Үш айға созылған демалыстан соң мектебі, сүйікті ұстаздары һәм сыныптастарымен сағынысып қауышқан балдырғандардың алабұртқан сезімін сірә оқушы болған кез келген жан жақсы түсінеді. Әйтсе де бала көңілі үшін осы бір ерекше сәтті бақытқа ұластыруға, өкінішке қарай, кез келген отбасының материалдық жағдайы мұрсат бере бермейді. Өйткені мектепке қамдану – қуанышты ғана емес, күрделі де шығынды кезең. Осыны ескерген Astana Opera театрының ұжымы 1 қыркүйек – Білім күніне орайластырылған қайырымдылық акциясы аясында елорданың аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына тосын сый жасады.
– «Қуантсаң – баланы қуант» дейді. Балалар жылында өскелең ұрпаққа ерекше назар аударып отырмыз. Баланы мектепке әзірлеу – кез келген отбасы үшін маңызды оқиға. Өкінішке қарай, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін бұл ауыртпалық тудыратын іс-шара. Осы жағдайды саналы түрде ұғынған театрымыздың еріктілері сауабы мол іс-шарадан қалыс қалмай, мектепке қажетті кеңсе және басқа тауарлардан, сондай-ақ мұқтаж жандарға арналған азық-түлік жиынтығынан тұратын арнайы бокстар жинақтады, деген Astana Opera директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева мұндай қолдаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті: – Оқушыны мектепке даярлаудың қаншалықты жауапты жұмыс екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан да өмірлік қиындықтар көріп жүрген адамдарға шынымен жанымыз ашиды және жаңа оқу жылына дайындықты барынша жеңілдетуге тырыстық. Осы орайда барлық әріптестерімізді жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге шақырамыз.
Astana Operaның сыйлық жиынтықтарына ең қажетті мектеп жабдықтары, атап айтсақ, арқа қоржындары, дәптерлер, қаламдар, қарындаштар, сызғыштар, қаламсауыттар, бояулар, ермексаз бен әр балаға қажетті басқа да заттар енген. Театр еріктілері арнайы аралап жүріп бақытты оқушыларға сыйлықтарды өз қолымен табыстады.
– Бізді қайырымдылық жасау шабыттандырады, себебі біз адамдарға көмектесу мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін шын қуанамыз, олардың эмоцияларын көреміз. Әсіресе сыйлықтарды қызыға көріп жатқан балалардың күлімдеген жүзін көру бір бақыт, деп атап өтті еріктілер.
Қайырымдылық қызметі театр өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын және тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратынын атап өткен жөн. Ол белгілі бір бағытпен немесе формамен шектелмейді. Astana Opera қызметкерлерінің назарында тұрғындардың түрлі топтары қамтылған. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бүгінде Astana Opera театрының қамқорлығына бөленіп келеді. Мәселен, Жеңіс күні қарсаңында еріктілер елордалық ардагерлердің үйінде қонақта болса, ал Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні Astana Opera-да аутистік спектрі бұзылған балалар қатысқан қайырымдылық концерті өтті. Көрерменді бірегей өнерімен ғана емес, шексіз мейірім-қамқорлығымен де қуанышқа бөлеп жүрген ұйымшыл ұжымның өнегелі ісі көпке үлгі.