Геосаяси кеңістіктегі ахуалды қаперге алғанда еліміз үшін сыртқы саясат моделін ғылыми тұрғыдан пайымдау қажеттігі туындап отыр. Осы орайда әлем елдерімен, оның қатарында Шығыспен ынтымақтастық әрі өңірлік қауіпсіздікті жетілдіру жүйесі басымдыққа ие. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында «Өзгермелі әлемдегі Қазақстан мен Шығыс елдері: қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселесі» халықаралық жиынында аймақ елдері әріптестігінің келелі тұстары талқыланды.
Институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұы күрделі жағдайлармен бетпе-бет келіп отырған әлем және Орталық Азия аймағындағы ауқымды бетбұрыстарға тоқталды.
Орталық Азия аймағындағы жағдайдың өзгерістерге ұшырауы әсте кездейсоқ емес. Атап айтқанда, бұл халықаралық және аймақтық әртүрлі тенденциялар мен факторлардың өзара әрекеттесуінің тікелей жемісі. Оның Орталық Азияның болашағы мен жалпы жағдайға шешуші әсерін жоққа шығаруға келмейді. Ал жалпы алғанда, аймақтағы жағдай тұрақты. Д.Мәсімханұлы бұл мәселені бірнеше бағытта саралай келіп, біріншіден, «Аймақтағы барлық елдер мемлекеттік жағдайына сай келетін даму жолын белсенді түрде іздестіруде әрі саяси реформаларын алға жылжыта отырып, тұрақтылыққа ұмтылу, орнықтылықты бекемдеуді аймақтағы әр ел ұлттық мұратына айналдырып отыр», деді.
«Бұрынғы кеңестік республикалар, қазіргі Орталық Азияның тәуелсіз мемлекеттері үшін маңыздысы аумақтық тұтастық пен саяси тәуелсіздігін қорғау қағидаты болып қала береді», деді «Орталық Азия өңірі үшін интеграциялық бастамалар» баяндамасында Ресей ғалымы, саясаттану ғылымдарының докторы Дина Малышева. Оның айтуынша, өңір елдері өздерін әлемдік саясаттың объектісі емес, ұлттық мемлекет және субъект ретінде көрсетуге ұмтылады. Өңірлендіру осы елдердің өз мүддесін қорғауы мен ілгерілетуінің тиімді нысаны ретінде көп деңгейлігімен ерекшеленеді. Ол республикалардың егемен мемлекет ретінде ұлттық мүдделерін, әртүрлі интеграциялық үрдістер шеңберінде сауда-экономикалық және саяси өзара іс-қимылды дамытуға, өңірлік немесе өңірлік емес қатысушылардың кең ауқымды халықаралық-саяси бастамаларға, мемлекетаралық жобаларға қосылу мүмкіндігімен байланысты.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының докторы, Мұрат Лаумулин «Посткеңестік Орталық Азияны аймақтандыру мәселелерін» қозғады. М.Лаумулиннің айтуынша, Орталық Азия дәстүрлі түрде біртұтас аймақ ретінде қарастырылады. Сыртқы ойыншылар аймақтың біртұтастығын қабылдағанымен, Ресей, АҚШ, Қытай істі екіжақты деңгейде жүргізуді қалады. Ал Еуропалық одақ ұзақ уақыт бойы аймақтың біртұтастығы тұжырымдамасына салмақты қарап, интеграция теориясын насихаттай отырып, өз моделін жүзеге асырғысы келді. Алайда 30 жылда өздігінше дамып келген Орталық Азия аймағы субъективті әрі объективті себептерге байланысты біртұтас интеграция моделіне қарай жылжи қоймады. Тарихқа жүгінетін болсақ, ол тек ірі модель құрамында ғана интеграциялана алды. Бұл соңғы рет КСРО үлгісінде болғаны белгілі.
Бүгінде Орталық Азия жаһандық сауда маршруттары, инфрақұрылымдық жобалар шоғырланған, әлемдік державалардың мүдделері тоғысқан әлемдегі маңызды нүктелердің біріне айнлды. Бұл аймақтың экономикалық дамуы жаһандық қауіпсіздік үшін де маңызды әрі мұндай мүмкіндікті жергілікті державалар саяси еркіндігінде, халықаралық конъюнктурада іске асыра алады. Осы орайда сарапшы «Таяу болашақта Орталық Азия елдерінің саясат, экономика және қауіпсіздік салаларындағы басты әріптестері Бейжің мен Мәскеу болады», дейді. Өңірде Ресей мен Қытай Батысқа қарағанда басымдыққа ие болуға тырысатыны анық. Ал Орталық Азия елдері екі елмен де жақсы қарым-қатынас ұстануға тырысады.
Жиын барысында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің әртүрлілік жағдайындағы өзара түсініктік мәселесін қозғады. Осы орайда іргелі ғылымды дамыту мүмкіндіктеріне қатысты пікірін білдірді. Ал өзгермелі әлемде Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің өзара ықпалдастығындағы іргелі жобаларға мән беру қажет. Осы орайда ғалым «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасының маңызына тоқталып, шетел архивінен алынған материалдар тарих, археология, шығыстану, геоархеология, антропология, молекулярлы генетика, мәдениеттану секілді жалпыгуманитарлық және нақты ғылым мамандарының бірлескен жұмысына айналғанын әрі нәтижелі болғанын атап өтті.
АЛМАТЫ