Елордалық талғампаз көрерменді елең еткізген елеулі жаңалық биыл небәрі екінші маусымының шымылдығын түргелі отырған еліміздегі ең жас өнер ордасы – Түркістан музыкалық драма театрының бас шаһар төріндегі табысты өткен гастрольдік сапары десек, қателеспейміз. Алыстан ат арытып жеткен жас өнер ұжымы «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында екі күн қатарынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосына қойылған белгілі ресейлік балетмейстер, өнертанушы Константин Семеновтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін ұсынды.
– Түркістан музыкалық драма театрының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, театрымыз қазірдің өзінде республика көлеміне танымал бола бастады. Бұл – біздің ұжымның елордаға жасаған екінші гастрольдік сапары. Осыған дейін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында астана халқына арнап жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің «Бөрте» тарихи драмасын қойсақ, енді міне, араға аз ғана уақыт салып «Қорқыт туралы аңыз» қойылымын ұсынып отырмыз. «Астана Операның» тамаша сахнасында өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Ал заманауи би мен операны біріктірген спектакліміз бас қаланың талғампаз көрермендерінің көңілінен шықты деп сенеміз, деді Түркістан музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
Театр басшысы А.Көпбасарованың жетекшілігімен рухани астананың сәлемін арқалап жеткен айтулы спектакль көшпелі халықтардың тарихында терең із қалдырып, құнды әдеби-музыкалық мұра жасаған аңыз адам Қорқыт атаның өмірінен сыр шертеді. Либретто желісіне сәйкес, қобызының үнімен тіршілікті тербеткен күй атасы – Қорқыт пен жер бетін араздық алаңына айналдыруға тырысқан сиқыршы Мартудың арасындағы мәңгілік қақтығыс заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді.
– Тағдыры ерекше Қорқыт туралы шығарманы қолға алғанда, әрине, басында кілтін таба алмай біраз қиналдым. Кейін тұлға өмірін зерттей келе қойылым негізін музыка мен пластикадан іздеуге бекіндім. Неге десеңіз, Қорқыттың өзі де, өмірі де музыка емес пе?! Демек спектакльдің де өзегі қобыз үнімен өрілуі керек деп түйдім. Сондықтан да спектакльдің лейтмотиві – қобыздың қоңыр үні. Күмбір үннің аясында тұлға тағдырын толғадық. Мәңгілік өмір іздегенімен, өлімнен құтыла алмаған Қорқыт, қобызының арқасында екінші өміріне өлмес тағдыр сыйлады. Осы бір философиялық тақырып өнер адамы ретінде мені де қанаттандырды, – деп «Қорқыт туралы аңыз» спектаклі жайлы қойылымның режиссері әрі қоюшы хореографы Константин Семенов сыр ашты.
Тағылымды туындыны жарыққа шығару жолында қоюшы хореографтан бөлек басқа да көптеген тәжірибелі мамандар тер төкті. Атап айтсақ, композитор Хамит Шаңғалиев, қоюшы суретшісі Татьяна Вьюшинская, жарық бойынша суретші Татьяна Мишина, бейнеконтент суретшісі Сергей Рылко, костюмдер бойынша суретшілер – Назым Жайлаубаева мен Назым Қарпықова, декоратор-суретші Жанат Көкімбеков, балетмейстер Дәулет Мұратпеков, грим бойынша суретші Адэль Нұрқасымова бастаған кәсіби шеберлер еңбегі де айрықша атап өтуге тұрарлық сәтті ізденістер санатында деп сеніммен айта аламыз. Ойымызды театр мамандары да қолдады.
– «Астана Операны» Түркістан музыкалық драма театрымен достық әрі шығармашылық қарым-қатынас байланыстырады. Көпшілікке белгілі, біздің балет труппамыз биыл маусымда алғаш рет Түркістанда гастрольдік сапармен болды. Драма театр сахнасында әртістер XX ғасыр жауһары – Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына қойылған кемеңгер хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін және балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың авторлық гала-бағдарламасын орындады. Араға екі ай салып «Астана Операда» жауап ретіндегі гастрольмен киелі Түркістан қаласынан келген әртістердің жоғары деңгейде өнер көрсеткеніне өте қуаныштымыз. Жас та болса өздерінің іргелі шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде елордалық талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, жоғары бағасын алған әріптестеріміздің өнеріне ерекше тәнтімін, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Екі күн қатарынан бас шаһар көрермендері алдында Түркістан музыкалық драма театрының Еламан Әбдіқалық, Еркінбек Әубәкіров, Акылай Сыдығалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайхов, Гүлжанат Қаламғазина, Бақытнұр Дүйсенбаева, Мао Сакаи, Фархат Сәдуақасов, Дастан Саттар, Ілия Жарлықасымов, Алуа Төрегелді, Камила Әлімжанова, Мәдина Садубаева, Бекарыс Қарағулов, Данияр Досымбек, Алмас Жылқыбек, Фериде Толобаева, Дәулет Шоманов бастаған талантты әртістер тобы табысты өнер көрсетті.