Төтенше жағдайлар саласының ардагері
Ұлы Отан соғысы қаншама адамның өмірін жалмап, қаншама отбасының ойранын шығарып кеткенін бұрынғы көнекөз қариялардан естіп отыратынбыз. Соғыстың қан майданына Ресейдің қол астындағы барлық республиканың ұлттары мен ұлыстары бір кісідей жұмылдырылған болатын. Оның ішінде Қазақстаннан кеткен азаматтардың санында да есеп жоқ.
Ұлы Отан соғысына қатысқан немесе тылда еңбек еткен азаматтар Қызылорда облысында да аз емес. Оның ішінде төтенше жағдайлар саласында жұмыс жасағандары да болған. Осы тұста соғыс және тыл ардагерлерін ардақтау, кейінгі буынға патриоттық тәрбие беру мақсатында түрлі іс-шаралар мен насихаттық жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Мұндағы басты мақсат қарт ардагерлерімізге құрмет көрсету, қазақстандықтардың бойында аға буынның әскери ерліктері үшін мақтанышын тудыру, жастардың бойында патриоттық сезімдерін арттыру болып табылды. Бұл шара болашақта да жалғасын таба бермек.
Соғысқа аттанып, елін қорғаған халқымыздың батыр ұлдары мен қыздарын есте сақтауға, ерліктерін үлгі тұту бәрімізге ортақ парыз. Бұл олардың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін, олардың біздерге бейбіт өмірді қамтамасыз еткендері үшін көрсетілген құрмет. Қызылордалық төтенше жағдай саласында еңбек еткен тыл ардагерінің бірі ол - П.П.Кафатариди. Ұлы Отан соғысының тыл ардагері ретінде Пенелопа Панайотовнаның үйіне барып, тұрақты хал-жағдайын біліп отыруды Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі ардагерлер кеңесінің Қызылорда облыстық филиалының /бұрынғы «Қызылорда облыстық ТЖД жанындағы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі/ төрағасы Тұңғышбай Ботабаев та назардан тыс қалдырмай келеді.
Полина әжейге келсек, дәлірек айтқанда, Пенелопа Кафатариди Панайотовна – 1927 жылғы 17 қарашада Ресей Федерациясы Абхазия Республикасы Сухуми қаласында туған.
«Әкемнің аты-жөні Панайот Иванович Кафатариди, анамның есімі Елена Кафатариди, - дейді әжей әңгіме барысында. - Өзіміз грек болғандықтан, ата-бабамыздың қай жерден көшіп келгенінен хабарсызбын, көзімді ашқалы бері Ресейдің Сухуми қаласында бойжеттік, екі сіңілім бар еді, кейін бірі қаза болды, бірі - Мария сіңілім қазіргі күні Грекияға көшіп кетті. Оның бір ұлы бар, келініміз қазақ - Мира олар да ата-енесімен бірге Грекияда тұрады. Ата-анадан бірге туған Анести есімді ағам болатын, Харьков қаласынан майданға кетіп, оралған жоқ. Осы бір оқиға себепкер болды ма? Менде сонау бала кезден жастайымнан соғысқа аттанамын деген үлкен мақсат болды. Бірақ мені соғысқа қайдан алсын? Жас жетпейді, оның үстіне қыз баласың деп Сухуми қаласындағы әскери госпитальдың жараланғандардың жарақатын таңатын бөлімге тазалықшы, көмекші ретінде еңбек етуге қабылдады».
Полина әжей, сөйтіп, сұрапыл соғыс кезінде госпиталь жұмысына өзі сұранып аттанған. «Ешқашан да соғыс болмасын, еліміз тыныш болсын!», - дейді әңгіме барысында кейуана. Кейін соғыс біткен соң 1945 жылы елге оралады. Елде Полуектов Евгений Сергеевичке тұрмысқа шығып, Сергей атты ұлды болады. Бірақ дәм-тұзы жараспаған соң одан ажырасып, баласын анасына тапсырады.
«Жұмыс іздеп, екі қолға табылған түрлі жұмыстың бәрінен бас тартпадым. Одан кейін Тереңөзек ауданындағы ауруханада аспазшы болып қызмет еттім. Осы тұста 1928 жылы туған қазақ азаматы Қаржаубаев Марат Рысқұлұлымен бас қостым», - дейді ол.
«Енем жақсы адам болатын, - деп еске алады сол күндерін әжей. - Мәкеңмен бас қосқан соң екі балалы болдым, Серік және Мұрат атты. Қазір балаларым жұмыс істейді, менімен бірге тұрады».
«Еңбек жолымдағы 1962-1977 жылдары Қызылорда қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде диспетчер болып жұмыс жасадым. Сөйтіп, осы бөлімнен зейнеткерлікке шықтым. Жарым адал және жақсы азамат болатын, 35 жыл отасқаннан кейін қарақшылардың қолынан қапияда қаза болды. Жұбайым Мәкең де, ұлым Серік те өрт сөндіру саласында қызмет етті. Өзіме де осы қызмет еткен орным ыстық. Кезінде осы қызмет орнымдағы бір бөлмеде уақытша тұруыма басшылықтағылар рұқсат етіп, паналадым, 2012 жылы қаладағы Тасбөгет кенті Амангелді көшесі 1 көпқабатты тұрғын үйден әкімшілік тарапынан арнайы 2 бөлмелі пәтер берілді. Қазір шүкір, жағдайым жақсы, сіздерге мың алғыс мереке сайын жағдайымды біліп хабарласып тұрасыңдар, аман-есен қызмет ете беріңіздер, айналайын!» - дейді Пенолопа әжей.
Бөлмеден әжеймен қош айтысып шығып бара жатып, жазу үстелі үстіндегі алғыс хаттар мен естелік суреттерге, анықтамаларға көзім түсті. Олардың ішінде Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі әскери-медициналық мұражайының әскери медициналық құжаттар мұрағатында П.П.Кафатаридидің госпитальда тазалықшы қызметін атқарғандығы туралы архивтік анықтамасы бар. Өрт сөндіру қызметі саласында еңбек етіп жүргенде алған алғыс хат, құрмет грамотасы, Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 65 жыл толғанда Қазақстан Төтенше жағдайлар министрі В.К.Божконың арнайы алғыс хатымен марапатталғаны, 2013 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнінде берілген «Құрметті ардагер» медалі бар екен.
Ардагер бүгінде еліне тек қана тыныштық пен ынтымақ, кейінгі буын ұрпаққа аманшылық тілейді. «Біз көрген соғыс зардаптарын ешкім де көрмесе екен»,- дейді ағынан жарыла. Иә, осынау бейбітшілік заманды кейінгі ұрпағына тарту еткен, сұрапыл соғыста, тылда деуге де келмейтін, соғыстың өртіндегі госпитальда еңбек еткен ананың жараланғандарды жазуға, оларға деген аялы алақаны мен үлкен қызметі, табан ет, маңдай тері бәріміз үшінде қайтарусыз екені рас.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.