Жуырда Бурабайға қыдырып бардық. Бөлектауға шығып едік, сол жерде орыс тілді экскурсия жүргізуші алдында тұрған адамдарға осы өңір туралы аңыздар айтып жатыр екен.
Бір кезде кезек Жұмбақтасқа келді. Экскурсия жүргізуші жігіт әңгімесін былай деп бастады: «Вы знаете Калмыкскую Автономную Республику в России, вот оттуда один богатый человек хотел отдать свою дочь за казаха...». Сол кезде мені өз тобымның адамдары шақырып, қалмақ байдың не себепті қазаққа қызын бермегенін ести алмай қалдым. Ал әрі қарай ол былай деді: «Так вот каждый батыр хотел взять себе в жены эту красавицу...».
Экскурсия жүргізуші жігіттің одан кейінгі айтқандарында аңыздағыдан көп айырмашылық болған жоқ. Мені таңдандырғаны «Калмыкская Республика в России» деген сөздері болды. Бұл не?! Жігіт аңызды дұрыс білмей ме, әлде әдейі бұрмалап тұр ма?! Мұндай шала сауатты адамды экскурсия жүргізуші ретінде жіберген кім?! Әлде ол өз бетімен халықты серуендетіп жүрген біреу ме?! Мұндай сорақылықты Бурабай паркінің әкімшілігі неге білмейді?!
Қысқасы, оның басқа сөздері мен атауларында да қателіктер болды. Мысалы, ол «Озеро Боровое», «Малое и Большое Чебачье», «Гора Синюха», «Три Сестры» деп айтты. Ал көлдердің атаулары «Әулиекөл», «Айнакөл», осы жер «Бурабай», тау «Көкше» емес пе еді?! Бұл – осы өлкенің ғана емес, қазақ жерінің тарихи, мәдени, рухани қазыналарын бұрмалап, нұқсан келтіру, мазақ ету ғой!
Бурабай паркінің әкімшілігінен экскурсия жүргізушілерін дұрыс таңдап, дұрыс оқытқанын талап етемін!
Жамал СМАҒҰЛ,
ардагер мұғалім,
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы