірнеше өңірде не көлігі, не жүргізушісі жоқ бір күндік фирмаларын тіркеуге қояды. Олар өз таныстарының көлік құжаттарын пайдаланады. Бланк берудің электронды жүйесі пайда болғанда қызмет ашық жүріп мәселе біршама реттеліп қалып еді, бірақ алыпсатарлар бұдан да жол тауып алды. Менің ойымша, бұл мәселені түбегейлі шешудің бір-ақ жолы бар, өзге елдердегідей, жаңа ашылған көлік компанияларына тек 3 жылдан кейін ғана экспортқа тауар тасымалдауға рұқсат берілуі керек. Алыпсатарлық сонда ғана сап тыйылады, – дейді Sv Trans Logistics компаниясының басшысы Валерий Сусаренко.
Қазір В.Сусаренко басқаратын компанияға тиесілі көліктердің 80 пайызы жұмыссыз тұр. Компанияның ауыр жүк әкеле жатқан 10 шақты көлігі Ресейде рұқсат бланкісін күтіп қаңтарулы тұрғанына да біраз болған. Жүк тасымалдау саласында қордаланып қалған күрмеулі мәселенің біразын термелеп шыққан кәсіпкер қазір оған кінәлілерді іздеуге уақыт тапшы екенін, сондықтан жүргізушілерге ауадай қажет болып тұрған бланк мәселесі жедел шешілуі керегін айтады. Мұны кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қолдап отыр.
– Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – шетелдік рұқсат бланкілерінің санын көбейту. Олардың әділ бөлінуін қатаң қадағалау. Бұл мәселені бірнеше елдің Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктерінің деңгейінде қарастыру керек. Мұның сыртында, рұқсат бланкілерін беру ережесін де өзгерткен абзал, – дейді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Роберт Юсупов.
Ал келісімшартқа былтыр отырған кейбір компаниялардың жүк көліктері тоқтаусыз жүріп жатыр. Бірақ тапсырыс берушілер оларға қызмет бағасын арзандатамыз деген хабар жіберіпті.
Қостанай облысы