Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жария еткен Жолдауын ерекше ықыласпен қабылдадым. Президент еліміздің толыққанды дамуы үшін жасалатын қадамдарды қадап тұрып айтты. Түйінді мәселелер Жолдауда нақты көрсетілді. Атап айтқанда, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту жайына кеңінен тоқталды.
Кейінгі кезде халыққа салмақ түсіріп отырған баға тұрақсыздығын сынға алып, дағдарыстан шығу жолдары басқару жүйелерін дұрыс жолға қоюға тікелей қатысты екенін аңғартты. Жергілікті билік қызметінің тиімділігі бұдан былай тікелей бағалануы керектігін айта келіп, бұрыннан көтеріліп жүрген ауыл әкімдерін сайлау туралы бастама көтерді.
Егер Жолдауда көтерілген міндеттер жүйелі түрде орындалатын болса қазақстандықтардың тұрмыс сапасы, әл-ауқаты артатыны рас.
Мемлекет басшысы Жолдауда «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны» негізгі бағдар етуді ұсынды. Бір қуанған жеріміз, жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салынатыны айтылды. Бұдан былай бос жатқан жерлерде ауылшаруашылығын жандандырып, жер өнімдерін толыққанды экономикалық айналымға шығару бойынша нақты тапсырма берді. Қазақстанның экономикалық бағыты жеті негізге сүйенуі керек және оның нәтижесі халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуге тиіс. Бұл үшін кәсіпкерлікке жетекші рөл беріп, жаңа кәсіпкерлердің нарыққа енуіне жол ашып, жағдай жасалуы міндет. Әділ бәсекелестік – айтылған бағыттардың қатарында екенін тағы да айта кету керек. Сол сияқты, өндірісті арттыру, күрделі технологиялық экономикаға иек арту; адам капиталын дамытып, инвестиция мен білімнің жаңа түрін қалыптастыру; экономиканы жасылдандырып, қоршаған ортаны қорғау; мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдап, қоғам алдында сол үшін жауап беруін қамтамасыз ету де негізгі басымдықтар қатарына кіретінін білдік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ішкі жалпы өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек. Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін өзі ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет», деді.
Жоғарыда айтып өткендей, Жолдауда ел басшысының агробизнесті қолға алып, сол салаға инвестиция тарту керек және «жер шетелдіктерге сатылмайды» деген екі басым шешімі қазақстандықтардың көңілінен шықты. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында мамандар тапшылығы бар екені рас. Кадрлар даярлау, «Болашақ» грантын ауылшаруашылық мамандықтарына бөлу сынды мәселелерді де қолға алу керек. Биыл білім мен ғылымға мемлекетіміз үлкен көңіл бөліп, мектеп түлектерінің грантқа көптеп түсуіне жағдай жасалғаны әбден құптарлық шешім. Ел болашағы жас мамандар арқылы қалыптасады. Сондықтан Жолдаудағы «Жас ғалымдарды» қолдау мақсатында қосымша 1000 грант бөлу тапсырылғаны да көптің көңілінен шықты.
Ауылдық округ әкімдерін келесі жылдан бастап жергілікті халық сайлайды, ол үрдіс облыстық деңгейге көтеріледі. Мұғалімдер мен дәрігерлерді қолдау барысында да түрлі бағдарламалар ұсынылып, нәтижесінде жалақылары да көтеріліп жатыр. 2025 жылға дейін елімізде жиырма аурухана салуды да тапсырды.
Ел Президентінің бұл Жолдауы дағдарыстан алып шығатын айқын басымдылықтарды нақты көрсетіп бергеніне куә болдық. Ендігі жерде осы басымдылықтарды қалтқысыз жүзеге асыру халық пен биліктің өз қолында. Бірлікпен тізе қосып, ел болашағын ойлайтын кез келді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп, дана халқымыз жаңсақ айтпаса керек.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Сәт ТОҚПАҚБАЕВ,
запастағы генерал-полковник