• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 10 Тамыз, 2022

Зейнетақы қаржысын әлі пайдалануға болады

458 рет
көрсетілді

Зейнетақы қорындағы шекті сомадан асатын қаражатты пайдалану акциясы әлі жалғасып жатыр. Иә, былтырғыдай белсенді емес. Себебі биыл сәуір айынан бері шекті сома мөлшері екі есе өсіп кетті. Сөйтіп, көп адам қордағы ақшаны алу мүмкіндігінен айырылды.

Соның өзінде 2022 жылдың 1 т­а­мы­зындағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге және ем­делуге пайдалануға байланысты 1,7 млн-нан астам өтінішті орындалған.

«2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 328 015 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,1 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге. Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,60%), Нұр-Сұл­тан қаласының (14,03%), Маңғыстау облы­сының (10,35%) тұрғындары тарапы­нан жолданған», делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Қазіргі уақытта «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар болып саналады.

Біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда («Отбасы банк») ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде ұсынады. Бұған тұрғын үй сатып алу немесе жеке тұрғын үй салу мақсатында одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысына салымды толықтыру жатпайды. Бұл жағдайда алушы «Отбасы банкіне» біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 3 жыл ішінде береді.

Басқа уәкілетті операторлар (екінші деңгейдегі банктер) бойынша біржолғы зейнетақы төлеміне арналған өтініштер және алушының мақсаттары бойынша құжаттар банктің ішкі құжаттарында бел­­гіленген тәртіппен мерзімге сай қара­лады. Бұл ретте, банк біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларын өтініш берушінің (алушының) арнайы шоттарына есептелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде олардың нысаналы мақсаты бойынша біржолғы зейнетақы төлемдерін аударады. Уәкілетті операторға растау­шы құ­жаттар белгіленген мерзімде беріл­ме­ген жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қай­тарылады.

Қазірге дейін уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) шамамен 450,6 млрд теңге қаражат қайтарылған.

Сонымен қатар БЖЗҚ емделуге берілген 302,5 млрд теңгеге 388 824 өті­нішті орындапты. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,8 млн теңге. Сонымен қатар салымшылардың (алу­шылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 31,3 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің қалауы немесе өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Ал инвестициялық портфельді басқа­рушыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге ауда­рылып, БЖЗҚ 5 877 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы – 1,5 млн теңге. БЖЗҚ-ның зейнетақы актив­­терін сенімгерлікпен басқаруға қа­тыс­ты төрт ИПБ-мен шарт жасасқаны белгілі. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комис­сиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сый­ақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%-ынан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.