Қазақты қалай жақсы көру керектігін көркемөнерде Қастеев үйретті. Маған, сізге, оған… Қай ұлттың болсын өзіне тән бояуы болуы заңдылық. Сол қоңыр бояуды алғаш қолданған сұңғыла суреткер еді. Бейнелеу өнерінің беймәлім әлеміне ауыл баласының арманын жазды. Жоқ, жазып қана қойған жоқ, көшпенді халықтың ғаламат ғұмырынан сыр суырды.
Ұлы суретші Әбілхан Қастеев несімен әлі күнге оқулықтың бетінен түспеді деп ойлайсыз? Неге алдымен қазақ баласы Қастеевке қарап бой түзеуі керек? Себебі оның шығармаларында ұлт рухының жүрегі соғып тұр. Сол сом жүректің дүрсілін сезген оқушы ел мен жерге деген сүйіспеншілігінен ләззат алады. Ол ләззат – дүниедегі ең асыл ләззат. Әрбір композициясының ішінде қазақ жүреді. Демі, тынысы, қимылы, киімі, жұпары, ізі бәрі-бәрі көзге анық, көңілге таныс көрінеді. Сенбесеңіз, қараңызшы…
Қылқалам шеберінің 1936 жылы жазған «Колхоздың сүт фермасы» картинасы. Бұл көріністердің шынайылығы соншама, бір сәт өзіңізді сол бір қаймағы бұзылмаған, тамылжыған табиғат құшағында тұрғандай сезінетініңіз бар. Сыңсыған ну орман, гүл көмкерген шалғынды алқап, сылдырай аққан тұма бұлақ... бәрі-бәрі де жаныңа соншалықты жақын көріністер.
Ертеде қазақ топырағының қай пұшпағына табаныңыз тисе де алдыңыздан дәл осындай сұлу табиғат сызылып шыға келетін. Ол жылдары Табиғат-ана келбетіне әлі қаяу түсе қоймаған-ды. Қастеев полотноларындағы әлгі көріністер – сондықтан да көзге ыстық, көңілге жақын. Ал суретші кейіпкерлерінің жүздері жарқын, қанағатшыл, тәубешіл кейіпте бейнеленген. Адам жанының ең ізгі, ең аяулы мезетінен жыр өріп, түс беріп, композицияны ширықтыра түскен.
Бұл – қайталанбас Қастеев! Байырғы қазақ өмірінің қыз-қыз қайнаған шағы, албырт күннің аспанында тербелген тіршілік қол бұлғап тұрғандай. Табиғаттың құшағында балқыған тірі сурет.