АҚШ кемесі Соломон аралдарының аумағына кіре алмады. Әдетте Америка кемелері аралға аялдап, жанармай құйып, техникалық жағдайын тексеріп алатын. Осы жолы бұлай істеуге мүмкіндігі болмады. Ал Соломон билігі АҚШ-тың ресми сұранысына жауап бермеді. Аралдың көздегені не? Шекараны шектеуде қандай мақсат жатыр?
«АҚШ жағалау күзеті кемесінің жанармай құю және қайта жабдықтау туралы өтінішіне Соломон аралдары жауап бермеді», деді АҚШ-тың ресми өкілі The Guardian басылымына берген сұхбатында. Мұны сарапшылар Хониара мен Бейжің арасындағы қауіпсіздік келісіміне байланысты деп топшылайды. Өйткені осы жылдың мамыр айында Қытаймен қауіпсіздік келісіміне қол қойғаннан бері Соломон аралдары Америка Құрама Штаттары және оның одақтастарымен шиеленіскен қарым-қатынаста болған.
«Тынық мұхитының оңтүстігінде аймақтық балық шаруашылығы агенттігі заңсыз балық аулауды патрульдеу кезінде Соломон аралдарының астанасы Хониарада жанармай құюға қол жеткізе алмады», деп хабарлады АҚШ жағалау күзетінің өкілі Оливер Генри. Есесіне кеме Папуа-Жаңа Гвинеяға жіберілген. Бұдан бөлек, Фиджи, Папуа-Жаңа Гвинея, Соломон аралдары және Вануатудың тыйым салынған экономикалық аймақтарында заңсыз балық аулауды бақылаумен айналысатын HMS Spey патрульдік кемесі үшін де Соломон аралдарының портына кіруге тыйым салынған. Мұны бақылайтын Ұлыбританияның Әскери-теңіз күштері бұл хабарламаға бірден түсініктеме беруден бас тартқан. Алайда кейін мәселені шиеленістірмеу үшін мәлімдеме жасады. «HMS Spey бортында Фиджи Әскери-теңіз күштерінің офицерлері болған, ал олар Аустралия, Жаңа Зеландияның ұзақ қашықтыққа ұшатын теңіз патрульдік ұшақтарымен, сондай-ақ АҚШ жағалау күзеті Тынық мұхиты аралдары форумының балық аулау агенттігі үшін барлау операциясында жұмыс істеген. Сондықтан Соломон аралдарының шекарасына жіберілмеді», деп хабарлады Корольдіктің Әскери-теңіз күштері.
Тынық мұхитындағы 17 мемлекетті біріктіретін Тынық мұхиты аралдары форумының балық шаруашылығы агенттігінің теңіз бақылау орталығы Соломон аралдарының астанасы Хониарада орналасқан. Онда Аустралия, АҚШ, Жаңа Зеландия және Францияның көмегімен жыл сайын заңсыз балық аулауды бақылау операциялары жүргізіледі.
АҚШ кемесінің аралдарға кіре алмағанын естіген Гавайидегі АҚШ жағалау күзетінің қоғаммен байланыс жөніндегі офицері Кристин Кам «Оливер Генри Соломон аралдарының логистикалық портына қоңырау соғуы керек еді», деді. Сондай-ақ ол мәселені дипломатиялық жолмен шешуді ұсынып, «АҚШ Мемлекеттік департаменті Соломон аралдарының үкіметімен байланыста және болашақта АҚШ кемелеріне барлық рұқсат беріледі деп күтеді», деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатта.
Бұл мәселені Хониара мен Бейжің арасындағы қауіпсіздік келісімімен байланыстырған сарапшылардың пікірін екі елдің билігі жоққа шығарады. Олар «қауіпсіздік келісімін» шынымен де қауіпсіздік мақсатта қолданылатынын алға тартып отыр. Соломон аралдарының тұрақты сыртқы істер министрі Коллин Бек БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қытаймен келісім Тынық мұхитындағы елдің дамуы үшін қажетті мәселелерді шешу мақсатында жасалғанын мәлімдеді. Коллин Бек Соломон аралдары бүгінде ішкі қиындықтармен бетпе-бет келіп тұрғанын жеткізді, оның ішінде халық санының өсуі экономикаға әсер етіп отырғанын айтты. «Бізде жұмыссыздық деңгейі өзекті мәселе, елде жастар саны көп, жыл сайын 18 мыңға жуық жас жұмыс іздеп сабылады. Ал олардың барлығын жұмыспен қамтуға мүмкіндік жоқ», деді ол сұхбатында. Сонымен қатар ол былтыр Хониар қаласында үш адамның өліміне әкелген жаппай тәртіпсіздік жұмыссыздық пен ел премьер-министрі Манассе Согавердің саясаты мен басшылығына халықтың көңілі толмауының нәтижесінде орын алғанын айтты.
Соломон аралдарының тұрақты сыртқы істер министрі Коллин Бектің айтуынша, екі елдің келісімі «қоғамдық тәртіпті сақтау» және «адамдардың өмірін қорғау» мақсатында Соломон аралдарына Қытайдан «полиция, қарулы күштер, әскери қызметкерлер және басқа да құқық қорғау органдарын» шақыруға мүмкіндік береді. Ал оппозициялық саясаткерлер Соломон аралдары Қытайдың қарулы полициясы мен әскери қызметкерлерін демократиялық наразылықты басып-жаншып, билікті ұстап тұру үшін пайдалануы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Бірақ Коллин Бек мұны болдырмайтынын мәлімдеді. Ол халықаралық қауымдастыққа алаңдауға негіз жоқ екенін айтып, Соломон аралдары Қытайдың елде тұрақты әскерлерін кіргізуге рұқсат бермейтінін қайталады. «Бұл келісімнің әскери база құруға еш қатысы жоқ», деді ол. Алайда Соломон аралдарының оппозиция жетекшісі Мэтью Уэль екіжақты мәміле жобасында Қытайға «кемелерге кіруге, материалдық-техникалық базаны толықтыруға және қытайлық әскери кемелердің Соломон аралдарында аялдап, әрі қарай өтуге» мүмкіндік беретін ереже болғаннан кейін халықаралық қауымдастық алаңдаушылық білдіреді деді. Ал Коллин Бек «Мәселен, табиғи апат бола қалса, оның салдарын іздестіргеннен гөрі қай «өрт сөндіру бөліміне» жүгінетіні маңызды, осыған назар аудару қажет. Біз шындығына келгенде ел бетпе-бет келетін мәселелердің алдын алу шараларын қарастыруымыз керек», деді. Сондай-ақ ол Соломон аралдары соңғы жылдары теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты бес аралынан айырылғанын айтып, «Бүгінде біз 2,7-3 градусқа (жаһандық жылыну) жақындап қалдық. Бұл нені білдіреді? Бұл көптеген аралымызды су астында қалдыру, экономикаға, туризмге, балық шаруашылығына әсер ету дегенді білдіреді. Мұндай табиғи өзгерістермен күресу бір ғана аралдың қолынан келмейді. Өзге елдердің көмегі ауадай қажет. Серіктес, тілеулес елдердің көп болғаны жақсы», деді.
Сондай-ақ Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэнбиннің айтуынша, келісім «теңдік пен өзара тиімділік» принципіне негізделген. Қытай мен Соломон аралдарының қауіпсіздік ынтымақтастығының мақсаты Соломон аралдары мен Оңтүстік Тынық мұхиты аймағының ортақ мүддесіне сай келетін Соломон аралдарында әлеуметтік тұрақтылық пен ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу болып табылады.
Мүмкін, АҚШ кемесінің Соломон аралдарына кіруіне ҚХР-ның қатысы жоқ та шығар. Алайда аталған екі кеме әлі шекарадан өте алмай тұр. Өткен аптада болған бұл жағдайға Соломон аралдарының билігі жауап бермей отыр.