• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Тамыз, 2022

Сана өткелдері

306 рет
көрсетілді

Өзіңе оралу

Адам баласы туғанда өзіне ғана сай мінезбен, тағдырмен дүниеге келеді. Тек өзінше жымиып, өзінше орашолақ сөз айтып жүрген бала сүйкімді, тосын көрініп, үлкендер мәз болысып жатады. Әрине, тосын құбылыс пен жаңалық дегеніміз өзіне ғана ұқсаған адамдардан туады. Уақыт өте келе бала он жеті мен он сегіз арасын­да дүниедегі өзге адамдардың болмысымен танысып, еліктеу жолына түседі.

Кейде өз болмысына «жұқпа мінез» жұқ­тырады, не толық өз мінезінен айырылып, басқа адам кейпіне енеді. Болмысынан шыққан адам­ның жан дүниесі азапталып, әлдене жетпейтіндей, әлдене қажеттей аласұрып жүреді. Он жеті жасында өз болмысынан шық­қан адамдар тіпті өмір бойы қайтадан өзіне орала алмай кетіп те жатады. Қайта оралу үшін терең ой мен ізденіс, не тұнық сана керегі сөзсіз. Жан Поль Сартр «өзіңді танығың келсе, өзіңді таңда» дегені бар. Иә, адам өзін сүйіп, өзін таңдағанда ғана именбей өмірге жаңа терезесінен қарай алады.

Конфуций ілім жолына түсушілердің үш белесі барын баяндайды. Бірінші – ізденіс жолы, екінші еліктеу жолы, үшінші өз-өзіңді табу жолы. Терең ізденген кез келген шығармашыл тұлға еліктеу жолының жыныстарынан өтсе керек. Бірақ үздіксіз ізденіс тұлғаны қою жалғыздығына қайта әкелмек.

 Жалғыздық

Жалғыздық деген сор екен

Тигенде тұрмыс соққысы,

Қуанышқа ортақ кеп екен,

Қайғыға ортақ жоқ кісі.

Құдай жалғыз, мен жалғыз,

Жүректі дертке шалдырдым.

Өткен дәурен – көрген түс,

Үкімі солай тағдырдың.

Лермонтовтың «Жалғыздық» атты өлеңі. Жалғыздық жайлы жазылған өлең, жазылған шығарма аз емес. Адам өзінің жалғыздығын шынайы сезінгенде ғана өзін зерттеуге аттанбақ. Кафканың «Процессіндегі» кейіпкер К-ның халіндей өзінің не үшін жауапқа тартылғанын, не үшін өмір сүріп, не үшін ұйықтайтынын білмейтін пенделер қоғамда бар. Қазіргі қоғам­ның бет-бейнесінде жалғыздықтан қашу процессі жүріп жатқандай. Тіпті жеке өмірі жайлы, адамдар хақында ойлану сынды әрекеттерге де нұқсан келді. Жайбарақат отырып, зергер уақыттың ұршығында айналып жатқан ғұмыр жайлы азын-аулақ ой толғаудың орнына телефон тұтқасын қолға алып, мың сан өзге өмірлерді тамашалау арқылы адамдардың өзін алдайтын әдісі пайда болды. Неге алдайды? Себебі ойлану мен қорытындыға келу адамға жауапкершілік жүктейді. Әлсіздіктің бірінші тармағы жауапкершіліктен қашу дер едік. Әлбетте, адамға толық ерік қақпасы ашылғанмен, ол Құдай алдындағы, отбасы алдындағы, адам алдындағы жауапкершіліктен ешқашан құтыла алмақ емес. Шынайы жауап­кер­шілік ұшқыны жан құмарын өтеген адамда анығырақ сезіледі.

Жан құмары

Жан құмары мен тән құмары. Тән құмары дегеніңіз, әрине, белгілі. Ал жан қайтсе тоят табады? Қайтсе азаптанудан құтылып, игілікке, жақсылыққа қауышады. Бақсақ, жан құмары – білім жию екен. Үздіксіз білім ізденіп, жан өзін тануға қадам жасағанда ерекше әсерленіп, рахатқа батады, көңілдене, сергектене түседі. Тарих өз сахнасына жан құмарын өтеген, тойған қозы бүйіріндей рухани қазаны ілімге толған перзенттерін жинаған. Ал тән керегімен алысып, асхана мен түздің арасында сапар шегіп өмірі өткен жолаушылар құмға сіңген тамшыдай болмақ. Егер әр адам жан құмарына берік көңіл бөлер болса, жер үсті ғажайыптар мекеніне айналар еді.