Қазақстандық спортшы Аделаида Пчелинцева 50 метрге брасс тәсілімен жүзу жарысында топ жарып, Ислам ынтымақтастық ойындарының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жанындағы Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ел қоржынында 13-інші алтын медаль және Ислам ынтымақтастық ойындарының рекорды! Финалда Аделаида Пчелинцева брасс тәсілімен жүзуде 50 м қашықтықты 31.71 секунд уақытта бағындырып Ислам ойындарының рекордын жаңартты.
Отандасымыз өзінің шеберлік деңгейін көрсетіп, қарсылас шақ келтірмеді. Түркия елінің спортшылары Гюнеш пен Саманчиді күміс және қола медаль алды, ал жерлесіміз алтын медаль олжалады», делінген хабарламада.