Қазіргі заманда трансплантология ең көп сұранысқа ие жоғары технологиялық медициналық көмектің түрі болып саналады. Себебі бұл науқастың өмірін сақтап қана қоймай, оның өміріне өзгеріс әкелуге, қоғамның толық мүшесі ретінде өмір сүруге мүмкіндік береді.
Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 26 стационарлық және 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. Елімізде 2012 жылдан бері Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Оның басты міндеті – Қазақстан Республикасында ағза мүшесі донорлығының тиімді ұлттық жүйесін құру. 2021 жылы аталған орталық 4 өлі донордан трансплантацияны үйлестіруді жүзеге асырды. 10 донорлық ағза мүшесі алынып, трансплантацияға зәру рецепиенттердің регистрінде тіркеулі тұрған 10 науқасқа трансплантталды. Ал биылғы 6 айда 2 өлі донордан 7 ағза мүшесі алынып, өте зәру рецепиенттерге трансплантталды.
Сонымен қатар былтыр жыл бойына республиканың трансплантациялық орталықтарында ағза мүшесін транспланттау бойынша 171 операция жасалды, оның ішінде 4 өлі донордан 10 ағза мүшесі, көзі тірі донорлардан 161 ағза мүшесі ауыстырылды. Ал биылғы жартыжылдықта трансплантациялық орталықта ағза мүшесі трансплантациясы бойынша 104 операция жасалды. Оның ішінде 7 ағза мүшесі өлі донордан алынса, 97 ағза мүшесі көзі тірі донордың келісімімен алынған.
Осы орайда айта кетерлік жайт, қазақстандықтар өзі қайтыс болған кезде трансплантация жасау мақсатында ағза мүшесінің доноры болуға немесе бас тартуға ықтиярын egov.kz порталы арқылы көзі тірісінде білдіре алады. Мысалы, 2020 жылдан бері порталда осындай 18 мыңға жуық өтінім тіркелген, оның ішінде 17 мыңнан аса адам бас тартса, 1 мыңға жуық адам келісім берген.
Жалпы, қоғамда ағза мүшесінің донорлығына оң көзқарас қалыптастыру еліміздің денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің бірі саналады. Сол себепті трансплантацияны үйлестірушілер бұл бағытта кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Трансплантология немесе ағза мүшесі донорлығының дамуы туралы мағлұматпен Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың www.transplant.kz сайтынан, сондай-ақ ұйымның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан танысуға болады.