Бұл күндері велошабандоздардың «Вуэльта» көпкүндігі таулы аймақтарда өтуде. Виллависиоза мен Лес-Праэресте жалғасқан жарыстың тоғызыншы кезеңі тартысқа толы болды.
Бір қуаныштысы, «Астана» клубының мүшелері уақыт озған сайын өз нәтижелерін жақсарта түсуде. Осыған дейінгі жетінші кезеңде мәре сызығын екінші болып қиып өткен 23 жастағы италиялық легионер Самуэле Баттистелла бұл жолы да дәл сол нәтижесін қайталады. Ал бірінші орынды Луис Мейнтджес иеленді. Бельгияның Intermarch – Wanty – Gobert Matriaux клубы намысын қорғап жүрген ОАР-дың өкілі 175,5 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 32 минут 39 секундта қиып өтті. Апеннин түбегінің тағы бір түлегі Эдоардо Замбанини (Bahrain – Victorious) үшінші сатыға жайғасты.
Жалпы есепте Италияның мақтанышы Ремко Эвенепул (Quick-Step Alpha Vinyl Team) алдына жан салар емес. Оның көрсеткіші – 34:02:32. Екінші орынды испаниялық Энрик Мас (Movistar Team) иеленуде. Словениялық Примож Роглич (Intermarché-Wanty-Gobert Matériaux) үздік үштікті түйіндеуде. «Астананың» серкесі Мигель Анхель Лопес сегізінші орынға көтерілді.