Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан-Әзербайжан стратегиялық әріптестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға назар аударды.
Қазақстан басшысы Бакуге шақырғаны және көрсетілген қонақжайлылық үшін Әзербайжан басшысына ризашылығын білдірді. Қ.Тоқаев шағын құрамда өткен кездесу барысында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың әртүрлі салаларындағы өзара іс-қимылының барлық мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың қолайлы перспективаларына назар аударды.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті әріптесіне шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Әзербайжан Президенті жақында Сумгаит қаласының орталық көшелерінің біріне қазақ халқының көрнекті ұлы, ағартушы, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілгенін еске салды. Ол бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынастардың табысты дамуына сенім білдірді. Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Әзербайжанның Физули қаласында Құрманғазы атындағы балаларға арналған шығармашылықты дамыту орталығы салынады.