• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Қыркүйек, 2022

Өңдеу өнеркәсібінің өрісі кеңейеді

222 рет
көрсетілді

Абай облысында өңдеу өнеркәсібі бағытында 30 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы өңірде 7 мыңдай жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Абай облысы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов айтты.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында экономиканы дамытудың жаңа кезеңіне ерекше назар аударғаны мәлім. Осы ретте Үкімет шағын және орта бизнестің үлесін арт­тыруға басымдық беруді көздеп отыр. 

Облыс әкімінің орынбасары қазір отандық өндірушілерге шектеу қоймайтын кедергісіз орта құру қажет деп санайды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бұл бағыттағы жұ­мы­сын атап өткен орынды. Мәсе­лен, қордың сатып алу көлемі 4,2 трлн теңгеден асып, бұл шағын және орта бизнесті дамы­ту, жергілікті қам­ту үлесін арттыру және басқа да мүм­кін­діктерді кеңейтуге жол ашады.

Қазір Абай облысында өңдеу өндірісіне байланысты 30 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соған сәйкес 7 мың жұмыс орны ашылады. Оның ішінде биыл 3 жоба қолға алынады. Нәтижесінде, 785 адам жұмыспен қамтылады», деді А.Кәрімов.

Қазір отандық бизнесті дамы­туға арналған мемлекеттік қол­дау­дың көптеген тетігі бар. Мысалы, Үкіметтің бас­тама­сымен қолға алынған ішкі құн­дылықты дамытуға бағытталған бағдар­лама аясында импортты отан­дық өнімдермен алмасты­рып, Қазақстанның тауар өндіруші­леріне қаржылық қолдау көрсету көзделіп отыр.

«Отандық кәсіпкерлер мен та­уар өндірушілерді қолдау – қор­дың негізгі міндеті. Қазақстандық бизнесті тапсырыстар және басқа да қолдау тетіктерімен қамтама­сыз ету мақсатында осы жылы «Атамекен» палатасымен бірлесіп, қордың сатып алу жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілді. Отандық та­уар өндірушілерді қолдаудың 10 шарасы айқындалды. Оның ішінде қамтамасыз етуді жою, төлем мерзімдерін азайту, құжаттардың қысқартылған тізбесі және басқа да артықшылықтар қамтылған», деді «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары Дархан Рамазанов.

Бұл орайда Абай облысының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС арасында үш жақты келі­сімге қол қойылғанын айта кет­кен орынды. Сондай-ақ бірқатар офтейк-келісім жасалды.

 

Абай облысы