Биыл Қазақстанда Ресейдің екі жоғары оқу орнының филиалы ашылады. Тиісті қаулы Үкіметте қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Күзде Ресейдің «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы Алматы қаласында, И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы Атырау қаласында ашылады.
Биыл қазан айында аталған жоғары оқу орындары филиалдарының базасында «Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері», «Элементар бөлшектер физикасы және ғарыш физикасы», «Мұнай мен газды іздеу және барлау», «Мұнай және газ кен орындарын игеру, пайдалану және кешенді механикаландыру мен автоматтандыру», «Мұнай және газ тасымалдау» сияқты мамандықтар бойынша кадрларды дайындау басталады. Оған 200 грант бөлінді. Оқу процесіне жетекші ресейлік профессорлар тартылмақ.
«Кәсіби кадрларды даярлау мен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруда жоғары оқу орындарын әлем елдерінің тәжірибесімен ұштастыру және ынтымақтастық ауқымын кеңейту заманауи білім беру технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Техникалық кадрларды дайындау жағынан ресейлік ғылым әлемдегі ең үздіктердің бірі саналады. Сондықтан бұл тәжірибе бізге өте пайдалы», деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.