• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Тамыз, 2022

Аспаннан түспеген адам

937 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Премьер-министрі Ұзақбай Қарама­новтың тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей береді. Ұзақбай Қарамановтың тарихтағы орны талассыз – Қазақстан тәуел­сіздігін жариялауға дайындалған тұста республика үкіметін басқарды. Ең қиын кезде Алтай мен Атырау арасындағы елдің барлық шаруашылығына жауап берді. Өнеркәсіп, ауыл, қаржы, құрылыс, көлік, әлеуметтік және мәдени саланың бәріне басшылық жасады. Сол тұста тұрғындарды күнделікті тауардан тарықтырмау мен аштыққа ұшыратпау аса күрделі мәселе еді.

1990 жылға қарай Қайта құру реформасы тығырыққа тіреліп, Кеңес Одағының экономикасы күйреп жатты. Ең ауыр кезең бас­талды. Әлем баспасөзі 250 миллион тұрғынның ашаршы­лық­қа ұшырайтыны туралы ашық жаза бастады. Оның ішінде Қазақстанның 16 миллион адамы бар еді. Ұзақбай Қараманов күн-түн демей Мәскеу мен Алма­ты, Алматы мен аймақтар ара­сына шапқылап, өндірістің соң­ғы тынысын тоқтатпады. Респуб­ликаның өз күшімен тырбануын қамтамасыз етті. Одақтық бағыныстағы кәсіпорындарды Қазақстанның қолына алуға барын салды. Онда республика экономикасының 95 пайызы тікелей Мәскеуге бағынатын. Жеңіл өнеркәсіп, Жергілікті өнер­кәсіп және Тұрмыстық қызмет министрліктері ғана Алматыға қарап, есеп береді.

Алып зауыттар мен комбинаттарды республиканың басқаруына алу мен осында салық төлету үшін күресте азу танытты. Қызметті Министрлер Кеңесінің Төрағасы деген лауазыммен бастап, 1991 жылдың күзінде оның мәртебесін Премьер-Министрге айналдырды. Сөйтіп, Қараманов Қазақ­стан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі болды.

Үкіметті басқаруға аяқ асты­нан тап болмағанын бүкіл өмір жолы айғақтайды. Бұл – шың­далудың, өзін жетілдірудің жар­қын жолы. Сондықтан бірқатар бедерімен таныстырып өтелік.

Ұзақбай – Арал аймағына аты кең танымал болған Қараман деген балықшының баласы. Қара­ман Ыңғаев қазақ балықшылары арасында бірінші рет «Құрмет Бел­гісі» орденін алған. Оны Мәс­кеуде «Бүкілодақтық старос­та» атанған Михаил Калинин өз қо­лымен таққан. Сол жолы Жам­был Жабаев пен Қараман Ыңғаев қатар отырған автокөлік Мәс­кеуді аралап, бұларға қаланы Молотовтың әйелі Жемчужина таныстырған.

Қараманның бел баласы Ұзақ­байдың дүниеге келуінің өз сыры бар. Төрт рет қыз тапқан анасы Айымсұлу және бастарына қиындық түскен тағы екі келіншек қайықпен қырға шығып, Бектау деген жердегі әулиенің басына түнейді. Сонда Айымсұлу түс кө­ріп, Жанғожа батыр бұлардың үйіндегі адалбақанға бөркін іліп кетеді. Осыдан кейін балықшылар бригадирі Қараман мен бүкіл ­туыстар ұзақ күткен ұл – Ұзақбай іңгәлаған.

Түстің тағы бір тылсымы өзі­нің басынан өткен. Онда «Алма­атапромстрой» тресіне қарас­ты құрылыс материалдары мен құ­растырмалары зауытының дирек­торы болатын. Треске қа­рас­ты барлық құрылыс-мон­таж басқармаларын бетон құрамалармен, панелдермен, есік-тереземен жабдықтайды. Жұмысы мінсіз. Жабдықтау кес­тесі мүлтіксіз орындалуда. Алма­тының Абай даңғылын Саин даң­ғылына дейін созып, жаңа ша­ғын аудандар құрылысына керек материалдың бәрін ол басқарған зауыт шығарады.

Бір күні директор алаңдап оянады. Жұмысқа барар кездегі таңғы шайын құйып жатып зайыбы Ұлдай не болғанын сұрай­ды. «Түсімде Сталин екеуіміз ­бір табақ­тан ет жеп отыр екенбіз. Ста­лин өлген адам ғой, мен де өліп қаламын ба деп қорқып отырмын», дейді Ұзақбай. Сонда ­Ұлдай апамыз «Сталин ел бас­қар­ған. Онымен табақтас болсаң, сен де ел басқаруға жетесің» деп ­жақ­сылыққа жориды.

Тура сол күні Қарамановты треске шақырады. Барса, сені «Алматы құрылыс» бас басқар­масынан іздеп жатыр» дейді. Бас басқармаға барса, «ойбай, сені сұратқан біз емес, қала­лық партия комитеті, сонда бар» дейді. Ондағылар болса «Орта­лық Комитетке заула, солар ша­қырып жатыр» дейді. Не керек, Ұзақбайды Орталық Комитеттің құрылыс бөліміне жауапты қыз­метке тағайындамақ екен.

Орталық Комитетте қызметте жүргенінде Аралдан әкесі келді. Бар шаруасы – «Қонаев отыратын жерді көрсет». Орден таққан Қараман ақсақалды Қонаевтың қабылдау бөлмесі жанындағы кү­зетке дейін апарады. Қарт ба­лықшы риза. Кезінде Кремльде бол­ған еді, енді Алматыдағы Үкі­мет үйін көріп шыққанына ғана емес, баласының сонда қызмет істейтініне риза болғаны анық.

Бәрібір кабинеттегі жұмыс Ұзақбайға қол емес екен. Бір жыл­ға жетпей құрылыс саласына жіберуге сұранды. Куйбышевтегі сәулет және құрылыс институтын бітірген, туған жері Аралда көп ғимарат салған, үлкен ұлының денсаулық жағдайымен Алматыға келіп, мұнда өзін танытқан Қара­манов партияның Орталық Коми­тетіндегі қызметтен бас тартты. Бұрын болмаған құбылыс. Орта­лық Комитеттің екінші хатшысы Виталий Титов қатты таңғалған. Трест басшысына таға­йындауға бос орын болмай, ақыры 22-құрылыс-монтаж бас­қармасына бастық етті. Кешік­пей Қараманов бәрібір «Алма­атапромстрой» тресін басқарды. Келесі сатыда қаншама трестің басын құрайтын «Алматы құрылыс» бас басқарманың тізгінін қолға алды.

Алматының қазіргі Достық, сол кездегі Ленин даңғылы бо­йын­дағы тоғыз қабатты үйлердің, Ленин атындағы сарайдың, «Қа­зақ­стан» қонақүйінің, Медеу мұз айдынының, Әуезов атындағы драма театрының құрылысын басқарды. Киров атындағы зауыт­тың Ыстықкөлдегі құпия торпедо сынау базасын салды. Бәрін санап тауысу мүмкін емес. Құрылыс саласынан диплом алған қазақ жастарын тауып, қамқорлық жасады. Кейін «Алматы құрылыс» бас басқармасының тізгінін өзі баулыған мамандардың бірі Амангелді Ермегияевке сеніп тапсырды.

Өйткені өзі өсе берген. Әрі қарай жеңіл өнеркәсіп ми­нис­трінің орынбасарына таға­йын­­далды. Осы саланың құры­лыс­тарын: әр облыстағы аяқкиім, тері өңдеу, шұлық-ұйық, тігін және тоқыма фабрикаларын, оның ішін­де атақты Алматы мақта-мата комбинатын салды. Бұдан кейін Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ селден қорғау бас басқар­масын басқарды. Ұзақбай ағаны алғаш осы қызметте көрдік. Онда Үлкен Алматы каналы салынып жатты. Оның құрылысын тең бөліп, үш мекемеге тапсырған. Соның бірі Қазақ селден қорғау бас басқармасы еді. Біз жастар газетінің тілшісі ретінде құрылыс басында болып, «Ырыс арнасы» атты үлкен мақала жазғанбыз.

Осы алып құрылыс кезінде Қарамановтың тиянақтылығы, талап қойғыштығы мен іскерлігі республика басшысы Қонаевқа қатты ұнайды. Содан Қараманов ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің бірінші орынбасарына тағайындалды. Бұл – министр лауазымына тең­дестірілген қызмет. Себебі: ауыр индустрия – бүкіл өндірістің жүрегі.

Қараманов Қарағанды, Қос­танай, Шығыс Қазақстан, Шым­кент, Ақтөбе арасында тынбай жү­ріп үлкен өндіріс орындарын іске қосты. Теміртауда ақ қаңылтыр цехын салды. Жезқазғанның Жәй­ремінде кен-байыту ком­би­натының құрылысын қызу жүргізді. Біздің жолымыз осы жер­де тағы түйіскен. Жас­тар га­зе­тіне «Жастықтан бел­гі қал­ды Жәйрем деген» тақы­рып­пен бірнеше мақала жаздық. Қос­танайда химиялық талшықтар зауы­тын, Лисаков пен Қашар қала­ларында кен-байыту ком­би­нат­тарын, Рудныйдағы алып ком­бинаттың қосымша қуат­тарын салуға басшылық етті. Шым­кентте шина мен мұнай айыру зауыттарының құрылысына жауапты еді.

Осы тұста алғашқы реформасын жасады. Министрлік пен трестер арасындағы облысаралық бас басқармаларды артық буын ретінде қысқартты. Ондағы мамандар нақты өндіріске жіберіл­ді. Бүкіл трестерді министр­лік тікелей басқарады. Жұмыс ауыр­­лады, бірақ жүру қарқыны жеделдеді.

Осы қызмет бойынша кезекті іссапармен Қостанайға келген еді. Бірақ әуежайдан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы күтіп алып, «сізді Орталық Комитет­тен іздеп жатыр. Осы ұшақпен Алматыға қайтасыз» дейді. «Тағы не болып қалды» деп ойласа, республикалық Материалдық жабдықтау комитетін басқаруға тағайындамақ екен. Бұл – үкімет мүшесі болу.

1987 жылы Қазақстанда «Тұр­ғын үй – 91» атты бағдарлама басталған. Соған орай барлық аймақтағы тұрғын үй құрылысын қажетті материалмен қамтамасыз етуге білікті басшы іздестірілген. Таңдау Ұзақбай Қарамановқа түсіпті. Осы қызметті абыроймен атқарғандықтан оған 1989 жылы жазда Қазақстан үкіметін басқаруды сеніп тапсырды. Міне, Қарамановтың өсу жолы осындай. Еш жетексіз, «көке» мен «жәкесіз» шыққан биігі.

Үкімет басшысы КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты да болуы керек. Сайлауға Талдықорған облысынан түсуге тиіс. Осы кезде аймақтың сайлаушыларына ғана емес, бүкіл республикаға Ұзақбай Қарамановты кеңінен таныстыру бізге тапсырылды. Жүз­де­сіп, қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінің екінші бетін тол­тырып «Нар жолында жүк қал­майды» ­деген мақала жазып едік. Кешікпей басылымның 70 жылдық мерейтойына өзі салған Әуезов атындағы театрға келгенде алдына мақтанып баруға ұялғанбыз.

Халыққа қызметін айтпағанда кісілігі көпке үлгі еді. Бойында тә­каппарлық, менменсу жоқ. Ба­рынша қарапайым, бірақ сұмдық талап қойғыш. Онсыз үкіметті де, құрылыс саласын басқару мүмкін емес. Екі тілде бірдей кіммен болсын еркін сөйлеседі.

Адалдығы адам таңғалар­лық­тай. Құрылыс саласында жүріп отбасының баспана мәселесін ойламайтын. Болмаған соң зайыбы Ұлдай жоғары басшылар­дың алдына барып, дұрыс пәтер сұраған кезі болған. Бүкіл республиканы материалдық жағына жабдықтап тұрып үйіне сабақ­ты ине әкелмеген. Есесіне 1989 жылы Қазалы ауданына қар қалың түсіп, көктемде бірнеше күн нөсер құйып, ескі үйлер құлап қалғанын көргенде 3 миллион кеңес сомы мөлшеріндегі құрылыс материалын жөнелтеді.

Қызметті жеке басына пайда­лан­бағанына және бір қызық мысал бар. Республика үкіметін басқарып жүргенінде үш ұл­дың кенжесін әскерге шақырады. Жар­­ты жылдан кейін әйелі Ұлдай әс­кердегі баласының жағдайын білуге бармай ма. Сонда әскери бөлімдегі офицерлер оның әкесі Қазақстан үкіметінің басшысы екенін бір-ақ естіпті. Неге әке­сі әскерден алып қалмаған? Неге сол­дат әкесінің республика Министрлер кеңесінің төрағасы екенін айтпаған? Отбасындағы тәртіп пен тәрбиені осы мысал байқатса керек.

Ұзақбай ағаның алдынан талай жақсы адамдар жолыққан. Куйбышевте оқып жүргенде практикадан Волга өзені арқылы теп­лоходпен қайтады. Палубада екі адам шахмат ойнап отыр. Мұны курстас досы Василий Карпов бүйірден түріп, «сен ойнасаңшы, институттың чемпионысың ғой» дейді. Иә, оқуға түскенше шахмат ойнамаған Ұзақбай төрт жылдан соң чемпион болып шыққан. Алғырлығының белгісі.

Не керек, шахмат тақтасында бір кісіге қарсы ойнап, қатары­нан үш рет ұтылады. Сөйтсе, қар­сыласы – шахматтан әлем чем­пион­дығына бірнеше рет үміт­кер болған халықаралық грос­смейс­тер Лев Полугаевский, қасын­да­ғысы даңқты Михаиль Таль екен!

24 жасында, Аралдағы 250 адамы бар құрылыс басқармасын басқарған жас маманға қаланы сумен жабдықтау үшін Аманөткел – Арал құбырын тартуға тапсырма түскен. Екі ара 99 шақы­рым. Болат құбырдың диаметрі 1 метр, әрі жер астында жатады. Белгіленген екі жылда құрылысты қабылдауға Алматыдан тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лық министрінің орынбасары Атымтай Қисанов келген. Түгел аралап, суды жоғары қысыммен айдап, тексереді. Ақыры актіге қол қойып қабылдайды. Сонда «Қонаевтың ең сенімді адамы» делінетін Атымтайды бір рет қо­нақ етпепті. Екеуі құрылысшы­лар асханасынан түстеніп, оған үлгермесе машинаның капотына қағаз жайып, нан мен балық жеп, су ішіп жүре беретін.

Осының бәрін бағамдағанда Қараманов аспаннан түскен, яғни билікте аяқ астынан пайда болған тұлға емес. Қайта бүкіл білімі мен күш-қуатын мемлекетіміз толық пайдалана алмаған қайраткер болатын. Ауыл шаруашылығын ыдыратып, жекешелендіруге бол­майтындығы туралы ұстанымда еді. Арада отыз жыл өткенде, жер жүзі азық-түліктің сұрапыл тап­шылығына тап болғанда сан со­ғып отырмыз. Қазақстанды әлем­дегі ең көп астық пен ең дәмді мал өнімдерін экспорттайтын мемлекеттердің алдыңғы сапына шығарудың мүмкіндігі қолдан сусып кетіпті.

Үкімет басқарғаннан кейінгі қызметінде Қарамановтың Арал аймағын сақтап қалудағы қайрат­керлігі ерекше. Бүкіл дүние­жүзі­лік банкке донор елдердің қар­жы аударуы, соған Көкарал су бөгенін тұрғызу үшін еңбек етті. Бірнеше мемлекеттің басын қосқан Халықаралық Арал қорын басқарды. Парламент Мәжілісінің комитет төрағасы болғанда депутаттардың үлкен тобын аймаққа апарып, жергілікті жағдаймен таныстырды. Көшпелі мәжіліс өткізді. Сол арқылы эко­ло­гиялық апат аймағын сауық­тыруға ұмтылды.

Кеңес Одағының алдымен мақта, одан кейін күріш деген саясатының құрбан болған қайран Арал жастық шағының сырына куә еді. Амал не?! Бастауыш мектепті оқыған Үшмырза, одан орталау мектепті оқыған Ұялы ауылдарының орны да қалмаған. Ұялыда жылына 20 мың тонна балық өңдейтін үлкен зауыт болған. Аралдан күн сайын ұшақ қатынайтын. Екі жағалаудың арасы 300 шақырым.

Бірде студент Ұзақбай су жолы арқылы Ұялыдан Аралға кемемен шығады. Сол кемеге медицина училищесінде оқитын Ұлдай да отырыпты. Дизельді кеме 300 шақырымға 33 сағат жүзеді. Екі күн, бір түнде екі жүректе махаббат ұшқындайды. Уәделесіп алып, төрт жылдан соң Ұзақбай институт бітіріп келгенде екеуі үйленген. Төрт күнге шыдамайтын қазіргілер үшін ертек шығар.

Аралдағы кеменің махаббат оқи­ғасы «Титаниктен» ана­ғұр­лым сәтті болды. Екеуі үш ұл өсір­ді. Ұзекең халықтың құр­метіне бөленіп, 80 жасқа жетіп, өмірден өтті. Ұлдай апа медицина училищесінен кейін ұлымен қатар оқып, университеттің заң факультетін бітірді. Бас прокуратурада жауапты қызмет істеді.

Тек бұл «Титаник»» жүзген айдын баяғыдай шалқымайды. Ұлы теңіздің орнында Кіші Арал ғана сақталды. Онда да Қарама­нов сияқты қайраткерлердің арқа­сында.

 

Қайнар ОЛЖАЙ