Ташкентте Өзбекстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация қатысты.
ШЫҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары биыл қыркүйекте Самарқанд қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне дайындық шеңберінде ұйым қызметінің түрлі бағыттарындағы өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, оның халықаралық және өңірлік істердегі рөлі мен орнын арттыруды талқылады.
Тараптар ШЫҰ-ның өзара сенім мен пайданы, теңдікті, өзара консультацияларды, мәдениеттердің алуан түрлілігін құрметтеуді және бірлесіп дамуға ұмтылысты іске асыратын «шанхай рухына» сүйене отырып, құрылған сәтінен бастап 21 жыл ішінде қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінің ықпалды қатысушыларының бірі ретінде орныққанын атап өтті.
Өз сөзінде Сыртқы істер министрлігінің басшысы Қазақстан Ұйым мемлекеттерімен ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша жан-жақты өзара іс-қимыл бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға ниетті екеніне тоқталды.
«Өткен жұмыс жылдарында ұйымның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған бірлескен іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырдық. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің үшінші онжылдығында өте күрделі әлемдік процестердің аясында кіреді. Осының аясында ШЫҰ тұрақтылық пен даму кеңістігі болып қала беретінін атап өту қуантады», деді М. Тілеуберді.
Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Үндістан сыртқы істер министрлері Самарқанд декларациясы саяси құжатының жобасын қарап, негізге алды, сондай-ақ Ұйымның ағымдағы қызметі бойынша бірқатар басқа шешімге қол қойды.
ШЫҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Иран Ислам Республикасының міндеттемелері туралы Меморандумға қол қою туралы мәселені мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына енгізу туралы шешім қабылдады.
Министрлер ШЫҰ-ның Мысыр Араб Республикасымен, Сауд Арабиясы Корольдігімен және Қатар мемлекетімен диалог бойынша әріптес мәртебесін беру туралы меморандумдарға қол қойылуын құптады.
Жиыннан кейін ШЫҰ елдері делегацияларының басшыларын Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қабылдады. Сұхбат барысында өңірдегі ахуал мен ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл жөніндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ Ұйымның алдағы саммитіне дайындық барысы қозғалды.
Іс-шара аясында Қазақстан СІМ басшысы М.Тілеуберді Қытай Сыртқы істер министрі Ван И, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманиян Джайшанкар, Пәкістан Сыртқы істер министрі Билавал Зардаримен екіжақты бөлек кездесулер өткізді. Сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минмен де келіссөздер өткізілді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын және көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.
Қытай Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесу барысында М.Тілеуберді бірқатар мәселені талқылаған. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Бейжің билігі Қытай-Қазақстан ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, белдеу мен жолдың жоғары сапалы құрылысын басты міндет етіп қоюға дайын екенін білдірген.
Ван И биылғы ақпанда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемісті кездесу өткізгенін және Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының тағы да 30 жылдық алтын кезеңін құруға, екіжақты байланыстарды ұзақ мерзімде дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізген.