Дүниені дүрліктіріп, елді елең еткізген індеттің ізі қайта көріне бастады. Алысқа бармай-ақ, айналамыздағы адамдардан да ауырып қалдым, емделіп шықтым деген мәндес мәліметтерді күнде естіп жүрміз. Дей тұрғанмен, аурудың алаңдатарлық ахуалын аңғармастан, маска тақпай бейғам жүрген жандардың да қарасы қалың. «Жасыл аймақтағылар» жайбарақат жүр, «сары аймаққа» енгендер салғырттық танытуда. Сонда аты жаман аурудың қауіпті екенін түсіну үшін індет жаппай белең алып, «қызыл аймаққа» кіру қалды ма?!
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 20 маусымнан бастап республикада КВИ ауруының өсуі байқалғанын, соңғы екі аптада сырқаттанғандардың саны 3,2 есе, яғни 10 714-тен 34 550 жағдайға дейін өскенін айтқан болатын.
«Бүгінгі таңда инфекциялық төсектердің қамтылуы 30%-ды, бұл шамамен 1 500 пациентті құрайды, реанимациялық төсектердің 7%-ы 45 пациентті құрайды. Министрлік коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және эпидемияға қарсы уақтылы алдын алу шараларын қабылдау мақсатында тұрақты негізде өңірлердегі ахуалды бағалау жүргізіледі және жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жедел шаралар қабылдайды. Медициналық ұйымдардың КВИ-ге дайындығы тұрақты негізде қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда 189 медициналық ұйымда 4 900-ден аса ковидтік төсек, 620 реанимациялық орын, резервте 20 мыңнан аса орын бар», деді А.Ғиният.
Бас шаһардағы жағдай да мәз емес. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, кеше қалада 949 індет жұқтыру жағдайы тіркелген.
Бүгінгі таңда 7 инфекциялық стационар жұмыс істейді, инфекциялық стационарлардың төсектік орын сыйымдылығы 694 төсекті құрайды. 361 адам инфекциялық стационарларда жатыр, төсектік орын жүктемесі 52%-ды құрайды. Оның ішінде КВИ расталған стационарлардағы пациенттер саны – 347 адам, пневмониямен 14 адам емделуде. Жансақтау бөлімшесінде 23 пациент ем алуда, оның ішінде біреуі ӨЖЖ-ге қосылған. Бұл бөлімшедегі жүктемесі 28%-ды құрайды. Бүгінде жедел медициналық жәрдем стансасына КВИ бойынша тәулігіне 43 шақырту түседі. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өткен тәулікте 4 714 зертханалық зерттеу жүргізіліп, 949 жаңа жағдай тіркелді, бұдан бөлек 46 адам індетке қайта душар болған. Жалпы, пандемия кезеңінде барлығы 3 403 994 ПТР зерттеу жүргізілді.
Кешегі дерек бойынша МСАК ұйымдарында 4 294 пациент коронавирус инфекциядан емделіп жатыр. Оның мен 833-і – балалар, 179-ы – жүкті әйелдер. Бірінші компонентпен 534 360 адам, екінші компонентпен 515 968 адам вакцина алды. Ревакцинадан өткендердің саны – 156 996.
Осы орайда Нұр-Сұлтандағы №3 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Ғалия Бахтиярқызы вирустан қорғанудың бірнеше жолын атап өтті.
«Коронавирус сияқты респираторлық вирустар, адам ағзасына көз, мұрын немесе тамақ арқылы құрамында вирусы бар шырыш немесе тамшылардың түсуі арқылы таралады. Көбінесе таралу қол арқылы орын алады. Қол – вирустың бір адамнан екінші адамға таралуының ең жиі кездесетін жолдарының бірі. Пандемия кезінде вирус таралуының алдын алудың ең қолжетімді, қарапайым және маңызды тәсілдерінің бірі – қолды сабынмен жиі жуу. Және міндетті түрде қоғамдық орындарда маска тағу. Коронавирустың таралуын тағы да қалай болдырмауға болады? Ол үшін түшкіру мен жөтелудің дұрыс әдебін сақтаңыз: жөтел немесе түшкіру кезінде ауызды және мұрынды бүгілген шынтақпен немесе майлықпен қалқалаңыз, пайдаланған майлықты дереу тастаңыз және қолды жуыңыз. Бетіңізге – ауызға, мұрынға, көзге қол тигізбеңіз. Әлеуметтік қашықтықты сақтаңыз: қол алысу, құшақтасу немесе сүйісу, бірге тамақтану, бір ыдысты, кеселерді және сүлгілерді бірге пайдаланудан аулақ болыңыз. Суық тиген немесе тұмау белгілері бар адамдармен тығыз байланыстан аулақ болыңыз. Егер жоғары температура, жөтел немесе тыныс тарылу белгілері болса, уақтылы медициналық көмекке жүгініңіз», деді Ғ.Бахтиярқызы.
Сонымен қатар ол вакцинаның маңыздылығын айта келе, созылмалы аурулары бар адамдар дәрігерлермен кеңесе отырып бірінші болып вакцина алу керек екенін алға тартты.
«Вакцина осы вирустан қорғайтын медицинаның ойлап тапқан ең үлкен жетісті деуге болады. Сол арқылы біз өзіміздің, жақындарымыздың денсаулығын сақтай аламыз. Ол кейде денсаулығымызды қорғап қана қоймай, өлімнен де алып қалуы мүмкін. Екпе алу арқылы адамдар қалыпты өмірге қайта оралады. Вакцинаның негізгі мақсаты – инфекцияның алдын алу емес, аурудың ауыр ағынынан қорғау. Ол ауырып, ажалға апару салдарын азайтады. Иммунитет қалыптастырады. Әлем бойынша жүріп жатқан вирус әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін өте қауіпті. Сондықтан осындай белгісі бар азаматтар дәрігерлермен кеңесе отырып бірінші болып вакцина алуы керек», деді маман.
Сондай-ақ жақында Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова өңір «қызыл аймаққа» кірген жағдайда білім беру саласында енгізілетін шектеулер жайында айтты.
«Біріншіден – бұл санитарлық-зарарсыздандыруды күшейту, тазалық жүргізу жиілігін арттыру, кабинеттерді желдету, ауаны зарарсыздандыру. Сонымен қатар кіреберісте сүзгі орнатып, педагогтер мен қызметкерлердің дене қызуын өлшеу қолға алынады», деді А.Есмағамбетов
Оның айтуынша, қашықтан оқыту форматы енгізілмейді. Дегенмен «қызыл аймаққа» енген өңірлерде мәдени, тәрбие іс-шараларын, сынып және ата-аналар жиналыстарын өткізуге тыйым салынады.
«Балабақшаларда топтарды біріктіру арқылы өткізілетін іс-шараларға тыйым салынады. Мектептерде жоғары, орта және төменгі сынып оқушыларын бөлектеу жүргізілуі мүмкін. Бұл оларды мүмкіндігінше бір-бірімен кездеспеуі үшін жасалады. Естеріңізде болса, бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек кіреберіс ұйымдастырған едік», деді бас санитар дәрігер.