PTC Holding Қостанай облысындағы алапат өрттен зардап шеккендерге 50 млн теңге қаржылай көмек көрсетті.
Жақында топ акционерлері жедел көмек көрсету туралы шешім қабылдап, қаржыны өрттен зардап шеккендерге қаражат жинақтау үшін арнайы құрылған «Қайырымдылық KZ» қоғамдық қорының шотына аударды.
«Біз тілсіз жаудың кесірінен баспанасыз қалған халықтың жаңа үйлеріне тезірек оралғанын қалаймыз. Қайырымдылықтан біздің компания шет қала алмады. Сондықтан ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылданды», деген компанияның басқарма төрағасы Тимур Қарабаев бірлескен күш-жігердің арқасында Қостанай облысындағы жағдайды қысқа мерзімде қалыпқа келтіруге болатынына сенім білдірді.
* * *
«Қазпошта» АҚ Amanat партиясының астаналық филиалынан, яғни, Нұр-Сұлтаннан Қостанайға, жергілікті филиалы Қостанайдан Әулиекөл ауданына гуманитарлық көмек жеткізуді қолға алды. Жүкті тасымалдау қызметі «Қазпоштаның» өз қаражатына жүзеге асырылады.
«Қостанай облысы тұрғындарының басына түскен ауыртпалық ешкімді де бейжай қалдырмады. Соның ішінде «Қазпошта» да бар. Біз де көп ойланбастан көмекке қосылдық. Аймаққа қанша көмек қажет болса, сонша гуманитарлық жүкті жеткіземіз», деді АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев.
«Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Жәнібек Талтековтің айтуынша, магистралды жүк көлігі арқылы елордадан Қостанайға жеткізілетін шамамен 6 тонна жүк эвакуацияланған ауыл тұрғындарына беріледі.
Сонымен қатар өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету бастамасына «Қазпошта» АҚ қызметкерлері азық-түлік пен ең қажетті заттарды гуманитарлық көмек пунктіне жеткізіп, бірыңғай қор шотына ақша аудармақ.