3-5 қыркүйек күндері Францияның астанасы – Париж қаласында пара таэквондодан әлемдік Гран-при сериясы аясында жекпе-жектер өтті. Бұл Париж-2024 Паралимпия ойындарының алдындағы ірі рейтингтік жарыстардың бірі болды. Аталған спорттық іс-шараға 25 елден үздік деген 85 таэквондошы қатысты.
Байрақты бәсекелерде Қазақстан тарапынан төрт спортшы бақ сынап, олар үш жүлдеге қол жеткізді. Мұны айтарлықтай жақсы нәтиже деуіміз керек. Мәселен, Нұрлан Домбаев 80 кило салмақта жекпе-жекке шығып, К-44 дәрежесінде күміс медаль жеңіп алса, Өмірәлі Нышан да осы салмақ пен дәрежеде күресіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ 57 килода (К-44) бозкілемге түскен Кәмила Досмалова да қола медальды мойнында жарқыратты.
«Францияда Гран-при серияларының екінші жарысы табысты өтті. Алғашқы жекпе-жектер Болгарияда ұйымдастырылған болатын. Ал үшіншісі алдағы қазан айында Англияның Манчестер қаласында шымылдық түреді. Нақтылай түссем, бұл G6-рейтингтік жарысы болып табылады және оған әлемнің тек үздік спортшылары қатысады. Осындай деңгейдегі жекпе-жектерде жүлде алу – үлкен жетістік», дейді Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Мерей Биғарин.
«Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады. Орталықтың басты қызметі Сурдлимпиадалық, Паралимпиадалық және Паралимпиадалық емес спорт түрлерін дамытуға бағытталған.