• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қыркүйек, 2022

Tomiris курсы бастау алды

359 рет
көрсетілді

Елордада көшбасшы әйелдерге арналған Tomiris оқыту курсы басталды. Іс-шараға еліміздегі сая­си құрылымдар, қоғамдық сектор мен Amanat партиясының белсенділері арасынан 30 қатысушы іріктеліп алынған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға қатысуға ниет біл­дірген әйелдердің саны көп болған. «Қа­тысушыларды Қазақстанның түк­пір-түкпірінен жиналған 342 көш­басшының арасынан таңдап алдық. Әрбірінің жүзеге асырған сәтті жо­басы, жетістігі мен жеңісі бар. Ірік­теуден өткен 30 қатысушының бар­лығы да бағдарламадан көп білім алады және Tomiris саяси мансап­тарын жаңа деңгейге көтеруге ық­пал етеді деп сенемін», деді кон­курс­тық комиссия төрағасы, Amanat пар­тиясы Саяси менеджмент акаде­миясының директоры Данияр Мұ­қитанов.

Сондай-ақ оқу бағдарламасының ашылу салтанатына қатысқан партия хатшысы Дәулет Кәрібек жо­ба­ның ерекшелігін айтып өтті. «Бү­гінде тәуелсіздігімізді алғаннан кейін тарихымызға қайта оралып, То­ми­рис, Домалақ ана секілді тұлғаларымыздың даралығы мен дана­лығын дәріптеу үшін осындай үлкен жобаны бастап отырмыз. Көп­тің арасынан суырылып шыққан 30 әйел біліктілігін шыңдауға жолдама алды. Бұл олардың үздіктердің үздігі екендерін дәлелдейді», деді Д.Кә­рібек.

Оқу нәтижесінде бағдарламаға қатысушылар өз аймақтарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды қорғайды. Академия жыл соңына дейін онлайн коучингтік сессиялар арқылы әдістемелік қолдау көрсетеді.

Көшбасшы әйелдерге арналған тренинг қатысушысы, Urpaq қазақ мәдени-ағартушылық орталығының директоры Гүлбахша Мұсабаева «Менің мақсатым – туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысының әлеу­меттік-саяси жағдайын жақсар­ту арналған жоба дайындау. Әйел­дердің тұлғалық өсуі мен интел­лектуалдық дамуына көмектескім келеді», деген жоспарымен бөлісті. Ал Алматы қаласынан келген Ай­дана Сыдықова тренингте кә­сіби білім алып жатқанын жеткізді. «Трансформациялық көшбасшылық, жобалық басқару, эмоционалды интеллект секілді дағдыларды үйреніп жатырмыз. Болашақта басқару жүйесінде осы біліктілігімізді қол­дана отырып, тиімді басқаруды жүзеге асырамыз деген жоспарым бар. Жалпы қазір саясатта әйел­дер­дің үлесі өте аз, ал олардың саяси ортаға араласуы еліміздің дамуы­на зор үлесін қосады деген сенім­демін», деді қатысушы.

Tomiris – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының және Конрад Аденауэр қорының, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Amanat партиясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ортақ жоба.

Оқу бағдарламасында білім алушылар көшбасшылық және саяси процестер түсініктерінен бастап, коммуникация мен жобаларды басқару тақырыптарын зерттейді. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде ХДС (Германия) партиясының Әйелдер қанаты делегациясымен кездесу жоспарланып отыр.