Сыр сүлейлерінің мұрасын дәріптеуде Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылы азаматтарының еңбегі ерекше. Жуырда жүздеген шайыр шыққан осы топырақта «Жырдың жампоз жүйрігі – Тасберген жырау» атты облыстық жыраулар фестивалі ұйымдастырылды.
Жалпы, бұл ауылдың өткеннің өнегесіне сергек қарайтынын бұрыннан білетінбіз. Бұл шаруа да артына мол рухани қазына қалдырған Тасберген Құламанұлының есімі ұмытылып бара жатқанына алаңдаған ағайынның ұсынысымен «Тұрмағамбет» ЖШС жетекшісі, іскер азамат Нұржан Пірмантаевтың жыраудың басына белгі қоюынан басталыпты. Жыршылар өнерін тамашалаудан бұрын жиылған жұрт жыраудың зиратына соғып, рухына Құран бағыштады.
Қазіргі Алдашбай ахун ауылы маңында 1870 жылы дүниеге келген Тасберген Құламанұлы дәстүрлі өнерді байытқан өнерпаз. Алуан жүйріктің арасынан айрықша мақамымен ерекшеленген оның мұрасы шеті көрінбейтін мол қазына. Жетпіс жасында дүниеден өткен Тасберген Құламанұлының сүйегі 1940 жылы Тұрмағамбет ауылына қойылған.
Сүлейлер мұрасын зерттеп жүргендер қазір Сырдың бойында сақталған 300-ге тарта мақам-саздың жартысынан астамы осы Тасберген жырау арқылы бізге өрнегі бұзылмай жеткенін айтады. Жыраудың әйгілі «Маңырамасы» жыр көмбенің баға жетпес қазынасының бірі. Көптеген дастан мен толғауды кейінгіге жеткізіп, бұрынғы жыраулар мұрасын насихаттаған ол өнегесі өшпейтін өнерпаз.
– Ел аузындағы деректерде жыраудың Кәдір есімді шәкірті болғаны айтылады. Кешегі қызылдың қыспағында Ауғанстан өтіп, жат жерде дүниеден көшіпті. Ауғанстанда Кәдірдің дауысын америкалық өнер зерттеушілері жазып алса керек. Осыдан біраз жыл бұрын белгілі жырау Алмас Алматов бастаған азаматтар сол жазбаны тауып, ортамызға оралтты, – дейді жыршы Берік Саймағамбетов.
Құлағы мақам-сазға қанық ауыл тұрғындары өткен ғасырдың сексенінші жылдарында жыраулық дәстүрдің жолын жалғайтын үйірмелер ашып, балаларды саф өнерге баули бастаған екен. Осындай бастаманың негізінде дүниеге келген «Тасберген жырау» мектебінің негізін қалаушы, осы ауыл мектебінің мұғалімі Сүйінбай Ақбаев болыпты. Бұл күнде дүниеден озып кеткен азамат бағзы өнердің бағын ашқан игілікті істі ақы-пұлсыз, тегін атқара жүріп, алғашқы лекте ондаған баланың басын топтастырыпты. Солардың бәрі бүгінде сүлейлер жолын жалғаған белгілі өнерпазға айналды.
«Жыр деген құлаш сермеп ғаламатқа,
Ұрпағым өссін ерек саламатта.
Зейінді ашатын жыр, сананы сөз,
Қиянат қылмағайсың аманатқа…»,
дейтін Тасберген жырауға арналған фестивальді Қазақстанның мәдениет қайраткері, жыршы Берік Саймағанбетов жүргізіп, көп алдында Қасарбек Кәрібаев, Амандық Бүрлібаев, Дінислам Тоқсанбаев, Балтабай Бедебаев, Айдос Рахметов, Серік Жақсығұлов секілді белгілі өнерпаздармен қатар жыр көшіне енді ілескен Әлішер Мырзағалиев, Динар Рахман, Алмат Азаматов, Аңсұңқар Бүркітбай, Арай Оңғарқызы сияқты жастар жырлады. Көпшіліктің қолқалауымен жыраудың немересі Қалабай Нұрмаханов та өнер көрсетті.
– Жалпы, жыр өнер ғана емес, тәрбиенің де қайнар көзі. Сыр сүлейлерінің мұрасын жаңғыртудан жаманшылық көрмейтініміз анық. Сондықтан да ұсынысымызға қолдау танытқан ел азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ел барда, жұрт орнында тұрғанда асыл тұлғаларымыздың аты өшпек емес, – дейді Тұрмағамбет ауылының тұрғыны, зейнеткер Тоғанас Сарыбаев.
Фестиваль соңында аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов рухани шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысын жеткізіп, өнерпаздарды марапаттады.
Қызылорда облысы,
Қармақшы ауданы