Адам ғұмыры жалғастығының мәңгілік болары да бар. Сол жалғасты ғұмырдың негізгі арқауын әр адам баласы өз тіршілігінде қалап алары да анық. Елге сіңірген еңбегіңмен қатар, адами қасиетің де, ақыл мен парасатың да мәңгілік ғұмырдың өлшемді бір таразысына тартылмақшы. Асылсың ба, алтынсың ба, оны да халық өзі танып алады. Дана халық танып алған және де елдің ағасы деп бағалап жүрген біздің Сәкең – Сейілбек аға Шаухаманов қашан болсын өзінің қолынан жан-жақты іс келетін, өз амал-әрекетімен, баяғының билерінше көсіле сөйлеп, әділ шешім қабылдай білер бітімгерлік қабілетімен де, адамгершілік қасиеттерімен де, кісілік келбетімен де, бедел-абыройымен де өзгелерден биік көрінеді.
1939 жылдың 15 мамырында Сыр өңірінің Жаңақорған ауданындағы Өзгент ауылында дүниеге келген Сейілбек ағамыздың да аяғын енді-енді басқан сәбилік шағы соғыс өртімен шарпылды. Дүние есігін жаңадан ашқан Сейілбек аға сынды талай балаларды өмір ертерек есейтті. Олар ойын баласы да бола алмады.
Еңбектегі өзінің алғашқы өмір жолын шағын ауылдан бастаған жасөспірім Сейілбек аға әуелі 1956 жылы МТС-тағы (машина трактор стансасы) тракторшылар бригадасында есепші болды. Тумысынан зейінді болатын, сол зейіні арқасында келер жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1962 жылы механик, инженер-бақылаушы мамандығы бойынша бітіріп шығады да, 1962-1965 жылдары Шиелі ауданындағы «Казсельхозтехника» бірлестігінде механик, инженер қызметтерін атқарады. Ол кезде техника мамандығы, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының механигі және инженері болу өте беделді, таптыра бермейтін және екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс болатын. Білімді әрі қабілетті Сейілбек Шаухаманов байқалмай да қалмады. Ол сол кездегі жауапкершілігі мол идеологиялық сала болып табылатын комсомол жұмысына тартылды.
Сейілбек ағаның сол сатылы өмір жолы біртіндеп биіктерге өрлей бастап еді. 1965-1969 жылдары Сырдария және Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметін абыройлы атқарған Сәкең онан соң Тереңөзек аудандық «ХХІ партсъезд» кеңшарының директоры болып тағайындалады. Небәрі отыз жасында артта қалған кеңшардың директоры болған Сейілбек ағамыз өзіне жүктелген бұл міндетті де абыройлы атқарып, ұйымдастырушылық қабілетінің жаңа қырымен танылды. Сәкеңді енді партиялық жұмыс тосып тұрған болатын. 1975-1980 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Сейілбек Шаухамановтың облыстық және республикалық деңгейдегі қызметтік өрлеуі осы тұстан басталды. 1980-1983 жылдары Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1983-1987 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1987 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінде инспектор, 1987-1989 жылдары Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1989-1991 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы, облыстық кеңес төрағасы қызметтерінде болды.
Сейілбек ағамыздың басшылық қызметте жарқырап көрінген жылдары ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңімен тұспа-тұс келді. Қызылорда облысының әкімі болған Сейілбек Шаухамановтың басты еңбегі осы бір тұстағы қиыншылықтар кезінде көрінді.
КСРО-ның күйреуі мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылорда облысын Сейілбек Шаухаманов басқарды. Республиканың басқа өңірлері сияқты нарықтың алғашқы ауыртпалығын, экономикалық-әлеуметтік қиыншылықтарын алғашқы әкімнің арқалауына тура келді. Осындай қиын заманда елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда, халықты күйзеліске ұшыратпауда барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Жауапты да сындарлы сәтте, елдігімізге сын болар шақта С. Шаухаманов облыс халқына үндеу тастады, қасиетті топырақтың жанашыр төл перзенті және халықтың тағдырына жауапты басшы ретінде сол кездегі өткір де өміршең мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. Сыр елінің халқын дәулетті де сәулетті өмір сүру үшін, қиыншылықты еңсеріп жарқын жолға бастау салу үшін бекем бел буып, білек сыбанып, уақытпен санаспай белсенді жұмыс істеуге, өз ырзықтарын құт-береке көзі жер мен судан, төрт түлік малдан табу қажеттілігін айтты. Ел басшысының бұл үндеуі мен ұсынысы өз жемісін берген болатын. Сол кезден басталған еңбек, егіншілікпен, мал өсірумен айналысу жеке кәсіпкерлікке, бизнеске, еңбек етуге облыстың өркенді дамуына алғышарт жасаған еді.
Сол жылдардағы қиыншылықты кезеңде облыс басқару оңай болған жоқ. Қарапайым күнкөрістің өзі күрделі мәселеге айналған сол бір кезеңнің ел үшін де, ел басқарған басшы үшін де ауыртпалықта болғанын көпшілігіміз жақсы білеміз. Сол кездегі Сейілбек Шаухаманов басқарған облыс басшылығы өздерінің алдына бір ғана міндет – халықтың талабын жоғары жақтың талабымен, яғни, нарықтық экономикаға көшу талабымен ұштастырып, елді тарыншылыққа, жоқшылыққа, әлеуметтік дағдарысқа ұрындырмай алып шығуды қойды. Және солай істеді де. Ел-жұрт та ол қиындықты түсініп, одан шығу жолына жұмылды. Басшылықтың үндеуіне ден қойып, оны қолдады. Өзіңді-өзің асыра, жаныңды бақ, бір-біріңе қолдау көрсет, өзіңді өзің қаржыландыр деген нарық талабына сәйкес халыққа өзін-өзін асырауға тура келді.
Қаржы жетпей, техника келмей, ешқандай тәжірибе болмай, тіпті айлық пен зейнетақыға да қол жеткізе алмаған халық бұл қиыншылықты еңсере алды. Балабақша, мектеп, аурухана ұжымдарынан бастап, барлық салалар, мекемелер, ұйымдар болып, үлкен-кіші демей, азық-түлік өндіруге, тұтыну өнімдерін табуға, оны ұқсатуға халықтың өзі де шықты. Ең бастысы, Сыр елінде осындай қиын заманда халықты бастай алған, жолдың оң-солын көрсеткен, ел-жұртты ұйымдастыра білген білікті басшы болды.
Сол жылдары ешқандай несиесіз, халықтың күшімен, белсенділігімен, қолдауымен облыста тұтыну тауарларын шығаратын 3,5 мың цех ашылыпты. Жаппай жұмыла еңбек етіп, картопты да, көкөністі де үйіп тастады. Сүт өндіру мәселесін шешу үшін Белоруссиядан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан және Қазақстанның басқа облыстарынан 20 мыңнан астам қашарлар әкелінді. Сол қиын жылдары облыста бидай да егілді. Облыстағы бидай өнімінің көлемі жан басына шаққанда, 100 килодан келіп, мал мен құстың жем мәселесі де шешілді.
Сол жылдардағы қиыншылықта Сыр өңірінің халқы жоқтан бар жасай алатын іскерлігін, тапқырлығын, сонымен бірге, төзімділігі мен парасаттылығын да көрсете білді. Осылайша, өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан аман-есен өтіп, бүгінгідей даму сатысына жетті.
Сол жылдардың өзінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД аумағында баламасы жоқ облыстық медициналық және диагностикалық орталық салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Рас, облыстық медициналық орталық бірнеше жылға кешіктіріліп іске қосылды. Бірақ бұл құрылыс жобасы сол кездегі қиыншылық жылдары қолға алынған болатын.
Сейілбек ағамыздың «мұнайлы өлкеде мұң болмауы керек» деген аталы сөздің дәлдігін қазір бүкіл облыс тұрғындары көруде. Қала тұрғындары үйлерінің басым көпшілігі газдандырылды, ілеспе газды өндіретін зауыттар мен қондырғылар іске қосылды. Облыстағы мұнай компаниялары облыс халқына әлеуметтік қолдаулар көрсетуде, көптеген әлеуметтік жобаларға демеуші болды. Облыстың өркендеп дамуына да мұнайдың қосып жатқан үлесі өте зор. Мұның бәрі сол жылдардағы экономикалық-әлеуметтік қадамдардан бастау алған. Мұны мойындауымыз керек. Бәрі алғашқыдан, алғашқы қадамнан басталған. Оны ұмытуға болмайды. Ұмытуға тиісті емеспіз. Барлық істің қиындығы алғашқы қадамнан, алғашқы шешімнен басталады. Бұл тарих, тарихқа енген мәңгі оқиғалар. Істеген ісімен тұлға да тарихта қалады. Сейілбек ағамыз да осындай ісімен тарихтан орын алатын тұлға. Аты тарихта қалды деген осы болар!
Сейілбек ағамыздың тағы бір танымалдылығы оның қаламгерлігінен көрінеді. Оның публицистикалық мақалалары мен эсселерін аймақ тарихының, өңірімізге және республикаға танымал болған тұлғалар тарихының бір бөлігі десе де болады. «Кітап оқу ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деп айтатындай, ағамыздың мақалаларын, жарық көрген кітаптарын оқығанда, осындай күйде болатынымыз рас. Өйткені, Сәкеңнің кітаптары, оның кейіпкерлері, олардың болмыс-бітімдері мен автордың өз толғаулары, ойлары, ұсыныстары мен батагөй сөздері елдің тыныс-тіршілігімен, қоғамдық-саяси ахуалымен, әлеуметтік жағдаймен, адамгершілік қасиеттермен астасып жатады. Ең бастысы, оның әдеби еңбектерінің тәлім-тәрбиеге, тәртіпке, имандылыққа, адами қасиеттерге берері көп. Ағамыздың кітаптарын, мақалаларын оқи отырып, бұл дүниеден өткен де, арамызда жүрген де адамдардың дауыстарын анық естігендей, олар арамызда жүргендей, олармен көзбе-көз сырласқандай, тәлім-тәрбиесін өз ауыздарынан естігендей боламыз. Кітаптың құндылығы мен маңыздылығы да осында шығар, бәлкім?!
Сәкеңнің қаламгерлік шеберлігін басқалар да мойындайды. Әр жазушының, қаламгердің өзіндік қолтаңбасы болады. Сәкеңнің осындай өзіндік қолтаңбасы бар. Ол төгілдіріп жазады. Шерткен күйдің екпіні мен еңіске қарай жүйткіген арнаның ағысындай әсер қалдырады. Оның көптеген мақалаларын, тіпті ғылыми еңбекке, оның ішінде шынайы, толғамды, ойлы, бүгінгі күнмен астасқан, мәнді де маңызды еңбекке де жатқызуға болады. Олардың қатарында Мұхтар Әуезов пен Қалтай Мұхамеджанов туралы жазған «Пайғамбардың ұрпағы», «Қалтайдың тек аталары сияқты» мақалаларын, сондай-ақ «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл жердің?», «Бір тамшы су – өмір» және т.б. мақалалары бар.
Сейілбек ағамыз зейнет жасына шықса да қарап отыра алмады. Өзінің күш-жігерін, ақыл-парасатын қоғамдық іске арнағысы келді. Осыған орай облыстық ардагерлер кеңесі құрылып, оның төрағалығына Сейілбек ағамыз сайланды. Осылайша, ісімен де, қызметімен де, кісілігі мен ел ағалығымен де өңірдің №1 ақсақалы атанды. Облыс жұртшылығы оған осындай мәртебелі атақ берді. Облыста үкіметтік емес ұйымдар саны қаншалықты көп болғанымен, ең алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің аты дараланып көрінеді. Өйткені, бұл ұйымның атқарып жатқан жұмысы өте орасан. Ол туралы жұртшылық та жақсы біледі. Сондықтан да бұл жұмыстарды тізбелемей-ақ қоюға болады.
Әркім өзі туралы жаза алмайды. Бірақ қайсыбір қаламгер болмасын, жақсы істерді өз бойынан табылғандықтан да жазады, өйткені, жақсы да тәлімді сөздер сондай жандардан, оның жүрегінен, сезімінен шығады. Сондықтан басқалар оның адамгершілік және басқа да қасиеттерін ол жазған мақалалардан, кітаптардан іздеп табады, әдейі іздемесе де, соған кезігеді. Біз де Сейілбек ағамыздың қасиеттерін басқалар туралы жазғандарынан кезіктірдік. Мысалы, Сәкеңнің «Кім ақылды болса, сол бақытты» деген мақаласындағы «... болмысындағы табиғи, туа бітті саясаткерлігі, іскерлігі, тәлімгерлігі, мәмілегерлігі, білімгерлігі даланың даналық философиясынан, дипломатиясынан, қанына сіңген қазақи қасиеттерден орын алады» деген мадақтауларды ағамыздың өз бойынан да табамыз.
Сейілбек ағамыздың осындай әрқилы қасиеттері мен болмысын, еңбегін және басқаларын жаза беруге мақала көлемі көтермейді. Сондықтан да мақаланы Сәкеңнің өз сөзімен аяқтағым келеді. «Өмірде жолым болды... Бірде-бір қызметті сұрап, армандап алмадым, барлық қызметті абыроймен атқардым, бірде-бір рет сүрінбедім, жығылмадым. Өсу жолында қызметтің ең төменінен бастап, ең жоғарысына дейін бірде-бір баспалдақтан аттамадым, бәрі де ретімен, жөнімен болды. Мен директорлықтан бастап әрбір қызметіме риза болдым, шүкіршілік еттім, қанағат қылдым, басқа қызметті ойламадым да, армандамадым да. Мен шүкіршілік, қанағат қылған сайын қызметім өсе берді, өсе берді. Әрдайым жолым болды. Менімен бірге мектеп бітірген 90 баланың, институтты бітірген 150 жігіттердің ішінде тәңірім осыншама бақытты тек маған ғана бұйыртты. Әділеттілік үшін айтуым керек, олардың ішінде менен ақылды, менен білімді жігіттер де аз емес еді. Сол үшін де мен күніне мың да бір шүкіршілік қыламын. Сондықтан мен тағдырыма да, тәңіріме де, халыққа да, тарихқа да, уақытқа да ризамын.
Мен – бақытты адаммын.
Ал, мынау қызығы мен қиындығы, ғибраты мен ұлағаты мол ғұмырымнан не түйдім? Иә, Алланың бергеніне қанағат етіп, тойсаң тоба қыл дегендей, бақытыңды бағалай білу керек екен. Бұл әлемде бәрінің де сұрауы бар...»
Иә, біздің Сейілбек ағамыз өз ақылымен бақытты болып отырған адам!
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
АСТАНА.