Атырау мұнай өңдеу зауытына 5 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік инспектор Сырым Тілегенов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, экология департаментінің мамандары «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «АЛМЭКС плюс», «Светланд-ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді ірі кәсіпорындарға профилактикалық бақылау жүргізген.
«Профилактикалық бақылау нәтижесімен «АМӨЗ» ЖШС-ға қатысты бірқатар бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, сарқынды сулардың төгінділері туралы мәліметтер дұрыс толтырылмаған. Қалдықтардың көлемі туралы кестені зерделеу кезінде деректер толық ұсынылмаған. Қондырғылардың аумағында пайдаланылған химиялық реагенттердің және пайдаланылған майлардың бөшкелері, металл сынықтары, пайдаланылған майланған резеңке бұйымдары, дәнекерлеу электродтарының тұқылдары анықталды. Бетон сынықтары түріндегі құрылыс қалдықтарды жинауға арналған арнайы жабдықталған орындар жоқ екені белгілі болды», деді Сырым Тілегенов.
Оның дерегінше, тексеру кезінде механикалық тазалау қондырғысының аумағында құрамында мұнайы бар ағындар орналастырылған. Ал булану кезінде қаланың атмосфералық ауасына теріс әсер ететін ластаушы заттар бөлінетін ашық түрдегі №3 қосымша тұнба ыдыстары мен тоғаны бар екені анықталған.
«Күкірт өндіру қондырғысының пештерінде, күкірт өндірудің аралас және терең өңдеу кешенінің каталитикалық крекинг қондырғысында сынама алатын құрылғы болмаған. Осылайша, 2021-2023 жылдарға арналған «АМӨЗ» ЖШС қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 1.5 тармағын орындамаған. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатта көрсетілген шарттарды толық көлемде орындамай отыр. Биылғы жылдың мамыр-маусым айларында «АМӨЗ» ЖШС-нің 2022 жылдық жоспар-кестесінде көрсетілмеген қондырғылардың жоспардан тыс тұрып қалу әсерінен қоршаған ортаға экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды жүзеге асырғаны анықталды», деп мәлім етті ол.
Осындай бұзушылықтардың нәтижесімен Атырау мұнай өңдеу зауытына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 324, 325, 326, 327, 328, 337, 344-баптарымен жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ «АЛМЭКС плюс» ЖШС-нің аумағында полиэтилен қабықшалары, ағаш қалдықтары, пластикалық шелектер, бітеуіштер сияқты қалдықтар шашылып жатқаны анықталған. Аталған серіктестікке 150 мың теңгеден астам айыппұл салынып отыр.