• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Тамыз, 2022

Жол сапасы мен ауыз су жайы өте өзекті

175 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары, Amanat партиясының мүшелері Сәлім­жан Нақпаев пен Нұрлыбек Ожаев Атырау облысына сапарлары барысында «Ембімұнайгаз» еңбек ұжымымен кездесті.

Мұнай саласы Атырау облысы үшін үлкен мәнге ие. Сондықтан мәжілісмендер Парла­ментте атқарылған жұмыс­тар туралы, мұнай саласына қатысты жалпы жұмыстардың бағытымен танысты.

Мәжілістің баспасөз қызме­тінің хабарлауынша, жиында Атырау облысы үшін маңыз­ды тақырыптың біріне айналған Атырау-Астрахан тас жолын­дағы күрделі жөндеу жұмыстары туралы мәселелер көтерілді. Өңірдегі Индер-Қарабау тас жолының да тұрғындар үшін маңызы зор.

«Бұл жолдардағы жөндеу жұмыстары жоспар бойынша бірнеше жылға созылады. Ол бар болғаны 80 шақырым. Биыл қар­жы бөліп, қалғанын келесі жыл­­ға қалдырып, уақыт созып жүр­генде жасалған жол тозып кетуі мүмкін», деді С.Нақпаев. Сон­дықтан депутат әлеуметтік маңы­зы бар мәселелердің орындалу барысы үлкен мәнге ие екені­не тоқталды. Отырыста эколо­гия­лық ахуал мәселесі де талқыланды.

Ал Мәжіліс депутаты Нәзилә Раззақ Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы ауыз су құбырының құрылысымен танысып, құбыр желілерін және су қабылдау ғимараттарының құрылысын жүргізген «Интеллект Азия» ұжым өкілдерімен кездесті.

Айта кету керек, су құбыры Amanat партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауал­ды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында пай­далануға беріліп отыр. «Мем­лекет басшысы қоғамды толған­дырған әлеуметтік-эконо­ми­калық проблемаларды шешу жөніндегі бірқатар міндет­ті атап өткен болатын. Оның ішін­де бағаның өсуі, тауар­лардың жекелеген түрлерін жет­кізу­дегі бөгелістер, азық-түлік қауіп­сіздігі, халық табысының төмен­деуі, сондай-ақ елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету сынды мәселелер бар», деді Мәжіліс депутаты.

«Аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылының өзінде қазіргі кезде 30 мыңнан астам халық тұрады. Өткен жылдың желтоқсан айында үш жыл мерзімге созылған су қабылдау нысаны және су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, Сарыкемер ауылдық округі тұрғындарының игілігіне ұсынылды. Бірақ ауыз су мәселесі осымен шешілді және де өз дәрежесінде дей алмаймыз», дейді ауыл тұрғындары.

Өз кезегінде депутат аталған мәселелер жергілікті атқарушы, қадағалаушы мемлекеттік органдар мен депутаттар тарапынан да ерекше назарында болатынын айтты.