Күз – ақындар маусымы. Осы мезгілде шабыты желдей ескен талант иелері жазбен қоштасып, күзді қарсы алады. Әрине, жүректен шыққан жырларымен. Әдебиет әдебиет болғалы күз туралы толғанбаған, күзге жан сырын айтпаған ақын аз шығар. Ескі кітаптарды парақтап отырсаңыз, аға буын ақындардың сүйікті мезгілге арнаған алуан түрлі жырларына тап боласыз.
Жарасқан Әбдірәштің «Күзі» мектепке асыққан баланың көңіл күйімен беріледі.
«Алақай-ау!
Алақай!
Алақай-ау!
Алақай!
Бұдан былай мен енді
Емеспін жай «Балақай!»
Осыдан да көлемді
Оқи алам өлеңді...
Бардым бүгін мектепке,
«Оқушымын!» мен енді!».
Аталған өлеңді оқып отырып адамның бір сәттік қуанышының өзі мың күндік бақытқа тең екенін, тіпті одан да қымбат боларын бағамдайсыз. Мұндай көңіл күйді бір түсінсе, ақындар ғана түсінетін шығар деген ойға қамаласыз.
Ал Табылды Досымов күзді шекарадан кездестіреді. Сол үшін де оның өлеңінің аты «Шекарадағы күз».
«Жапырақтар...,
Желге ұшқан жапырақтар,
Сағынышты солдаттың хатын ап бар.
Мәрт табиғат білдіріп күз келгенін,
Жер бетіне жіберіп жатыр ақпар.
Жауады жапырақтар...
Жасыл бақты, жайқалған даладағы,
Сұрсыз әлем келеді тонағалы.
Күздің қоңыр белгісін шекарадан,
Өткізбеуге солдаттың жоқ амалы.
Толғатады дүние, толғатады,
Мұңға толы неліктен солдат әні?!
Табиғаттың киіп ап сұр шинелін,
Бір қоңыр күз келеді Жерге тағы...».
Иә, Табылды Досымов айтқан сол күз келді. Тағы сол сұр шинелімен. Айналасына қарайды, барлайды, жаздан қалған жайдары көңіл күйге өзгеше реңк бергісі келеді. «Күз – әрбір жапырақ гүл болатын екінші көктем» дейді данышпандар. Бұл да оның бағасын арттырған сөздің бірі.
Ақын Светқали Нұржанның күзін оқылық. Өлеңнің ныспы «Күз аңқыған» деп аталады.
«Ай астында балқиды бозаң қырым,
Жұпар лепті аңқытып тозаң нұрын.
Алтын сағат байланған нұр шынжырға,
Айдың күміс тілінен, жыр, сыңғырла.
Ақ азулы аязға не мұрша бар?
Жүре тұршы жанымда, қоңыр самал.
Қоңыр самал қағады қоңырауын,
Қоңыр боздақ мұңға ұя омырауым.
Тереңімді тербейді бір майса күй,
Тұрған сынды жыр оқып Сырбай, Сағи.
Күй сөйлейді. Мен қалай бұзам күйді?
Ши сөйлейді... Демінен күз аңқиды».
Ақын үшін күздің әр демі жырдың лебі іспетті. Оның бұрқағы, таңы мен кеші, түні мен күні жыр тудыруға бір себеп. Тіпті мезгілдің өзі Светқали ақынға өлең жазып беріп отырғандай. Сосын ақын бұл өлеңін «Көзім жетіп күздің де өткеніне, Абай шалдың тығылам шекпеніне», деп аяқтайды.
Ақын Қастек Баянбай үшін күз сары бояудан тұрады.
«Сипап өткен самалға
Тербеледі сары алма.
Шолып едім бақшаны,
Қауын біткен сап-сары.
Көрінеді шалғайдан
Бел-белестер сарғайған.
Жарқыраған,
Жайнаған
Сары бояу айналам.
Жомарт күздің бояуы
Дәл осындай болады».
Балаларға арналған керемет туындылардың авторы Қастек ақынның күзгі жыры жасөспірімдердің тіліне, жас ерекшелігіне сай жазылғанын бірден аңғарамыз. Баяғы күз бала қиялында, жыр тілінде ерекшеленіп тұр.
Мейлі қай ақын қалай жырласа да, күздің кейпін, бейнесін төгілте жырлай алды. Ана жерге қарай құлап жатқан сансыз жапырақтар тасқыны шабытты ақындардың ойынан үзілген жыр шумақтары сияқты. Ал оны лезде ақ қағазға түсіре қою ақынның шеберлігіне байланысты. Тағы да бір күз келді. Ақындар қандай жыр жазар екен?!