Қостанайдағы тілсіз жаудан зардап шеккендерге көмек көрсету және қалпына келтіру жұмыстарында волонтерлер де белсенділік танытуда. «Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігі және Birgemiz волонтерлер фронт-офисінің мүшелері әдеттегідей маңызды жұмыстардың басы-қасында жүр.
«Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюктің айтуынша, өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында әр өңірде арнайы штаб құрылған. Қостанай қаласының өзінде волонтерлердің көмегімен 18 гуманитарлық көмекті қабылдау бекеті іске қосылған. Ол жерден өрттен зардап шеккен елді мекендерге қажетті заттар жөнелтіліп тұрмақ.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта азық-түлік пен киім жеткілікті мөлшерде жиналған. Әулиекөл ауданындағы гуманитарлық көмекті қабылдау пункттері толып, жан-жақтан келген жүк көліктері Қостанай қаласындағы сақтау орындарына жөнелтілуде.
«Қостанайлықтар барлық волонтерлерге үлкен алғыстарын білдіруде. Жастар қайсарлығымен және мейірімділігімен табиғи апаттан зардап шеккен адамдарға барынша қолұшын созып, мемлекеттік орган өкілдеріне жәрдемдесуде. Волонтерлер әрдайым қиындыққа тап болған азаматтарға көмектесуге дайын. Қиындықты бірге жеңеміз!», деді Татьяна Миронюк.