• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Тамыз, 2022

Биліктен кеткісі жоқ

255 рет
көрсетілді

Соломон аралдары мен Папуа-Жаңа Гвинеяның үкімет басшыларының биліктен кеткісі жоқ. Бірі өзінің құзыретін ұзартуды ұсынып, заңға өзгеріс енгізбек ниетте болса, енді бірі қайта сайлауға түсіп, жеңіске жетті.

Соломон аралдарының премьер-министрі Манассе Сога­варе 2023 жылдың қарашасында өтетін Тынық мұхиты ойындарына дейін қызметінде қалу үшін конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынды. Ол өкілеттігін ұзартуға бағытталған кез келген өзгерістер «бір реттік» болады деп уәде беріп отыр, деп хабарлайды The Guardian басылымы. Соломон арал­дарындағы оппозиция өкілдері болса үкімет басшысының бұл қа­дамын билікті «басып алу» деп атап, сайлаудың Тынық мұхиты ойындарына дайындық кезеңімен қатар өтуі мүмкін екенін айтады.

Манассе Согаваренің шешімін Аустралияның Тынық мұхиты аймағындағы министрі Пэт Конрой қолдап отыр. Соломон аралдарында жыл сайын өткізілетін Guadalcanal (Гуадалканал) шайқасының мерейтойына арналған іс-шарада сөйлеген сөзінде ол Согаваре ұсын­­ған заң жобасының бір ретке қа­былданатынына халықты сен­діріп баққан болатын. Оның айтуынша, ойындардан соң сайлау жүйесі қалыпты жағдайға оралады. «Біз премьер-министрдің ұсынысы мен заң жобасының тұжы­рымын құптаймыз. Сайып келгенде, бұл Соломон аралдары парламентінің демократиялық жолмен сайланған мүшелері мен Соломон аралдарының халқына қатысты мәселе және біз көршілес елдердің ішкі процестеріне құр­метпен қарайтын боламыз», деді Пэт Конрой ABC радиосына берген сұхбатында.

Ал сарапшылар Согаваренің би­лікте қалуға ұмтылуы Тынық мұхиты ойындарына байланысты емес екенін айтады. Олардың па­йым­дауынша, бұл саясаттың астарында ҚХР-мен байланыс жатыр. Еске салсақ, осы жылы Соломон аралдары Қытаймен қауіпсіздік туралы келісімге қол қойған еді. Бұл келісімнен соң Манассе Согаваре әлемдік БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, өз елінде ешқашан Қытай әскери базасы құрылмайтынын мә­лімдеді. Сондай-ақ ол Аустралия аралдардың «қауіпсіздік бойын­ша негізгі серіктесі» болып қала беретінін, бірақ Аустралия кө­мекке келе алмайтын жағдай болса, үкімет Қытайдың қауіпсіздік қыз­меткерлеріне жүгінетінін айт­қан болатын. «Егер қандай да бір қақтығыс бола қалса, біз елі­мізде тұрақтылықты сақтауға ұмтыламыз. Өзіміздің қауқарымыз жетпеген жағдайда Қытайдан қолдау сұраймыз. Бірақ біз әдет­тегідей аустралиялықтарға сенім артамыз, аймақтағы қауіпсіздік мәселелеріне келгенде біз бірінші кезекте соларға жүгінеміз», деді Манассе Согаваре сұхбатында.

Қытаймен қауіпсіздік келі­сіміне қол қойғаннан кейін Со­ломон аралдарының оппозиция өкілдері үкімет Қытайдың «көмегін» қазіргі билікті сақтап қалу үшін пайдаланады деп ескерт­ті. Келісім жобасында Соло­мон аралдары Қытайдың қауіп­сіз­дік қызметкерлерін «қоғамдық тәр­тіпті сақтауға, адамдардың өмірі мен мүлкін қорғауға, гумани­тарлық көмек көрсетуге, табиғи апаттардың салдарымен күресуге және басқа да міндеттерге көмек көрсету үшін шақыра алатыны» айтылған.

Ал Джеймс Марапе Папуа-Жаңа Гвинеяның премьер-министрі болып қайта сайланды. Кезекті саяси науқан Марапеге оңайға соққан жоқ. Ол елдің бұрынғы премьер-министрі Питер О’Нилмен алты аптаға созылған «бәсекеде» со­ңына дейін күресіп, жеңіске жет­ті. Сарапшылар оның сайлау­алды бағ­дарламасының кестесі қар­ба­ласқа толы болғанын айтады. Ол халықпен диалогқа түсуге тырысып, күн сайын кездескен.

Питер О’Нил де жоғары ла­уазым­ды қызметке қайта оралуға үміттенді, бірақ қарсыласының жақтастары басым түскеннен кейін сайлаудан үмітін үзді. Ол дауыс беру басталмай тұрып парламент залынан шығып кетті. Ал Марапе 97 пайыз қолдаумен премьер-министр болып сайланды. Айта кетерлігі, ол үкімет басшысы болып сайланғанда дауыс санау әлі де жалғасып жатты. Жаңа парламент алғашқы жиынын өткізіп үлгерді. Жиын­да сөйлеген Джеймс Марапе оның партиясы «бір аймаққа, бір отбасы немесе бір адамға ғана емес, тұтастай осы елге тиесілі», деді. «Бүгін мен әрбір Папуа-Жаңа Гви­неяның тұрғынына алғысымды білдіремін, парламент мүшелерінің 100 пайызы тек маған ғана емес, сонымен қатар мандатқа да дауыс беруге келді, бұл ұжымдық коалицияның айғағы, өйткені біз сайлауға серіктес ретінде бардық», деп қосты ол.

Аустралияның премьер-министрі Энтони Албаниз Джеймс Марапені бірінші болып құт­тық­тады. «Джеймс Марапені Папуа-Жа­ңа Гвинеяның премьер-министр­і болып қайта сайлануымен құт­тықтаймын. Аустралия мен Папуа-Жаңа Гвинея арасындағы серік­тестік ерекше: біз көршіміз, доспыз және бір отбасымыз. Аустралия екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту және ортақ аймақтық мәселелерді шешу үшін Папуа-Жаңа Гвинея үкіметімен жұмыс істеуге дайын», деп жазды туит­тердегі парақшасына.

Кейін Питер О’Нил дауыстарды санау әлі жалғасып жатқан кезде пар­ламенттің премьер-министрді сай­ла­ғанына наразылық ретінде Па­латаны тастап кеткенін айтты. «Мен Марапеге дауыс берген жоқпын, өйткені мен өз элек­то­ратындағы халық дұрыс сай­ла­маған көшбасшыны қол­дай алмаймын. Мен шығып кетіп, біздің партияның депутатта­рына адалдықпен дауыс беруге мүмкіндік бердім», деп пікір білдірді О’Нил. Ол тіпті пар­ла­ментті жинау үшін барлық 118 орынды жариялау керек деп, осы аптада өткен парламенттің отырысына тыйым салу туралы шұғыл өтініш берді. Алайда Жоғарғы сот арызды қанағаттандырмай, шешім шығарудан бас тартты.

БАҚ-тың мәліметінше, Папуа-Жаңа Гвинеядағы биылғы сайлау зорлық-зомбылықпен өткен, шілде айының соңында қақ­тығыстардан 50 адам қаза тап­қан. Сондай-ақ сайлаушылар­ды алдау, жәшіктерді қирату, канди­даттардың сайлау учаскелерін басып алу фактілері де тіркелген. Сай­лау тізімі он жыл бойы жаңар­тыл­­мағандықтан, миллионға жуық адам сайлау құқы­ғынан айы­рыл­ған.

Сондай-ақ үкіметтің кемшін тұстарын саралаған сарапшылар Папуа-Жаңа Гвинеяның жаңа парла­ментіне әйелдердің кан­ди­да­турасы 2017 жылдан бері алғаш рет ұсынылғанын айтады. Нәти­­жесінде, екі әйел – Орталық губер­­наторы Руфина Питер және «Рай» жағалауының депутаты Кес­си Саванг сайланды. Олар елдің 50 жылға жуық тарихында пар­ламентке сайланған бірі сегі­зінші, бірі тоғызыншы әйел депутат. Сарапшылар негізі депу­­тат болғысы келетін саясаткер әйел­дер саны аз болса да ниет біл­дірушілердің жеткілікті екенін ай­тады. Мәселен, биылғы сай­лауға 118 орынға 3 458 ер адам­мен бәсекеге 167 әйел түскен.