Елордадағы жылжымалы экологиялық бекеттер пайдаланылған газдың уыттылығы бойынша 7 500-ден астам автокөлікті тексерді. Олардың 16%-ында заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы мақсатта тексерілген 7 500 автокөліктің 1 200-ден астамында заң бұзылғаны анықталды, бұл 16%-дан асады.
Бұл жоба қаланың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен, Нұр-Сұлтан полиция департаментімен және аккредиттелген «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС сынақ зертханасымен бірлесіп үшжақты меморандумға сәйкес жүзеге асырылады.
Бензин мен газдағы автомобильдер үшін қалыпқа келтірілген компоненттер – СО (көміртегі тотығы), дизельдер үшін – түтін көлемі (жарық ағынының сіңіру коэффициенті) есептеледі. Бұл компоненттердің құрамы қолданыстағы стандарттарда белгіленген мәндерден аспауы керек:
- «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» КО ТР 018/2011 Кеден одағының техникалық регламенті;- ҚР СТ 1433-2017 «Жол көлігі. Атмосфералық ауаға автокөлік құралдарының пайдаланылған газдары бар ластаушы заттардың шығарындылары. Анықтау нормалары мен әдістері».Уыттылық нормаларының асып кетуі әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Бұл ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға – 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда жеке тұлғаларға – 20, заңды тұлғаларға – 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.