• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Тамыз, 2022

Қаржы пирамидасы: Алданғандар азаяр емес

694 рет
көрсетілді

Ақтөбе қалалық №2 сотында қаржы пирамидасын ұйым­дас­ты­рушыларға қатысты сот про­цесінде жарыссөз басталды. 3700 томға жинақталған істе «Гарант24 Ломбард», «Эстет Ломбард», «Выгодный займ» ком­панияларының қылмыстық әрекеттері бойынша 48 ақтөбелік айып­талып отыр. Олар 17 мың адамды алдап, 30 миллиард теңге зиян келтірген. Қазіргі кезде айып­талушылардың бәрі үйқа­мақ­та.

Қаржы пирамидасының басты ұйымдастырушысы – Ойыл ауданының тұрғыны Жанболат Есіркепов. Ол алаяқтық әрекеттерін 2017 жылдың 13 ақпанында Ақтөбе қаласында «CRYPTOINVEST» ЖШС тіркеуден бастайды. Серіктестік жарғысында электронды ақшаларды пайдалануды үйрету деп жазылады. Алайда адамдардың электронды ақшаға деген қызығушылығын туғыза алмаған Ж.Есіркепов компанияны «Выгодный займ» деген атпен 2018 жылдың 17 сәуірінде қайта тіркеуден өткізеді. Жұмысын шағын несие беретін микроқаржы ұйымы ретінде бастап, Ақтөбе қаласында бірнеше ғимаратты жалға алады.

Жұртшылыққа несие беруге бас­тап­қы қаржы жинау үшін Жанболат Есіркепов жеке адамдардың көліктерін нарықтағы бағадан 20-30 %-ға қымбатқа сатып аламын деп хабарландыру береді. Көлікті «тез арада жоғары бағамен сатып беремін» деген хабарландыруларға сенген жұрт компания кеңсесіне келіп, сенімхат негізінде мүліктерін табыс­тайды. Бұл жерде саудаланатын көлік бағасының 30 пайызы бірден бері­ліп, қалғаны 3-4 айдан соң толық өтеледі деп уәде етіледі. Есіркеповтің «менед­жер­лері» көлікті иесінің сенімхатымен нарықтағы бағасынан 20 пайыз арзанға сатады. Одан түскен қаражат шағын несие ретінде жұртқа ұсынылады.

Ол енді салымшылар санын көбейту мақсатында өз қатарына сыбайластар іздейді. Ең алдымен, туған бауыры Елтаевты «Выгодный займ» ЖШС директоры етіп тағайындайды. Одан кейін таныстары Кенжебаев және Насыровты әріптес болуға шақырып, әрқайсысына міндеттер жүктейді. Алаяқтар тобына 2018 жылдың күзінде банкте жеке тұлғалардың берешектерін қайтару бойынша жұмыс істеген Тамбашев қосылады. Ол көлік не жылжымайтын мүліктерін қымбатқа сатуға келген салымшылармен серіктестік директоры арасындағы шарт жобасын әзірлейді. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері осы шартпен тұрғындардың көлік құралдары мен жылжымайтын мүлік­терін қымбатқа сатып алып, ар­зан­ға сатумен айналысады. Түскен ақшаның бір бөлігі алдыңғы салым­шы­ларға төленеді.

Жанболат Есіркепов 2019 жылдың ақпан-шілде айларында Алматы, Ақтау, Атырау, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Орал, Қарағанды қалаларында «Гарант 24 Ломбард», «Эстет Ломбард», «Выгодный займ» ЖШС филиалдарын ашады. Ұйым­дас­қан қылмыстық топқа қосылған Сек­сенбаев, Қуанышұлы және Қадыр­бер­генов басқа қалалардағы филиал­дарындағы қызметкерлерді «оқытумен» айналысады. Өңірлік филиалдарға банк қызмет­керлері, желілік маркетингте тәжірибесі бар адамдар, IT маман­дары көптеп тартылады. Алаяқтар қата­рындағы IT мамандары салым­шы­лардың ортақ мәліметтер базасын құрастырады, онда өңірлік компания­лар кассирлері мен менеджерлері са­лымшының жеке мәліметтерін, әкел­ген қаражат сомасы мен төлеген күнін, бе­рілетін сыйақы мөлшерлемесін тір­кей­ді. Салымшылардың жеке мәлі­мет­терін қаржы пирамидасының ұйым­дас­тырушылары ғана көре алған.

Ж.Есіркепов тобының алаяқтары 300 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін қаржы әкелген салымшыларға ай сайын 30-40 пайыз мөлшерінде сыйақы беруге уәде етеді. Сегіз қаладағы инкассаторлар өздерінің филиал басшыларын танымаса да, Ақтөбе қаласындағы ұйымдастырушылармен тікелей байланыста болған. Осындай күрделі алаяқтық жолмен үш жылға жуық емін-еркін аңқау жұртты пайдаланып келген қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары Ақтөбе қаласының тұрғындары болып шықты. Олар бірнеше компанияны әділет органдарында еш кедергісіз тіркеген және қайта тіркеуден өткізген, сенімхат арқылы жұрттың мүлкін өз аттарына рәсімдеп, үшінші тараптар арқылы кедергісіз сатып отырған. Сегіз филиалдағы салымшылардың қаржы қоз­ғалысын бас есепші Князбаева қа­таң бақылауда ұстайды. Күн сайын түскен қаржының есебі, саудаға салынатын көлік пен үй құжаттары жөнінде Ж.Есіркеповке есеп беріледі. Барлық қаланың кеңселерінде инкассатор, ди­рек­­торлар, кассирлер, менеджерлер та­­ғайындалады. Бас есепші Князбаева сы­­байластарымен «Жамал Максатовна, Қазтуғанова, Сюзанна, Дана, Сейтенова Бану» деген лақап есімдермен байланысып отырған. Кейінгі салымшылардың қаржысы алдыңғы салымшылардың пайыздық мөлшерлемелерін төлеуге жұмсалса, қалғаны ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтың басшылары мен қызмет­кер­лерінің қалтасына түседі.

Салымшылар қатарын көбейту үшін Instagram желісі мен телеарналар­да жарнамалар орналастырып, әнші А.Төлеп­бергенов пен әртіс Төре­баев, аралас жекпе-жектің чемпионы Қуат Хамитовтің қатысуымен түсі­ріл­ген жарнамалық қысқа роликтер көр­сетіледі. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымды тез көбейтетін тиімді бағдарламалар туралы жарнамалық роликтер түсіріп таратады. WhatsApp желілерінде ашылған түрлі топтарда адамдар өте жоғары пайыздық мөлшерлемемен аз уақыттың ішінде пайда табуға таныстарын, туыс­қандарын шақырған.

Уәде етілген үстемақыларын, тіпті бас­тапқы салған қаржысын ала алмағандар 2020 жылдың қаңтарынан бастап құқық қорғау органдарына арыз түсіре бастады. Сол жылдың ақпан-наурыз айында құқық қорғау органдары еліміздің сегіз қаласындағы қаржы пирамидасының кеңселерін жапты, бірнеше филиал директорлары мен қызметкерлері қамауға алын­ды. Қылмыстық кодекстің ірі кө­лем­дегі алаяқтық, қаржы пирамида­сын ұйымдастыру баптары бойынша жүз­де­ген қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында «Гарант 24 Ломбард», «Выгодный займ», «Эстет Ломбард» ком­па­ниялары құрылған күннен бас­тап ешқашан да кәсіпкерлік қызметпен айналыспағаны белгілі болды.

Тез арада байып кетуге сенімді болған адамдар банктерден бірнеше миллиондаған теңге несие алып, пирамида кеңселеріне жүз мың теңгеден бастап, он миллионға дейін өз қол­дарымен әкеп тапсырған, баспаналары мен көліктерін саудалауға сенімхат жазып берген. Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетінен зардап шегушілердің арасында зейнеткерлер, медбикелер мен дәрігерлер, банк қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен кол­ледж оқытушылары, кіші техни­калық қызметкерлер, ірі компания қыз­меткерлері бар. Айыптау қоры­тын­дысында пирамиданы құру­шылар адамдардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланғаны көрсетілген. Бірақ зардап шегушілердің арасында жоғары білімді азаматтар көп.

Баспанасын қаржы пирамидасына салып жіберген қаншама адам пәтер жағалап кетті. Алаяқтардың кесірінен қан­шама отбасында ұрыс-жанжал туды, тіпті ажырасып, өмірден түңіліп кет­кендер де бар. Пирамида қаншама отбасына қайғы әкелді, арамызда бар жиған-тергенінен айырылып ішінен тынып жүргендер жетерлік.

48 алаяқ үш жыл бойы еліміздің барлық қалаларында емін-еркін әрекет еткен, кез келген қалада кеңсе жалдап, құрбандарын көбейту үшін түрлі алдау-арбау тәсілдерін пайдаланған. Олардың қылмыстық әрекеттері құқық қорғау органдарының көз алдында болды. Осыдан келе адамдардың көз жасынан ақша жасаған арсыздарды ертерек тоқтатуға болмады ма деген сұрақ туындайды. Ең бастысы талай адамның көз жасы мен уайымына айналған 30 миллиард теңге иелеріне қайта ма, жоқ па? Алаяқтар соншама қаржыны қайда тығып ұстап отыр? Бұл сұраққа жауап жоқ. Өкініштісі, оңай жолмен тез баюды көздейтіндер әлі де арамызда көп. Адамдарымыз әр жылдары қаржы пирамидасына оңбай алданып, талай рет таяқ жеп келе жатса да, алдана береді, арбала береді. Оның үстіне, осы кезге дейін талай қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың ісі сотқа жетіп, қылмыстары дәлелденсе де, ұрланған ақша табылған емес.

 

Ақтөбе облысы