Алматы прокурорлары «Спутник» тұрғын үй кешеніндегі ана мен екі баланың өліміне қатысты істі бақылауға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство мәліметінше, марқұм 34 жастағы әйел мен оның 2015 және 2020 жылы туған балалардың денесінде зорлық белгілері табылған.
«Полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша соталды тергеуді бастады, оның аясында тергеу және жедел-іздестіру шараларының толық кешені жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалып, бейнематериалдар зерделеніп, куәгерлерден жауап алынады.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес соталды тергеудің өзге деректері жария етілмейді. Қылмыстық істі тергеуді қалалық прокуратура ерекше бақылауға алды», деп хабарлады қалалық прокуратура өкілдері.
Еске салайық, оқиға 6 тамызда «Мамыр» шағынауданындағы пәтерлердің бірінде болған. Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Арыстанғани Заппаров тергеуді жеке бақылауына алды.