• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 09 Тамыз, 2022

Айбергенов күнделігі

691 рет
көрсетілді

Күнделік жазу ісі барлық ақынға тән құбылыс емес. Жан сөзін тек поэзияға не прозаға ғана ақтаратын қаламгерлер жетерлік. Пушкин күнделігі, Мұқағали күнделігі деген ұғымдар бар. Ал небәрі бес-алты бетті құрайтын Төлеген Айбергенов күнделігінен дербес ойлар мен ақынның ішкі дүниесінің арпалысын көруге болады. Кемеңгер Әбіш тілімен сөйлесек, ақын «қысқа ғұмырында тек сол көруге, өмірді түйсіну мен түсінуге ғана арнаған тәрізді. Ол осынша аз ғұмырының ішінде өмірдің пендені қашан ажал аузына апарғанша айтпайтын, танытпайтын сыры мен сипаттарын қалай түсініп, қалай түйсініп үлгерген! Оның өмірді білуі, адамды білуі, табиғатты білуі неткен терең!»

Иә, қайбір қаламгер болсын, ең алдымен, «адам жанының инженері». Ең бірінші, өз жанының зерттеп зерделеушісі.

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл –

тоғыспас жолдар торабын.

Айбергенов шумағының сыры, арпалысқа толы өмірінің көлеңкесі күнделгінен қылаң бе­реді. Тіпті басқа қырынан көрінеді. Күнделігінің ал­ғашқы пара­ғында бүй дейді: «Өзгеге қалай көрі­нетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиял­ға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай сана­лады. Осы аз өмірім ішінде ойланып өткізген уақыт­тарымды өз міндетін атқарып өткен, саналы өт­кен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін». Төле­ген поэзиясының айшықты тұсы, анық тұсы – ойшыл­дыққа малынған өрен жырлар. Мәсе­лен, ор­манға сапар кезінде жазылған өлеңін алып көрелік.

Орман іші көз тұнады жарыса өскен ағаштан,

Бірі аласа, бірі биік бәрі көкке таласқан.

...Мен ойлаймын орманда кей қисық

өссе бәйтерек,

Қисықты да түзу деп біз қабылдар ма ек,

қайтер ек.

Егер де сен туралықты жеңсін десең әлемде,

Өзгелердің қисықтығын түзу тұрып дәлелде!

Міне, бұл ақынның пәлсапалық толғамы, әр құ­бы­лысқа тек өзінше баға беруі. Жалғыздығы атынан жал­пақ ғаламға сыр шашып, бірдің миллионға үн қатуы.

Күнделікте қысқа ғана түйіндер, сана түкпірінен жалт еткен ақ алмас ойлар мен шиыршық атқан байламдар бар. Олар әр жерде шашылып жатқан күміс теңгелер іспетті. «Кешірімділік – өмір көргендіктің белгісі. Өмір көрмеген адам ешқашан кешірімді бола алмайды». «Көп адам ұлылықты, дарынды даттауға құмар. Өйткені олар өздерін де «далаға тастағысы» келмейді». «Кей адамдар сенімен алғаш танысарда «Құдайдай» құрмет тұтып келеді де, сен онымен бүкпесіз ашық екі-үш сағат сөйлескеннен кейін байыптылықтан өзгермегеніңе қарамай, сені «алынған қамал» сияқтандырады да артық сырласуға зауқы болмайды. Өмірде мұндай адамдар бар. Оны білімсіздігі үшін тек аяу ғана керек».

Бірде шағырмақ ойлардың ішінде жанға сон­шалық етене жақын, өз басыңнан кешіргендей із қалдыратын сөздер бар. Ешқашан мұқалмас, майырылмас ақ адал сенім, адамға құлай берілу бар. «Адамға шексіз берілу, қалтқысыз махаббат күлкі боларлық жеңілдікке апарып, адамды, оның ұлы тұлғасын мазақ та етеді», дейді ақын. Шынында, кейде ақ жүрегіңді қолға ұстап ала барсаң «құшақтап тұрып қабырғаңды санайтын», аңқылдақ болмысыңды келекеге айналдырар күйкі пенделер кезігеді. Жалқының жалпы алдында оғаш көрінуі, әумесер, ауыш атануы да лезде. Өзіне ұқсамағанды кешіре алмас өркөкірек мінездер, көк ешкіні мүйіздейтін көп ешкі қай уақыттың да көгілжім суретінде бар.

Күнделікте шетелдік екі қаламгердің есімі кезігеді. Бірі – данышпан Байрон, бірі – жазушы Максим Горкий. «Чайльд Гарольдтың сапар шегуі» дастанындағы дәуірдің көкейкесті мәселелерін сөз еткен ақын, дастанды түпнұсқада еркін оқып сусындай алмағанына қапаланады. Максим Гор­кий­дің адам тағдырын оқырман алдына жайып тастап, зәрлі шындықты адал көңілмен ақтара айта алатынына тәнті болады.

Айбергенов күнделігі – түйсіну тереңіне, сезіну селеуіне, өмір бұлағына толы. Ақын түймедей белгіден зәулім пікір түйеді, тамшыдай заттан терең ой табады. Сірә, таланттың бір қыры кез келген дүниені өзінше саралай білу болса керек.