Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы коронавирус бойынша санитарлық-эпидемиялық ахуал бірінші кезекте қаралды.
Елордадан басқа өңірлердегі ахуал тұрақты
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз баяндамасында әлемде коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуі жалғасып жатқанын және зерттелген үлгілердің 95%-ын құрайтын «Омикрон» штамы басым нұсқа болып қалып отырғанын атап өтті. 20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ-мен сырқаттанушылық арта бастады. Соңғы екі аптада ауырған адамдар саны 3,2 есеге өсті – 10 714-тен 34 550 жағдайға дейін. Министрдің айтуынша, ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, уақтылы КВИ-ге қарсы ревакциналаумен қамту қажет екенін көрсетеді. Бүгінде ревакциналауды 5 млн-нан астам адам алды, бұл тиісті контингенттің 68%-ын құрайды.
Ресми статистикаға сәйкес елімізде пандемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясымен 1 млн 400 мыңнан астам адам ауырып, аурудың 5 толқыны болды. 20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ-мен сырқаттану арта бастады. «Соңғы екі аптада ауырған адамдардың саны 3,2 есеге өсті. Өткен тәулікте КВИ-дің оң нәтижесімен 2 021 жағдай, КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 жағдай тіркелді, өлім-жітім тіркелген жоқ», деді Денсаулық сақтау министрі.
Эпидемиялық жағдайды бағалау үшін Омикрон нұсқасының сипаттарын, денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені және саланың дайындығын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылғы 15 шілдеден бастап сырқаттанушылық көрсеткішін 100 мың тұрғынға шаққандағы ауруханаға жатқызу көрсеткішіне ауыстыра отырып, ағымдағы матрицаны өзектендірді. Ведомство басшысының айтуынша, бағалау матрицасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы – сары аймақта, Қазақстан Республикасы және қалған өңірлер жасыл аймақта тұр.
Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың өсуі маусым айының ортасынан бастап тіркелуде, аурудың ең көп өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады, онда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 5 есе және одан жоғары өсті, оның ішінде Ақтөбе облысында – 8,2 есе, Батыс Қазақстан облысында – 6,7 есе, Қарағанды облысында – 6,4 есе, Павлодар облысында – 6,3 есе, Ақмола облысында – 6,1 есе, Қостанай облысында – 5 есе көтеріліп отыр.
Ажар Ғинияттың айтуынша, сырқаттану 3-тен 5 есеге дейін өскен өңірлердің екінші тобына республиканың 5 өңірі енді. Сырқаттанудың 3 есеге дейін өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады. Соңғы аптада Алматы қаласында КВИ бойынша эпидемиялық ахуал тұрақтанды. «Бүкіл әлемдегідей Омикрон ВА.5 штамының нұсқасы тудырған COVID-19-дың кезекті толқыны осы жылғы шілдеде елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70%-да анықталды. Бұл нұсқа жоғары жұқпалығымен сипатталады және Дельта нұсқасымен салыстырғанда ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Бұл науқастардың 94%-дан астамы амбулаториялық жағдайда емделетінімен де расталып отыр», деді А.Ғиният.
Стационарлық ем қабылдайтын пациенттерді талдау кезінде 36%-ы 18 жасқа дейінгі балалар, 64%-ы ересектер екені, ал ауырған барлық адамдардың 52%-да қосалқы созылмалы аурулары бар екені анықталды. «Өткен жылмен салыстырғанда КВИ-ге күдікті жедел медициналық көмекке шақырулар саны 3,7 есеге азайғанын атап айтқым келеді. Бұл көрсеткіш те аурудың жеңіл түрде өтіп жатқанын айқындайды», деді Денсаулық сақтау министрі.
Бүгінде инфекциялық төсектік орынмен қамту 30%-ды немесе науқастар саны 1 500, реанимациялық төсектік орынмен қамту 7%-ды немесе науқастар саны 47-ні құрайды. Ведомство басшысы төсектік орын қорының қозғалысын бақылау онлайн режімде жүргізілетінін атап өтті. «Төсектік орынмен қамтылуды қадағалау үшін интерактивті карта онлайн режімде өңірлер бойынша медициналық ұйымдар деңгейіне дейін ахуалды бағалауға және жедел ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл әкімдіктерге, денсаулық сақтау басқармаларына қолжетиімді және күнделікті шешім қабылдауға ыңғайлы», деді А.Ғиният.
Шектеу шаралары инфекцияны оқшаулауға бағытталады
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және тұрақты негізде уақтылы эпидемияға қарсы шаралар қабылдау мақсатында өңірлермен ахуалды бағалау бойынша штабтар өткізіп, жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдауда. Сонымен қатар халықты ақпараттандыру мақсатында брифингтер, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде медицина саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен кездесулер де өткізіледі. «КВИ медициналық ұйымдардың дайындығы тұрақты негізде қамтамасыз етілуде, бүгінде 189 медициналық ұйымда 5 мыңнан астам ковидтік төсектік орын, 620 реанимациялық төсектік орын, резервте 20 мыңнан астам төсектік орын бар. БМСК деңгейінде 5 700 ұйым және 2 400-ге жуық көшпелі мобильді бригада, оның 1 мыңнан астамы ауылда медициналық көмек көрсетуде. Резервте 1 610 мобильді бригада бар», деп атап өтті министр.
Ведомство басшысының хабарлауынша, ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, уақтылы КВИ-ға қарсы ревакциналаумен қамту қажет екенін көрсетеді.
А.Ғиният республикада ревакциналау одан әрі жалғасып жатқанын айтты. Бүгінде ревакциналауды 5 млн-нан астам адам алды, бұл тиісті контингенттің 68%-ын құрайды.
Сонымен қатар коронавирус инфекциясының өсуіне байланысты, эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасының өзектенуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі аймақтар бойынша шектеу шараларын қайта қарады және бұл шараларды Ведомствоаралық комиссия мақұлдады. Мәселен, жасыл және сары аймақтарда шектеу шаралары бизнес объектілерінің қызметін шектемей, инфекция көзін оқшаулауға бағытталған. Яғни объектілерде санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті күшейту, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте медициналық маска тағу ұсынылады. Қызыл аймақта шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесіне байланысты екі кезеңмен қабылданады. Бірінші кезеңде – R>1 болғанда және 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 25,0-ден 50,0-ге дейін болған кезде: бизнес шектеусіз жұмыс істейді, жабық үй-жайларда, көліктің барлық түрінде міндетті түрде маскалар пайдаланылады.
Екінші кезеңде R-ға қарамастан, 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50,0-ден астам болған кезде: объектілерде «Ashyq» қосымшасы міндетті түрде пайдаланылады, көпшілік іс-шараларды өткізуге байланысты бизнес объектілерінің толымдылығы 50%-ға дейін шектеледі, білім беру ұйымдарына қосымша шектеулер енгізіледі, ұйымдар қызметкерлерінің 30%-ы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысады. Қызыл аймаққа көшу және шектеу шараларын енгізу бизнестің және халықтың профилактикалық шараларды ұстану жағдайына байланысты болады.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, сары аймақтағы Нұр-Сұлтан қаласында үй-жайларда көп адам қатысатын көпшілік іс-шаралар өткізіледі және медициналық маска тағу, әлеуметтік қашықтық талаптары сақталмайды. Бұл елордада инфекцияның одан әрі таралуына алып келіп отыр. «Эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру және бизнестің шектеусіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бизнес объектілерде санитарлық-дезинфекция режімін сақтау және халықтың қызметтер алу кезіндегі қауіпсіздігін сақтау қажеттілігі туралы тағы да қайта еске саламыз», деп түйіндеді А.Ғиният.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов жалпы коронавирус инфекциясын жұқтырудың көбейгені, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды облысында байқалып отырғанын атап өтті.
«Күн сайын республика бойынша 3 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Бұл – жоғары көрсеткіш. Сондықтан, Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шектеу шараларын күшейтті, олар өңірлермен және «Атамекен» палатасымен алдын ала келісілді», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.
«Маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты алдын алудың негізгі шаралары қатаң сақталуы керек. Вакциналау мен ревакциналаудың төмен қарқыны эпидемиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Сондықтан әкімдіктерге халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын жандандыруды тапсырамын», деп түйіндеді Премьер-Министр.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы
Үкімет отырысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық жобаның мақсаты тұрғындардың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды әрі көлік байланысын жақсарту, сондай-ақ елдің транзиттік әлеуетін және халықтың мобильділігін арттыру екенін атап өтті.
Ұлттық жобаны 2021 жылы іске асырудың нәтижесінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96%-ды құрады (қалаларда – 98%, ауылдарда – 93%), моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6%-дан 45,5%-ға дейін төмендеді, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нормативтік жай-күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90%-ға дейін (жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 80%-ға дейін) өсті, сондай-ақ 112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылды.
Биыл Ұлттық жобаның іс-шараларын орындау жалғасуда. Атап айтқанда, 576 ауылда жобаларды іске асыруға, моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуға және жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлінді.
Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдап болғаннан кейін Премьер-Министр Ұлттық жобаны іске асырудың елді мекендердегі инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға, 480 тірек және серіктес ауылды жаңғыртуға, тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берілгенін айтты. Жұмыс істейтін жастарға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің назарын «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру жөніндегі кейбір көрсеткіштердің орындалмағанына аударды.
«Жыл соңына дейін көп уақыт қалған жоқ, сондықтан осы жұмысты жандандыру қажет. Жобалардың іске асырылуы әкімдер мен жауапты орталық мемлекеттік органдар басшыларының ерекше бақылауында болуға тиіс», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр 1 қазанға дейін Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді және Ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдауды, орналастыруды және қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Судағы қауіпсіздік шараларын күшейту қажет
Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр судағы қауіпсіздікті арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Ол қазір шомылу маусымының қызған шағы екенін, бұл орайда судағы қауіпсіздік шараларын сақтамаудың көп жағдайда қайғылы оқиғаларға әкелетінін айтып өтті.
1 маусымнан бері елімізде 140 адам суға кеткен, оның 49-ы – балалар. Өткен жылмен салыстырғанда адамдардың суға батуы 42%-ға қысқарған. Премьер-Министрдің ойынша, сонда да бұл көрсеткіш өте жоғары.
«Ел азаматтары балалар қауіпсіздігіне сақ болуы қажет. Қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауымыз керек», деді Ә.Смайылов.
Осыған орай Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, онда құтқарушылардың болуын бақылауды жүктеді. Сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, суға түсуге болмайтын жерлерді анық белгілеуді тапсырды.