Балалар жылы аясында өңірде балдырғандарға жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Таяуда ғана Тараздың төбесіне қара түтін төндірген «Қазфосфат» ЖШС жұрттың наразылығын тудырғанымен, серіктестікке қарасты тағы бір мекеме біршама уақыт бұрын балалардың алғысын алып үлгеріпті.
Анығырақ айтсақ, жақында ғана «Қазфосфат» ЖШС иелігіндегі Қаратау тау-кен қайта өңдеу кешеніне қарасты «Жұлдыз» балаларды сауықтыру лагерінің үшінші маусымы жабылды. Елімізде қалыптасқан эпидемиялық ахуалға байланысты лагерь жұмысы екі жыл бойы тоқтап қалған болатын. 2022 жылы лагерь жұмысын жандандыру үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Биыл біз балалардың жақсы демалуына күш салдық. Жалпы, демалушыларға арнап бес мезгіл дайындалатын ас мәзірі бар, ойын-сауық кешендері жеткілікті. Балалардың жан-жақты дамуы үшін қолдан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бірнеше үйірме жұмыс істеді. Ең бастысы, бассейнімізді талапқа сай жаңғырттық», дейді лагерь директоры Қарлығаш Қанапина.
Оның айтуынша, лагерь 3 маусым бойы үзіліссіз жұмыс істеді. Лагерьдің 14 күнге созылатын бірінші маусымына 235 бала қабылданған, соның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тегін жолдама берілген. Ал екінші маусымда 280 бала қабылданса, оның барлығы толық отбасынан шыққандар. Үшінші маусымға 235 бала келген.
Айта кетейік, жалпы «Қазфосфат» ЖШС биыл балаларға арналған барлық іс-шараларға 130 млн теңге қаржы бөлген. Келесі жылдың сәуір айынан бастап, лагерьді одан әрі дамыту мақсатында спорт кешендерін салу жоспарланған. Сонымен қатар балалар ойын алаңы бой көтермек.
Жамбыл облысы