• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Тамыз, 2022

Жаңа Зеландия: Ардерннің беделі түсіп барады

519 рет
көрсетілді

Келесі жылы Жаңа Зеландияда сайлау өтеді. Сарапшылар елдің қазіргі премьер-министрі Джасинда Ардерннің халық арасында беделі төмендегенін айтады. Алдын ала жүргізілген сауалдамаға сәйкес, лейбористік партияны қолдайтындар саны айтарлықтай азайған.

Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джасинда Ардерн басқаратын Лейбористік партия­сы 2020 жылы 49,1 пайыз дауы­с жинап, парламентте 64 ман­дат иеленген еді. Жеңіліс тапқан екінші партия – Ұлттық партияның (NAT) жетекшісі Джудит Коллинз Ардернді құттықтап, оның партиясы елеулі өзгерістер әкеледі деген сенімін жеткізіп, «үш жыл тез өте шығады. Үш жылдан кейін тағы да сайлау. Біз әлі ораламыз», деген болатын. Межелі мерзім жақындап келеді. Сарапшылар Джасинда Ардерннің қайта сайлану мүмкіндігі әлдеқайда төмен екенін айтады. Өйткені кейінгі сауалдамалар Жаңа Зеландияның оңшыл коалициясы жеткілікті қолдауға ие екенін көрсетіп отыр. Орталық-оңшыл ұлттық партиясын халықтың 37 пайызы қолдайды. Ал Ардерн басқаратын лейбористер партиясы халықтың 33 пайызының қолдауына ие.

Осы орайда лейбористер партиясы 9 пайыздық үлесі бар жа­сылдардың дәстүрлі серік­тестерімен одақтасса да, үкімет құ­руға қажет 50 пайыздық межеге жетпейді. Kantar poll сауал­дамасының бұл нәтижелері лейбористердің беделі айтар­лықтай құлдырағанын көрсетеді.

Келесі сайлауға әлі бір жылдан астам уақыт бар. Сарап­шылар бұл Ардерн үкіметіне беделін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп есептейді. Бірақ ай сайынғы сауалдама көрсеткіші көңіл көн­шітпей тұр. Қазіргі билікке деген елдің сенімі күн өткен сайы­н төмен­деп барады. Өйткені елде өмір сү­ру құны шарықтап, жаңа­зе­лан­диялықтардың көңіл күйі мәз емес.

Ардерн TVNZ телеарнасына берген сұхбатында қазір экономикалық тұрақсыздық тек Жаңа Зеландияда емес, өзге шетелдерде де орын алып жатқанын алға тартады. «Экономикалық қиындықтарға қарамастан Жаңа Зеландияның артықшылығы бар. Мәселен, жұмыссыздық деңгейінің, қарыз­дың төмендігін айта аламын. Туризм қайта жанданып келеді. Бұл көрсеткіштер болашаққа сер­пін береді. Мен еліміздің дамуына оптимизммен қараймын», деді ол.

The Guardian басылымының хабар­лауынша, қазіргі үкі­мет беделінің түсуі экономи­ка­лық себептерге байланыс­ты. Kantar poll сауалдамасы жаңа­зеландиялықтар экономи­каға жалпы пессимистік көзқа­распен қарайтынын көрсетті. Оған қатысқандардың 49 пайызы алдағы 12 айда экономикалық жағдай нашарлайды деген ойда, ал 26 пайызы жағдай жақсарады деп есептесе, 25 па­йызы өзгеріссіз қалады деп санайды.

Жаңа Зеландияда қазір инфляция деңгейі 7,3 пайызды құ­райды. Бұл соңғы 32 жылдағы ең жоғары көрсеткіш деп санайды қаржыгерлер. Елде соңғы жылдары үй бағасының құны төмендеп, кейбір үй иелеріне зиянын тигізген. Бірақ ипотека бойынша пайыздық мөлшер­лемелердің өсуі және құрылыс материалдарының қымбаттығы тұрғындардың көңі­лінен шық­пай отыр. Пәтер жалдау ақысы да өскен. Халықтың жұмыс­сыздық деңгейі төмен болса да, тұрғындардың басым көпшілігі бағаның шарықтап бара жатқанын айтады. Сонымен қатар сарапшылар Жаңа Зеландияның салық реформасы да баяу жүзеге асып жатқанына алаңдаулы.

Джасинда Ардерн – кейінгі 150 жылда Жаңа Зеландияны басқарған ең жас көшбасшы. Ол отыз жеті жасында премьер-министр қызметін атқарып, әлем­дегі ең жас көшбасшыға айналды. Джасинда ханым өзінің басым бағыты ретінде кедейшілік пен әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күресті. Әсіресе әйелдердің құ­қық­тарын қорғауды мақсат етті. Ардерн жақтастары оны жаңазе­лан­диялықтар үшін саясаттағы адам­гер­шілікті бейнелейтін тұлға, би­ліктегі шынайы және қамқор фе­ми­нистің үлгісі ретінде көретінін айтады.

Ардерннің алғашқы премьер-министрлік қызметі қиын сы­нақтармен басталды. Билікке келген жылы Крайстчерч қаласында екі лаңкестік әрекет жасалды. Ал­дымен лаңкестер Риккартон маңындағы мешітке келушілерге оқ атып, содан кейін Линвуд ислам орталығында лаңкестердің қолынан 49 адам қаза тауып, тағы 51 адам жарақат алды. Сол кезде Ардерн Крайстчерчке ұшып келіп, мұсылмандардың ал­дына шығып Жаңа Зеландияда бүкіл дін мен кез келген ұлт өкі­ліне орын бар екенін айтып, сөз сөйледі, қолдау білдірді. Ардерн үшін тағы бір сынақ Уайт-Айленд туристік аралында жанартаудың атқылауы болды. Жиырма адам қаза тауы­п, аман қалғандардың барлығы шұғыл эвакуацияланды. Джасинда Ардерн ауруханада зардап шеккендермен және дәрігерлермен кездесіп, олардың отбасыларымен сөйлесті, аман қалғандарға қолдау білдірді. Сарапшылардың айтуын­ша, сая­саткердің осындай игі істерін ха­лық әлі де ұмыта қойған жоқ.