• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Тамыз, 2022

Бабалар салған сара жолмен

579 рет
көрсетілді

2018, 2020 және 2021 жылдары ұйымдастырылған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы биыл еліміздің Батыс өңірлерін аралап қайтты.

Экспедиция мүшелері бұған дейінгі сапарларында сегіз жарым мың шақырымды еңсерген еді. Елге оралған соң олар экспедиция барысында аралаған киелі жерлерден алған әсерлерімен, өлкеміздің тарихына қатысты жинақтаған ақпараттарымен бөлісті.

«Бұл жолғы экспедиция Батыстың ерлік, рухани, мәдени байлығын зерделеуге арналды. Мақсат – арнайы жинақ шығарып, халықтың игілігіне ұсыну және оны жұртшылықтың, әсіресе жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыруға пайдалану. Біздің жүрген жолымыз Ырғыз, Ақтөбе, Бейнеу, Маңғыстау, Атырау, Орал, одан кейін Қостанай, Көкшетаумен аяқталды. Бұл жолдың ұзындығы 8 мың 500 километрді құрады. Осы жолдың бәрін 15 күннің ішінде еңсеріп шықтық», дейді экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы.

Іс-шара «Алтын Орданың 750 жылдығына, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. Ақтөбе қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде экспедиция мүшелерінің, ақтөбелік ғалымдар, тарихшылар, музей қызметкерлері және кітапханашылардың қатысуымен ғылыми конференция өтті. Жалпы, экспедицияның мақсаты бабалар салған сара жолмен жүріп өтіп, тарихи орындарды аралау, көне қорымдарға, аруақты, баһадүр батырлар мен хандардың, билердің басына тағзым ету, көне қалалардың орындарын зерттеу, қазақтың азаттығы үшін болған шайқас орындарына бару, бұрын-соңды ашылмаған тың дүниелерді жарыққа шығару болды.

«Аталған экспедиция әрі қарай да өзінің тарихи-танымдық бағыттағы жұмыстарын жалғастыра беруге дайын», дейді экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы.

 

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,

«Көкшетау» газетінің бас редакторы

 

Ақмола облысы