Құқық қорғау қызметкерлері елімізде жекелеген құқықбұзушылық, қылмыс санының азая бастағанын айтады. Алайда Ішкі істер министрлігінің апталық есебіне қарасақ, елдегі криминогендік жағдай әлі де алаңдатарлық жағдайда. Бір апта ішінде 3 400-ге жуық қылмыс жасалған.
Бір аптада орын алған 3 397 қылмыстың 1 986-ның ізі суымай ашылған. Полиция қызметкерлері 7 кісі өлтірген қаскөйлерді, 1 кісі өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген, 1 қарақшылық жасаған, 34 тонау және 539 бөтен мүлікті ұрлаған күдіктілерді бірден құрықтаған.
ІІМ Криминалдық полиция департаменті үшінші басқармасының аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміровтің айтуынша, Қазақстанда соңғы алты жылда интернеталаяқтықтың саны айтарлықтай артқан (21 мыңға дейін). Жыл басынан бері 11 763 оқиға тіркеліп, алаяқтардың кесірінен 7 млрд теңге шығын келтірілген. 571 қылмыскер, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталған. Бүгінде алаяқтар абоненттік нөмірлерді ауыстыру бойынша сервистерді, ұялы телефондарға қашықтан қол жеткізу үшін арнайы қосымшаларды пайдаланады. Сондай-ақ олардың арасында шетелден әрекет ететіндер де бар. Осы орайда қазақстандық байланыс операторлары ауыстырылған абоненттік нөмірлерді бұғаттау жүйесін енгізіп жатыр, бұл телефон арқылы жасалатын алаяқтық фактілерін азайтады, деді ІІМ-нің өкілі.
Елде өршіп тұрған қылмыстың бірі – есірткі саудасы. Мәселен, Жамбыл облысының жергілікті тұрғындары есірткі таратумен жылдар бойы айналысқан. Екі күдіктіні тінту кезінде олардан таратуға дайындалған, 15 пакетке салынған синтетикалық мефедрон есірткісі табылған. Олардың әлеуметтік желілердегі хат-хабарларын зерттеу барысында күдіктілердің есірткілерді жасырын орындарға қойғандары белгілі болды. «Клиенттермен» хат алмасуда көрсетілген орындар бойынша полиция қызметкерлері Таразда және оның маңында жасырылған есірткілердің көзін жойды. Нәтижесінде, мефедрон жасырылған 29 орын анықталған.
Сондай-ақ Өскеменде бейнебақылау жүйелерінің көмегімен есірткі сатушы ұсталып, жасырын зертхана жойылған. Облыстық есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері қала орталығындағы үйлердің бірінде басқа қаладан келген жігіт тұратыны және оның пәтерден кешке қарай шығып кететіні туралы ақпарат алады. Бақылау барысында жас жігіттің күн сайын пәтерден кешке қарай рюкзактармен шығып, ауданды айналып өтіп, түнде үйге оралатыны анықталған. Осылайша, оның есірткі жасырумен айналысатыны белгілі болды. Ұстау кезінде күдіктіден «альфа-pvp» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Жауап алу барысында күдіктінің бұрын Қарағандыда тұрғаны, ал Өскеменге ақша табу мақсатында есірткі өндіру және өткізу үшін келгені белгілі болды. Жалдамалы үйді тінту барысында полицейлер сатуға дайындалған тағы 600 грамм синтетикалық есірткіні анықтаған.
Ал елде пәтер ұрлығы азая бастаған. Бұл қылмыс түріне 3 жыл бұрын жазаның ауырлағаны ықпал еткен болуы керек. С.Жантеміровтің айтуынша, ұрылардың пәтер иелерімен ымыраға келуі оңай екені ескеріліп, 2018-2019 жылдары қолданыстағы Қылмыстық кодекске бірқатар өзгеріс енгізілген еді. Бүгінде бірнеше рет пәтер тонап, үй-жайларға заңсыз кіргендер аса ауыр қылмысқа жол бергендердің санатына жатады. Оларды 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ бар мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ ұрыларға тосқауыл болатын тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Жалпы, соңғы уақытта қабылданған шаралардың нәтижесінде 5 жылда пәтер тонау саны 33,4%-ға төмендеген. «Мәселен, 2017 жылы 37 893 ұрлық тіркелсе, 2018 жылы – 34 623, 2019 жылы – 31 153, ал 2020 жылы – 14 532, 2021 жылы 12 655 пәтер ұрлығы анықталған. Пәтер тонауға қатысты 2017 жылы 37 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, 2021 жылы олардың саны 12 мыңнан аспайды. Алайда қазіргі пәтер тонаушылар ұрлық тактикасын, пәтерлерге ену әдістері мен дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Олар заманауи технологияларды, ұялы байланыстарды пайдаланады. Пәтер ұрлығы негізінен күндізгі уақытта, атап айтқанда, барлығы жұмыста немесе мектепте болғанда жасалады», деді С.Жантеміров.