Парламент депутаттары халықтың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында еліміздің аймақтарын аралап жүр. Төменде бір топ сенатордың кездесулері туралы ақпараттарды ұсынып отырмыз, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қонаев қаласында болып, энергетика, кәсіпкерлік, ауыл және балық шаруашылығы саласындағы нысандарды аралады. Сенатор «ЛСТ Агро» жылыжай кешенінің жұмысымен және өнім өндіру үрдісімен танысты. Ол осы өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама жүзеге асып жатқанын айта келіп, аймақтың табиғаты көкөніс дақылдарын өсіру үшін өте қолайлы екенін және салаға жаңа серпін беру қажетін атап өтті.
Ақылбек Күрішбаев өңірдегі «Оспанова Девелопмент» ЖШС балық шаруашылығы кешенінде де болды. Ол балық өнімдерінің импортын қысқартуға және инновациялық жобаны іске асқаннан кейін экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сенатор сондай-ақ Іле өзенінің Қапшағай шатқалында орналасқан су-энергетика кәсіпорны жұмысымен танысты.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Дүйсенғазы Мусин, Мұхтар Жұмағазиев, Әбдәлі Нұралиев және Сұлтан Дүйсембинов Шығыс Қазақстан облысына барды.
Сенаторлар жұмыс сапары барысында Ұлан ауданындағы «OST Fish» ЖШС балық шаруашылығының қызметімен танысты. Балық шаруашылығының басшылары бекіре балықтарын өсіру мен азықтандырудың ерекшеліктері, уылдырық өсіру мен алудың технологиялық процесі туралы сенаторларды хабардар етті. Парламентшілер сонымен қатар Алтай өңіріндегі агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен аймақтағы фермерлік шаруашылықтарды аралап, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жай-күйін көріп шықты. Сенаторлар ауданның еліміздің аграрлық секторы мен ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Долинное, Алғабас, Теректі ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Депутаттар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жұмыстары туралы хабардар етті. Долинное және Алғабас ауылдары тұрғындары әлеуметтік нысандарды газдандыру, балабақша ғимаратын күрделі жөндеу, ауылға ауыз су тарту мәселесін қозғады. Сенаторлар аудан орталығының тұрғындарымен кездесуде аудандық емхана мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын талқылады. Жаңа өмір ауылы тұрғындары үй құрылысына арналған жер телімдеріне электр желілерін қосуға, мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға және қосымша жедел жәрдем көлігін бөлуге көмектесуді сұрады.
Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Бөрлі ауданына да атбасын бұрды. Сенаторлар Жарсуат, Приуральное және Облавка ауылдарының тұрғындарымен кездесуде ауыз су, жер қатынастары, кентішілік жолдарды жөндеу, электр желілерінің тозуы, Облавка ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пен мектеп салу мәселелерін талқылады. Депутаттар ауылдағы өзекті мәселелер тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдардың назарына жеткізілетінін атап өтті. Парламентшілер сонымен қатар құс және егіншілікпен айналысатын «Жарсуат» ЖШС қызметімен, мектеп пен желкенді антенна құрылысының барысымен танысты. Депутаттар сондай-ақ Амангелді – Успенская және Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясы шекарасы жолдарының құрылысын сапалы салу қажеттігін атап өтті.
Ләззат Сүлеймен Жетісу облысына жұмыс сапары барысында Сарқан және Алакөл аудандарында болып, жергілікті халықпен және әкімдіктерінің өкілдерімен кездесті. Сенатор Сарқан ауданының өкілдерімен кездесуде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді азаматтарға уақытша пайдалануға беру, тұрғын үйлер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ғимараттарын күрделі жөндеуге қаржы бөлу мәселелерін талқылады. Ал аудан тұрғындарымен кездесуде бос тұрған «Қазпошта» АҚ ғимаратын жастар спорт секциясын ашу үшін аудандық коммуналдық меншікке беру, жайылымдық және суармалы жерлерді бөлу, қоқыс жинау және қайта өңдеу, медициналық көмек көрсету және әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді. Депутат Алакөл ауданында «Дипломмен ауылға» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларының жүзеге асуы және мәдениет үйінің салыну барысымен, сондай-ақ облыстың шалғай ауылдарындағы шаруа қожалықтарының қызметімен танысты.
Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына сапары барысында қайта жөндеуден өткен «Металлург» стадионында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Заманауи стадионда әкімшілік ғимарат, асхана, командалық ойындарға арналған спорт залдары, спорттық тренажерлар мен ойын алаңдары қарастырылған. Жобалық жоспарға сәйкес, «Металлург» стадионын қайта жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Сенаторлар сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесіп, сенатқа Шымкент тұрғындарынан келіп түскен өтініштерді талқылады.
Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы мен қалалық әкімдіктің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де болып, басқарма және орталық қызметкерлерімен кездесті. Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшылығы мен қызметкерлері сенаторға құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Андрей Лукин өз кезегінде Палатаның заңнамалық жұмысы туралы кездесуге қатысушыларды жан-жақты хабардар етті. Депутат сонымен қатар «Қамқор» орталығында көрсетілетін қызметтермен, оның материалдық және техникалық жабдықталуымен танысты.