Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде Жамбыл өңірі айтарлықтай өзгерді. Сәулеті келіскен ғимараттар, әсіресе көне шаһар Тараздың шырайын арттыра түскені даусыз. Бүгінде қалаға келген жұртшылық «Тектұрмас» этно-тарихи кешені мен «Көне Тараз» аумағына міндетті түрде арнайы ат басын бұрады. Өйткені тарихтың алтын көмбесінен сыр шертетін нысандар осында тұр. Мұндағы архитектуралық шешімдер жұрттың көңілінен шығатыны рас.
Тотыдай таранған Тараз шаһары мен өзге де аудандардың ажарын арттыру үшін өңірде ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі. Жалпы, тарихпен тамырлас өңірдің келбетін келісті ету мақсатында әлі талай жобалардың қолға алынатыны күмән тудырмаса керек. Өйткені мыңжылдықтармен астасқан Тараз тарихы өңірдің ғана емес, еліміздің де мақтанышы.
«Түсіне білген адам үшін архитектура деген тек ғимараттар мен құрылыс нысандарын салу ғана емес, адамдардың эстетикалық талғамына сай еңбек етуді жүктейді. Сондықтан сәулет өнері адамдардың талғамына қарай дамып отырады. Біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз – уақыт талабына сай еңбек ету.
Жалпы, облыс орталығы Тараз қаласының тұрғындары мен шаһар қонақтарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында өңірімізде көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Ауқымды жобалардың бірқатар бөлігі өткен жылдары басталып, Тараз қаласының сәулеттік келбетін көркейте түсу үшін айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылды. Жалпы, өңірдегі қолға алынған жобалардың барлығына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қолдау білдіріп отыр», дейді облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов.
Оның айтуынша, өңірдегі сәулеті келіскен тарихи ғимараттардағы архитектурлалық шешімдер Таразға келген қонақтардың көңіл күйіне де айрықша әсер етеді.
«Тараз қаласындағы «Көне Тараз» және «Тектұрмас» тарихи кешендері, «Арбаттар», саябақтар, «Таразға тарту» жобасы аясында салынған 28 сквер, Үшбұлақ каналын абаттандыру және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Анаға тағзым» орталығы, қаланың басты көшелеріндегі кіші сәулеттік формалар, Тәуке хан көшесінің бойында орналасқан «Үстел теннисі мен көркем гимнастика» орталығының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 2021 жылы халық игілігі үшін пайдалануға берілген болатын. 2021 жылы құрылысы басталған «Оқушылар сарайы» мекемесі де бүгінде елге қызмет етуде.
Аталған нысандардан бөлек, Д.Қонаев және Ш.Мұртаза атындағы скверлер, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3-кезеңі, Тараз қаласының негізгі көшелерінің сәулеттік келбеті назардан тыс қалмақ емес. Аталған нысандардың сәулеттік стилін қалыптастыру мақсатында «Дизайн код» жобасы аясында эскиздік жобалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Тараз қаласының негізгі көшелерінің бойында орналасқан нысандарды түн мезгілінде жарықтандыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда», дейді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, қолға алынған жобалар аясында пайдалануға берілген ғимараттарды ғана емес, көне шаһардың көркін арттырып тұрған кәсіпкерлік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің де келбетін келісті етудің маңызы зор. Сол мақсатта бірқатар жұмыс қолға алынатын көрінеді.
«Архитектуралық жарықтандыру және қасбеттің түпнұсқалық жарықтандырылуы ғажайыптар жасай алады. Жақсы ойластырылған, әдемі жобаланған және кәсіби түрде орнатылған құрылғылар жарықтандырылған нысанның сәні мен мәнін арттыра түседі. Жарықтандырудың эстетикалық шешімдерін өнер деп те бағалауға болады. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы ғимараттардың стиліне ерекше назар аударуымыз керек. Соған сәйкес шешім қабылдаған ләзім.
Тараз қаласының негізгі көшелерінің бойында орналасқан кәсіпкерлік саласына арналған ғимараттар, көпқабатты тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарды назардан тыс қалдырмаймыз. Заманауи үлгіде қаланың түнгі сәулеттік көркін келтіру мақсатында ғимараттардың біразы жарық шамдармен жарықтандырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде көне шаһардың шырайы кіріп қалғаны мәлім. Сол бағыттағы жұмыстар лайықты түрде жалғасын табады», дейді А.Әбдешов.
Сәулет және қала құрылысы басқармасы өңірдегі ғимараттарды жарықтандыру, жаңа архитектуралық шешімдерді іздеуден бөлек, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аударып отыр. Нақтылап айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 14 қазандағы тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда.
«Сейсмикалық аудандастыру карталары әрбір аймақта жеке-жеке жүргізілген зерттеу жұмыстарының негізінде жасалынып, кейінірек бүкіл ТМД территориясының көлемінде біріктіріледі. Бұл жұмыстардың алғашқы сатысында геологиялық, сейсмологиялық және инженерлік-сейсмологиялық мәліметтер жинақталып, жер сілкінісі болуы ықтимал орындар мен олардың энергиясы анықталады.
Жамбыл облысының Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалалары мен Т.Рысқұлов, Жуалы, Байзақ, Қордай, Жамбыл, Меркі, Талас, Шу аудандары сейсмоқауіптілігі жоғары аймақтар болып есептелініп, сейсмотұрақтылығы 7 балды құрап отыр.
Осыған байланысты Жамбыл облысының сейсмикалық аудандастыру және Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларының сейсмикалық шағын аудандастыру карталарын әзірлеу жұмыстары 2021 жылдан бастап қолға алынған болатын.
Аталған карталарды әзірлеу бойынша жұмыстарды Төтенше жағдайлар министрлігінің пәрменімен «Сейсмология институты» ЖШС-і 2023 жылға дейін жүргізеді.
Нәтижесінде, халық шаруашылығында әр түрлі инженерлік құрылыс жүйелерін дұрыс жоспарлап, іске асыруға үлкен септігін тигізіп, жер сілкінуді алдын ала болжап, оның ықтимал орны мен күшін анықтау мүмкіндігі қарастырылады.
Бүгінде белгілі болғандай, 60 нысанның ішінен 36 нысанға сейсмоқорытынды алынды. Атап айтқанда, 28 нысан сейсмокүшейтуге, 8 нысан бұзуға жатады. Қазіргі таңда қалған 24 нысанға сейсмоқорытынды алу жұмыстары жүргізілуде», дейді басқарма басшысы.
Жамбыл облысы