Қазақ даласына кім келіп, кім кетсе де, олардың қоржындары рухани олжаға толып қайтқанын тарихи деректер дәлелдеп береді. Өткен ғасырға есесі көп кеткен халық екеу болса, бірі – қазақ, біреу болса, тағы да қазақ. Уақыт керуені алға жылжыған сайын кешегі көп қателіктің жауабы анықтала түседі.
Солақай саясаттың сұр бұлты қазақ аспанына бір емес, бірнеше рет көлеңкесін түсірді. Қуғын-сүргін, қолдан жасалған аштық, зиялыларды тұншықтыру, байлардың малын кәмпескелеу сынды сұрқиялықтардың ел жүрегіне, халық үмітіне салған жарасы мәңгі жазылмақ емес. Жазылмайды да.
Табиғаттың кең құшағында қойын құрттап, айранын ұрттап бейғам өмір сүрген қазақ үшін тынысты дала, өріс толы мал, тұнық ауа тіршілік көзі болды. Кейде ел арасына жау тисе, қолына сойыл алып, бел асыра қуып, намыстың ұлы болғандар да осы халықтың ішінен шықты. Әне, сол кездерде біздің даламызға алыстағы Америкадан, іргедегі Ресейден, өркениетке қолы ерте жеткен Еуропадан сансыз саяхатшылар келіп, қазақ өмірін, ұлы дала төсін қызықтап, көрген білгенін естелікке алып, қайтып жатты. Олардың кейбірі арнайы тапсырмамен келгенін де жасырмай айтқымыз келеді.
Сөз еткелі отырған тақырып та кешегі өмірімізге, оны өз көзімен көріп, аппарат көзіне түсірген шетелдік этнографқа қатысты болмақ.
Дарынды этнограф, саяхатшы, Орталық Азия тарихы мен мәдениетін зерттеуші Самуил Дудин (1863-1929) алғашқы экспедициясын 1891 жылы бастайды. Кезіндегі Орхон экспедициясының қатысушысы болған жас этнографқа жол сілтеген ғалым Василий Радлов еді. Ол бастаған Моңғол көне жәдігерлерін зерттеу жұмыстары табысты нәтижеге қол жеткізген. Дудин үшін өмір экспедициядан тұратындай. Ол жауапкершілігі мол жұмыстың бірін аяқтаса, келесі бірі оны күтіп тұратын. 1893-1894 жылдары Дудин Василий Бартольдпен бірге Жетісу өңіріне, Тарбағатайға, Шығыс Түркістанға ат басын бұрады. Бұл экспедицияда Дудин суретке және фоторафиялық бейнелеу жұмысына жауапты болды.
Арада бес жыл өткен соң, яғни 1899 жылы Дудин Ақмола, Семей және Жетісу облыстарында тұратын қазақтардың арасына барады. Ол осы сапарында қазақ халқының тұрмысына, қоғамдық өміріне қатысты сирек кездесетін фотосуреттер түсірген. Сонымен қатар ол сол кездегі ұлы даладағы тіршілікті аппарат көзіне түсіріп қана қоймай, кей суреттерді өз қолымен салған. Сондай-ақ «Қазақ өмірінен алынған мәліметтер» атты еңбекке сүйене отырып, ол Орталық Азияның сәндік-қолданбалы өнеріне арналған бірнеше басылымдық туындылар дайындады. «Қырғыз ою-өрнегі», «Қырғыздардың ағаш оюы» және «Орталық Азия кілемдері» сияқты еңбектер оның өз көзқарасы бойынша жазылып, басылымдарға жарияланды.
Бір маңыздысы, Дудиннің түсірген фотосуреттері мен Түркістан генерал-губернаторы Петр Михайлович фон Кауфманның бұйрығымен жасалған бұрынғы «Түркістан альбомына» шыққан фотосуреттер жинағы арасында көптеген алшақтық бар. Қазақ даласына жасалған экспедицияны Ұлы Петр антропология және этнография мұражайы ұйымдастырған, сол үшін де Дудиннің түсірген фотосуреттері «Түркістан альбомындағы» саясиландырылған фотосуреттерге мүлде ұқсамайды, тіпті оның еңбектері шынайы этнографиялық құндылық береді. Шындығында, Дудиннің түсірген суреттері сол кездегі Семей өңірін мекендеген қазақтардың өмірінің бір сәті ретінде тарих бетінде қалды. Сонымен бірге бұл еңбек ХІХ ғасырдың соңындағы қазақтардың киім-кешектерін, күнделікті кәсібін, сәндік-қолданбалы өнерінің қалай болғанын бізге жеткізеді.
Самуил Дудиннің фотосуреттерінен біз өткен ғасырдағы қазақ халқының ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған көптеген күнделікті киімдерінің ескі үлгілерін көре аламыз. Байыптап қарасақ, көне жәдігер саналатын ерлердің киім үлгісі ретінде қазақы тұмақ пен кісе, яғни былғары белдік аппарат көзіне түскен. Суретте тұрған екі ер кісінің басындағы қазақы тұмақ киізден, түлкі терісінен жасалғанын көруге болады. Бұл бас киімді ХХ ғасырда, әсіресе малшылар қыста кигені мәлім. Қысқы киімдер қатарында қалың тон, қой терісінен тігілген шекпен, тоқыма матадан жасалған қыстық киім бірге берілген. Ал ерлердің сәнін келтіретін былғары кісе ғалым Шоқан Уәлиханов атап өткендей, ХІХ ғасырдың аяғында ерекше сәндік сипатқа ие болған ұлттық киімнің бір белгісі. Әне сол кездерде кісемен қатар мақта белбеу де сәндік бұйым ретінде қолданылды.
Дудин қазақтар мен қырғыздар арасында кең тараған қалпақты да аппарат көзінен таса қалдырмаған. Қалпақ жіңішке киізден тігілген және оның түсі иесінің кескін-келбетін шамалауға мүмкіндік береді. Анығырақ айтсақ, байлар ақ түсті, ал кедейлер қара, сұр және қоңыр түсті қалпақтар киетінін де деректер дәлелдейді. Ал ел басқарған би-төрелер жібек немесе алтын жіппен өрнектелген барқыт қалпақ кигені шындық. Бұл жәдігерлер бізге халқымыздың ежелден бай да бақуатты тұрмыс кешкенін, өз стилі бар киім-кешек мәдениеті бар екенін айғақтайды.
Ал тағы бір сирек кездесетін фотосуретте Дудин қазақ қыздарының ұлттық киімін өз ерекшелігімен берген. Ұяң да нәзік екі қазақ қызы аппарат алдында басын төмен қаратып тұр. Үстеріндегі жарасымды көйлектері мен ұлттық ерекшелікке ие бас киімдері қазақ қыздарының өзгеше ибасын, әдемілігін сипаттап тұрғандай. Дудиннің аталған экспедициясы туралы қалам тербеген Ресей ғылым академиясы Шығыстану институтының қызметкері Снежана Атанова бұл фотосурет туралы: «ХІХ ғасырда өте сәнді болған руфельдер қыздар мен жас әйелдердің көйлектерін безендіру үшін пайдаланылды. Ол кезде қазақ қыздарының бас киімдері (бөріктері) жүннен тоқылатын», деп сипаттама береді. Айтса айтқандай, сұлу көріктеріне әдемілік сыйлаған бас киімдер қазақ даласының қыздарын өзгеше әспеттегені байқалады.
Келесі суретте сол тұста Ресейден жеткізілген гүлді матадан тігілген көйлек киген қыздар бейнеленген. Дудин бұл туындысына «Қазақ әйелдері, Семей өңірі, Саумалкөл, 1899 жыл» деген түсініктеме беріпті. Суретке түскен егде әйел үстіне камзол киіп, ақ түсті кимешек байлаған. Жасы 40-тан асқан, қатарда тұрған әйел де дәл сондай қарапайым кестелі кимешек киген. Жас қыздар түрлі түсті адрас матасы бар шапан жамылған.
Бұл кезеңде өңірге бастапқыда жергілікті матадан қымбат тұратын ресейлік мақта маталары ене бастады. Нәтижесінде, сол кездегі қазақ даласындағы тұрмыстық киімдер жергілікті ортаазиялық және ресейлік маталардан, сонымен қатар аймаққа әкелінген ағылшын, үнді және ирандық тоқыма бұйымдарынан тігілетін еді. Дудин түсірген тағы бір фотода Саумалкөл ауылындағы қазақ байының әйелі және баласы қоса берілген. Киізүйдің ішкі көріністері, қаз-қатар жиналған көрпе-жастық, оюлы сырмақтар да көзге оттай басылады. Кешегі қазақ тұрмысында кем болса болмайтын бұл заттардың қадірі мен қасиеті қазір азайып бара жатқанын ашық айтқан да дұрыс шығар.
«Киізүйдің ішінде және сыртында» деген тақырыппен берілген топтамада жеті қазақ қызының ат үстінде тұрған бейнесі тұр. Шамасы ауыл қыздары суретке түсіремін дегенде, аздап қысылғаны олардың жүздерінен, кейіптері мен ат үстінде отырыстарынан айқын білінеді.
Осы суретті сипаттаған ағылшын тіліндегі материалда «Қазақтардың икемділігі олардың мәдениеті мен қолөнеріне өзгеше әсер етті» делінген. Ал біз Дудиннің «Ауылдағы қыздар тобы» атты фотосуреті екі ғасыр бұрынғы қазақ көшпенділерінің өмірге деген құштарлығын айқын көрсетіп, олардың күнделікті өмірін ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны да түсінуге мүмкіндік беретіні сөзсіз екенін сезінеміз. Кең дала, көркем табиғат, көңілдері адал ауыл қыздары өздері мінген аттың үстінде қандай қиялға ерік беріп тұрғанын кім білсін!? Бірақ олардың жүзінде адалдықтың, ізгілік пен өмірге деген шексіз махаббаттың лебі еседі.
Сайын сахарада емін-еркін өмір сүрген қазақтардың жаз жайлауға көшіп, киізүй тігіп, сонда мал өсіруі, табиғаттан тыныс алып, жаз қызығын көруі Дудин сияқты зиялы ғалымды қызықтырса керек. Оның келесі суреті жайлауда киізүйін жығып жатқан қазақ малшысына арналады. Снежана Атанова жариялаған ағылшын тіліндегі мақалада ол бұл туралы: «Көшпенділердің жайлы үйі болған киізүйдің диаметрі 4 метр, биіктігі 3-4 метр конустық шатырлы құрылыс. Киізүйге қалыңдығы 2 см келетін ақ киіз төселеді; босаға тұста киіздің бір бөлігі жіппен маталады, бұл осы үйдің есігі», деген түсінігін жазады.
Этнограф болғаны үшін бе, әлде бұрын көрмегендіктен таңырқағаны ма, әйтеуір Дудин қазақтың киізүйіне жіті назар аударыпты. Оның өз сәулеті бар екенін мойындап та үлгеріпті. Сол үшін де ол киізүйдің құрылғыларын біріктіру, құрастыру, киіз жабу, ішкі безендіру сияқты өзіндік жұмыстарын бақылап тұрғанын жасырмайды. Ол сондай-ақ «жылжымалы тұрғын үйдің» кейбір элементтерін, атап айтқанда, шаңырақ, кереге және түндіктердің қалыбын бірнеше рет суретке түсіріп, киізүй бөліктерінің қалай сатып алынғанын зерттейді. Бір ғажабы, ол түсірген бір суретте атақты Қоянды-Ботов жәрмеңкесінде шаңырақ сатып алу сәті көрсетілген. Суретте төрт қазақ шаңырақ саудасын жасап тұрғанын көре аламыз. Жерге шалқасынан, екпетінен қойылған шаңырақтар, ар жағында қаз-қатар тізілген ақ шаңқан боз үйлер, шауып келе жатқан аттылы адамдар көзге шалынады. Аталған жәрмеңке жыл сайын бір ай бойы, яғни 25 мамырдан 25 маусымға дейін, 1848-1930 жылдар аралығында Талды өзенінің аңғарында өтетінін де деректерден тауып оқыдық. Жыл сайынғы жәрмеңкені халықаралық деп сипаттауға болады: бұл жәрмеңкеге қатысу үшін Қазақстаннан, Сібірден, Оралдан, Орталық Азиядан және Қытайдан көптеген саудагер мен аларман ат сабылтып баратын болған.
Дудиннің фото туындылары кешегі қазақ тұрмысының құндылықтарын, өмір салтын, дала сырын, табиғат тынысын, тіпті бәрін еске түсіреді.
Көзге оттай басылатын тағы бір суретте ауыл әйелдерінің киізүй тіккенде оның ағаш жақтауын киізбен жауып тұрған сәті бейнеленген. 1899 жылы түсірілген бұл фотосурет Ащысу өзенінің жағасы деп берілген. Хакім Абай айтқан «Сұр бұлыт, түсі суық» күзден сақтанған ауыл адамдары тұрғылықты үйінің сыртын қалың киізбен орап, суықтан қорғанғаны шындық. Сурет те соны өз күйінде сипаттап тұр.
Біздің кейіпкеріміз Дудин тек фотограф қана емес, сонымен қатар ол қазақтардың сәндік-қолданбалы өнерін таныстыратын заттарды жинап, зерттеген ғалым. Әне сол кездерде ол алғашқылардың бірі болып «Еуропалық мәдениеттің» әсерінен бірте-бірте құлдырауға бет алған дала көшпелілерінің өздеріне ғана тиесілі стилі бар сәндік өнерін сақтау қажеттігін айтқан зиялының бірі болды. Орталық Азия халықтарының қолөнер шеберлігін жан-жақты сипаттады. Сол үшін де ол Орталық Азия халықтарының қолөнер шеберлігі жөнінде былай деп толғанады:
«Алуан түрлі түстерге деген сүйіспеншілік пен өзгеше талғампаздық, тұрмыстық бұйымдарды әшекейлеудегі өзгеше стиль Орталық Азия халықтарына ғана тән. Бұдан бұрын бұл үрдіс қазіргіден де керемет болғаны шындық. Сол үшін мұны өнер тұрғысынан осы аймақта жасалған және әлі де жасалып жатқан барлық заттың үлгілерін жинау өте маңызды, өйткені осы уақытқа дейін жинақталған материалдар әлі де жеткіліксіз. Әсіресе қазір де тұрмыстық заттарды әшекейлеп, оны басқа этностардың қолөнершілерінің көмегіне жүгінбей, өз бетімен жасауға деген құлшынысын сақтап келген осы этностардың қолданыстағы заттары өте маңызды», деп жазады.
1893-1914 жылдар аралығында Орталық Азияда болған сапарында ол көптеген қолөнершілермен кездесуге мүмкіндік табады. Олар Қырғыз Республикасында (1914 жылғы Дала генерал-губернаторлығына қарасты аймақ) және Жетісу өлкесі, Сырдария, Самарқанд, Ферғана облыстарында екенін ашып айтады. Осы сапар барысында Дудин өзінің уақыты текке өтпегеніне көз жеткізеді. Тіпті ол қазақтардың көшпелі өмір салтын қаз-қалпында сақтағаны; Көрші ұлттар мәдениетінің барлық әсеріне қарамастан, олардың өмір салтында ештеңе өзгермегеніне сенімді болады.
Келесі кезекте оның мұрағатынан оюлы сырмақ және текеметтердің, аяқ қап және басқа да киіз бен тері бұйымдарының фотосуреттері көрініс алады. Фотограф бұларды жоғарыда айтқан өз көзқарасын дәлелдеу үшін арнайы түсірген де болу керек. Ол үшін далалық мәдениеттің өзгешелігі мен ұлттық стильдегі келбеті оның сапарына шабыт сыйлаған сияқты. Қазақ өркениетінің қай тұсын алып қарасақ та, мақтаныш пен махаббатқа лайықты құндылықтарды тауып аларымыз хақ. Далаға сән берген, иесіне жылу сыйлаған киіз үйлердің қошқар мүйіз ою-өрнектермен әдіптелуі де Дудинді бейжай қалдырмайды. «Мынау неткен ғажап көрініс» деп еріксіз аппаратын соған қарай туралай берген.
Ашық материалдан Дудин түсірген киіз үйдің есігі бейнеленген суретті көрген Снежана Атанова: «Түрлі-түсті киіз өнімдері «Өмір ағашын» еске түсіреді, тіпті қолданылған ою-өрнектің ұқсастығын да атап өту маңызды. Қошқар мүйіздің көрінісін құрайтын бұл туындының төменгі бөлігі ата-бабалардың шежіресі, ал жоғарғы бөлігі үлкен қазақ отбасының болашақ ұрпақтары сияқты. Дәл осындай көрініс сәукеле деп аталатын бас киімнің күміс әшекейлері мен қалыңдықтың той киіміндегі жібек кестеден де кездеседі» деп суреттейді.
Қазақтың ою-өрнегі туралы жазбасында Дудин киіз басу өнерінен кейін пайда болған кесте туралы өз ойларын ортаға салады. Тіпті ол қазақ қолөнерінің өзегі болып табылатын барабан, қарапайым үлгі және көлденең тігіс деп аталатын үш негізгі кесте тігісін атап көрсетеді.
Зерттеуші ғалым атап өткендей, қазақ кестелерінде өсімдіктердің бейнесін көрсететін оюлар басым. Бұны дәлелдеу үшін Дудин «кестелі шалбар» деп аталатын фотосуретін алға тартады. Ескі қазақ даласында мұндай шалбарды тек ауқатты қазақтар ғана киетін. Қабырғаға ілініп тұрған қара барқыт шалбардың сапасы мен тігілу жағдайы тым керемет екенін бірден білуге болады. Оюлары орнында, түсі өзгермеген ұлттық киім сол ғасырдың сәнін айқындап тұр.
Біздің жазбамызға себепкер болған ғалым әрі фотосуретші Самуил Дудиннің фотосуреттерінде бейнеленген қазақ халқының орасан зор мәдени мұрасы туралы түсініктер бір мақаланың көлеміне сияр емес. Ал қазақты білгісі келген, кешегі тарихынан хабардар болғысы келетін кез келген адамға Самуил Дудиннің фото коллекциясы жол сілтей алады. Сан ғасыр бұрын пайда болып, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан мәдени құндылықтарымыз туралы шетелдік зиялы қауым өкілдері өз көзқарастарын айтып, өлмейтін мұраларға деген қызығушылығын білдірсе бұл біз үшін үлкен қуаныш болмақ. Мәдениеттің бір аты – көрсету. Өз құндылықтарымызды өзгелерге көрсетуге құлшынатын кез келді.