• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Шілде, 2022

Данышпан

476 рет
көрсетілді

Гений сөзі орыс тілінен «данышпан» деп аударылады. Данышпан – таланттан жоғарғы дүние. Яғни асқынған талант, асқан талант. Әлбетте, бұл сөзді сирек қолданамыз. Бүгін қос данышпан – Ван Гог пен Эдгар По жайын сөз етпекпіз. Егер данышпан сөзін қолдануға болатын екі суретшіні атар болсақ, бірі – Сальвадор Дали, бірі – Ван Гог болар еді. Ал бірін атар болсақ, қырман басындағы қарауылдай қарауытып Ван Гогтың жалғыз өзі қалар еді.

Ван Гог

Суретшінің барлық суретіне нақты бір баға беру мүмкін емес. Сонымен бірге Ван Гог қандай да мемлекеттің мәде­ниетіне тоғытылып, өлшемге қамалатын тұлға емес, оның өнері жалпы адамзаттың кеңістікке ие. Яғни өнері­нің жергілікті мекен-жайы жоқ. Эль Греко, Леонардо, Гольбейну, Пикассо сынды ол қашан да орын ауыстырып, шығармашылығына қолайлы, жерұйық өңір іздеді. Ван Гогта ешқашан тұрақты жеке үй болмады. Әдетте, суретшіге өзінің жұмыс жасар бөлмесі болғаны жөн. Рабле қиырларды шарлап жүрді, Вийон кезбе болды, бірақ олардың қағазы мен қаламы қалтасында еді. Алайда суретші керек-жарағын арқасына асып кеңістіктер арасын шолып жүруден жалықпады. Тұтас өмірін шығармашылық мұрат жолында сарп етіп,  іргелі шығармаларды дүниеге әкеліп отырды. Нақты деректерге сүйенсек, суретші 1890 жылы 37 жасында өз-өзіне суық қарумен қол жұмсап, көз жұмады. Тағы бір деректерде әлдебір ойын ойнау үстінде Рене Секретан атты бала суретшіні оқыс көздеп атып жіберген деген пікір бар. Ғалымдар Ван Гогтың қаза болған жерін куәлікке келтіріп, суретшінің өзін өлтіргенін толықтай жоққа шығарады.

Эдгар По

Эдгар По 1809 жылы Дэвид пен Элизавет атты актерлердің отбасында дүниеге келді. Біршама жылдан соң әкесі алкоголизмнан зардап шегіп, отбасын тастап кетуге мәжбүр болады. Мұнымен қоса Эдгардың бала күнінде-ақ анасы құрт ауруынан қаза табады. Жетім қалған ақынды Ричмонд қаласында тұратын бай саудагер Джон Аллан мен оның жұбайы Франсес қамқорлығына алады. Осыдан соң Эдгар тегіне «Аллан» есімі жалғанады. Алайда бай көпестің отбасына келген Эдгар Поның жағдайы жақсарып кеткен жоқ. Өз бетінше қаржы табуға талпынған ол құмар ойынға белшесінен батып, университетті тастап кетуіне тура келеді. Бұл оқиға өкіл әкесімен қарым-қатынасына едәуір деңгейді кедергі келтірді. 1827 жылы По әскер қатарына жазылып, онда екі жылын өткізеді.

Эдгар По өлеңдері мистикалық, магиялық сарынға толы. Ол өзінен кейінгі буынға ерекше әсер етіп, оған еліктеушілер көптеп танылды. «Аннабель Ли» өлеңі – небәрі 23 жасында құрт ауруынан көз жұмған ақынның махаббатына арналған. Өлеңді орыс тіліне Бальмонт, Брюсов сынды ақындар аударған. Рогов нұсқасы – аударманың сапалы, сиқыры мен шалығы сақталған соңғы нұсқа болып саналады. Эдгар ғұмыр бойы алкагольге тәуелділіктен зардап шекті. Вирджинии Клеммен отау құрғаннан соң оны тұрмыс тауқыметі тұс-тұстан қыспаққа ала бастайды. Алкогольге деген толассыз құмарлығы тек әйелі Вирджинидің оқыстан көз жұмуынан соң бәсеңси бастайды. Қоғамға ешқашан ішпейтінін жариялап, мас қылатын құралдармен ашық айқасқа түседі. Эдгар По өмірі тылсым мен жұмбақ құбылыстарға толы. Шығармашылығымен танысқан жан сөзіміздің шындығына көз жеткізері анық.