• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Қыркүйек, 2022

Өтеген Оралбайұлының шығармашылығына арналған конференция өтті

679 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты Әл-Фараби кітапханасында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлының 70 жылдық мерейлі белесіне арналған «Өтеген Оралбайұлының шығармашылығы және бүгінгі қазақ поэзиясы» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тағылымды шараға елімізге белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер, сондай-ақ ақын шығармашылығын зерделеген әдебиет жанашырлары қатысты.  

Шараның ресми бөлімінде отты жырымен оқырман жүрегінен орын алып, әдебиет пен ғылымда, журналистика мен Мемлекеттік қызметте ұлттық таным биігінен табыла білген қаламгерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хаттары табысталып, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың бұйрығымен білім ордасының «Ерен еңбегі үшін» алтын медалі тапсырылды.  

Белгілі әдебиеттанушы, Филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы өз баяндамасында Өтеген Оралбайұлы шығармашылығына шолу жасай отырып, мерейтой иесінің ақындық сыры мен қайраткерлік қырына тоқталды.  

 – Өтеген Оралбайұлы сыршыл, ойлы, лирик ақын. Оның бүгінге дейін жарық көрген он төрт жинағына енген барлық өлеңдерінде, дастандары мен толғауларында азаматтық асқақ үн жатыр. Адамгершілік, имандылық, кісілік секілді тақырыптарды алтын арқау еткен жырлардың эстетикалық әсері терең. Жарты ғасырға жуық қазақ поэзиясы мен қазақ әдебиеттану ғылымының қара шаңырағында қаламына шаң жұқтырмай ойлы, парасатты дүниелерді қазақ оқырманына ұсынумен келе жатқан жаны жайсаң, жүрегі жомарт қаламгер тынысы кең, толымды шығармаларымен әдебиеттегі өзінің айшықты орнын белгіледі, –  деді Қансейіт Әбдезұлы.  

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, еңбек жолын тілшілік тіршіліктен бастаған қаламгердің журналистік жолда талай тағдырға араша болғанын, өлең өлкесіне қадам басқан қаншама жастың тұсауын кескенін тілге тиек етті.  

«Өтеген Оралбайұлы «Лениншіл Жас» (қазіргі Жас Алаш) басылымының әдебиет бөлімін басқарған тұсында поэзияға іңкәр қаншама таланттың өлеңін жариялап, жұртқа таныстырды. Сол жас таланттар бүгінгі поэзияның көшінде өзіндік орны бар ел таныған ақындарға айналды. Әдебиетке адал азамат мемлекеттік қызметтің мінберінен де ұлттың сөзін сөйлеп, руханияттың жоғын жоқтады», дейді Мереке Құлкенов.  

Белгілі ғалым Тұрсынбек Баймолдаев Өтеген Оралбайұлының сөзіне жазылған әндер ұлттық мәдениеттің жауһарына қосылып, ақынның қаламынан өрілген «Жас жұбайлар жыры» сезім биігінде табысқан ғашықтардың гимніне айналғанын атап өтті.  

Жазушы Дандай Ысқақ ұзақ жылдар бойы әдебиет пен мемлекеттік қызметті қатар ұштастырған Өтеген ақынның азаматтық келбетіне тоқталып, болмысы таза боямасыз жыр Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы қалың қазақтың жүрек төрінен орын алуын ақынның жан тазалығына балады. 

Бүгінгі қазақ поэзиясының өрісі, Өтеген Оралбайұлы жырларының өзіне тән көркемдік кеңістігі турасында сөз қозғаған профессор Зейнол-Ғабден Бисенғали, шалқар шабыттан қуат алған шайырдың қажылық сапары әсерінен жазылған мінәжәт стиліндегі «Қағбаның қарлығаштары» жыр жинағы адамды кісілікке, рухани кемелдікке бастайтын айтулы  еңбек деп бағалады. 

Өтеген Оралбайұлының қаламынан өрілген танымдық зерттеулер, әдеби талдаулар ғылыми қоғамдастықтың игілігіне айналып, болашақ ұстаздар мен журналистер үшін мәні зор мұра екенін атап өткен филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова мерейтой иесі білім алған факультет өз түлегін мақтан тұтатынын айтып, ақынға алғыс білдірді.  

Өз кезегінде ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Хайдар Тасыбеков, Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы, Тарих факультетінің деканы Досбол Байқонақов, ұстаз-ғалым Сансызбай Мәдиев, профессор Анарбай Бұлдыбай, ұстаз-ғалым Қоңыр Мұқатаева, тарихшы Берекет Кәрібаев 70 жасқа үлкен шығармашылық табыспен келген қаламгердің қолтаңбасы ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес екенін айтты. 

Әдебиет пен мәдениеттің өткені мен бүгіні зерделенген басқосуда филология факультетінің студенттері Өтеген Оралбайұлы өлеңдерін жатқа оқыды. Кездесуді қорытындылаған ҚазҰУ-дың доценті Алмасбек Мәуленов, Өтеген Оралбайұлы творчествасын бір арнада тоғыстыратын он томдық шығармалар жинағы жарық көруді бастағанын жеткізді. 

Іс-шараға келгендер мерейтой иесімен естелік суретке түсіп, кітапхана алаңындағы  Ө. Оралбайұлы шығармашылығына арналған арнайы көрмені тамашалады.